09 Ақпан, 2017

Мақсатқа жету жолы – аянбай еңбек ету

734 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Барша қазақстандық асыға күтетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған әрбір Жолдауы, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыда аса терең мәні мен мазмұны бар тарихи құжат. Өйткені, онда бағындырған белестер зерделеніп, алынар асулар сараланады. Президент Жолдауы – әр жылдың ең басты сая­си құжаты. Өз жылнамасын, сонау 1997 жылдан бас­таған Жолдаулар ішкі қисыны тұрғысынан да, мәні мен мазмұны жағынан да бірімен-бір үндес әрі сабақтас. Ең алғашқы «Қазақ­стан-2030» деген атаумен қа­был­данған стра­тегиялық бағ­­дар­ла­маның мер­зімі­нен бұрын орындалып, сүйікті Отанымыздың мейлінше дамыған 50 елдің құрамы­на кіруіне байланыс­ты жаңа стра­теги­ялық бағдарлама қабылдау қажеттілігі туындаған еді. Осыған орай, «Қазақстан-2050» атты жаңа бағдарлама өмірге келді. Бағдарлама межесі – 2050 жылға қарай, дамыған 30 елдің қатарынан көріну. Айтуға оңай болғанмен, бұл деген аса ауқымды, өте күрделі міндет екендігі бесенеден белгілі. Міне, осы күрмеуі қиын, бірақ мейлінше өзекті, әрі көкей­кесті міндетті шешу тетік­терін, Елбасы өзінің соңғы Жол­дау­ларында айқындап беріп келеді. «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­­леттілік» атты биыл­ғы Жолдауында Елбасы әлемдік дағ­дарыс­тан туын­даған еліміздегі эконо­микалық және қар­жы­лық дағдарысқа қарсы бағыт­талған, Отаны­мыз­дың кемелді келешегін қам­тамасыз ететін мін­дет­терді айшықтап берді. Бұл міндеттердің түпкі мақсаты – 100 нақты қадам­нан тұратын Ұлт жоспарын жүзеге асырып, асқақ мақсатымыз әлемдегі барынша дамыған 30 елдің ортасынан ойып тұрып орын алу. Мәңгілік Ел идеясының салтанат құруын қамтамасыз ету. Осынау айрықша мәні бар стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін терең білімді әрі жоғары білікті кадрлардың қажет­тілігі айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты мен, ұстаздар қауымының өкілі ретінде 5 негізгі басымдықтан тұратын Жолдаудың «Адами капитал сапасын жақсарту» деп аталатын 4-ші басымдығына ерекше тоқтал­ғым келіп тұр. Өйткені, инновация­лық экономика мен шикізаттық емес секторды құрудың негізгі тетігі – жоғары білікті кадр­лар. Сондықтан да Елбасы білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге арналған бұған дейінгі бағдарламалардың орындалу керектігін еске сала отырып, ойын «білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиіс» деп түйіндейді. Үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу керектігін айта келіп, қазақ тілінің басымдығы сақталатынын, оның одан әрі өркендей дамуына зор көңіл бөлетінін атап өтеді. Сөздің реті келгенде айта кетейік, үш тілде оқытуға көшу туралы мәселе қоғамда біршама пікірталас туғыз­ғаны анық. Қолдаушылар да, сынаушылар да баршылық. Мәселеге сыни тұрғыда қарайтындарға айтарымыз, сынның барынша әділетті болғаны дұрыс, сонда ғана оның тәрбиелік мәні болады. Атам қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған. Ал әділетсіз сын «жаптым жала, жақтым күйенің» кері болып шығады. Сонымен, Жолдау жариялан­ды. Алдымыздағы бағындырар биік­тер мен алынар асулар айшық­тал­ды. Ендігі жердегі баршамыз­дың міндетіміз – осынау асқақ мұрат-мақсаттарды жүзеге асыру үшін аянбай еңбек ету. Саттар ҚУАШБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор