Барша қазақстандық асыға күтетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған әрбір Жолдауы, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыда аса терең мәні мен мазмұны бар тарихи құжат. Өйткені, онда бағындырған белестер зерделеніп, алынар асулар сараланады.
Президент Жолдауы – әр жылдың ең басты саяси құжаты. Өз жылнамасын, сонау 1997 жылдан бастаған Жолдаулар ішкі қисыны тұрғысынан да, мәні мен мазмұны жағынан да бірімен-бір үндес әрі сабақтас.
Ең алғашқы «Қазақстан-2030» деген атаумен қабылданған стратегиялық бағдарламаның мерзімінен бұрын орындалып, сүйікті Отанымыздың мейлінше дамыған 50 елдің құрамына кіруіне байланысты жаңа стратегиялық бағдарлама қабылдау қажеттілігі туындаған еді. Осыған орай, «Қазақстан-2050» атты жаңа бағдарлама өмірге келді. Бағдарлама межесі – 2050 жылға қарай, дамыған 30 елдің қатарынан көріну. Айтуға оңай болғанмен, бұл деген аса ауқымды, өте күрделі міндет екендігі бесенеден белгілі. Міне, осы күрмеуі қиын, бірақ мейлінше өзекті, әрі көкейкесті міндетті шешу тетіктерін, Елбасы өзінің соңғы Жолдауларында айқындап беріп келеді.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Елбасы әлемдік дағдарыстан туындаған еліміздегі экономикалық және қаржылық дағдарысқа қарсы бағытталған, Отанымыздың кемелді келешегін қамтамасыз ететін міндеттерді айшықтап берді. Бұл міндеттердің түпкі мақсаты – 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарын жүзеге асырып, асқақ мақсатымыз әлемдегі барынша дамыған 30 елдің ортасынан ойып тұрып орын алу. Мәңгілік Ел идеясының салтанат құруын қамтамасыз ету. Осынау айрықша мәні бар стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін терең білімді әрі жоғары білікті кадрлардың қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
Осыған байланысты мен, ұстаздар қауымының өкілі ретінде 5 негізгі басымдықтан тұратын Жолдаудың «Адами капитал сапасын жақсарту» деп аталатын 4-ші басымдығына ерекше тоқталғым келіп тұр. Өйткені, инновациялық экономика мен шикізаттық емес секторды құрудың негізгі тетігі – жоғары білікті кадрлар. Сондықтан да Елбасы білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге арналған бұған дейінгі бағдарламалардың орындалу керектігін еске сала отырып, ойын «білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиіс» деп түйіндейді. Үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу керектігін айта келіп, қазақ тілінің басымдығы сақталатынын, оның одан әрі өркендей дамуына зор көңіл бөлетінін атап өтеді.
Сөздің реті келгенде айта кетейік, үш тілде оқытуға көшу туралы мәселе қоғамда біршама пікірталас туғызғаны анық. Қолдаушылар да, сынаушылар да баршылық. Мәселеге сыни тұрғыда қарайтындарға айтарымыз, сынның барынша әділетті болғаны дұрыс, сонда ғана оның тәрбиелік мәні болады. Атам қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған. Ал әділетсіз сын «жаптым жала, жақтым күйенің» кері болып шығады.
Сонымен, Жолдау жарияланды. Алдымыздағы бағындырар биіктер мен алынар асулар айшықталды. Ендігі жердегі баршамыздың міндетіміз – осынау асқақ мұрат-мақсаттарды жүзеге асыру үшін аянбай еңбек ету.
Саттар ҚУАШБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор