09 Ақпан, 2017

Басымдықтар – әркез басты назарда

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжіліс депутаттары Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері және оқыту­шы­ларымен, сондай-ақ кездесуге арнайы шақырылған ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Кездесуге «Нұр Отан» партиясы фракция­сының мүшелері Бақытжан Ертаев, Бейбіт Мамраев, Бақытбек Смағұл, Шакир Хахазов қатыс­ты. Іс-шараға қатысушылар ішінде партия­ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыс әкімдігі мен мемлекеттік атқарушы органдардың өкілдері де болды. Жиында ауған соғысының ардагерлеріне сөз беріліп, халық қалаулыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары кездесу барысында университеттің материалдық-техникалық жабдықталуымен толық танысып, Елбасы саясатының жергілікті жерде іске асып жатқанының куәсі болды. Б.Мамраев республика деңгейінде іске асырылып жатқан білім беру саласындағы өзгерістер туралы қысқаша ақпараттар беріп, еңбек ұжымы мүшелерімен өзара пікір алмасты. Мәжіліс депутаттары Оқушылар сарайында, Жастар ресурстық орталығында болып, ондағы белсенді жастармен сұхбаттасты. Мәжілісмендер барған келесі нысан мүмкін­дігі шектеулі жандарға арналған арнайы «Асар» спорт­тық-оңалту орталығы болды. Аталған орта­лықтың негізгі мақсаты – омыртқасына зақым келген және қимыл-қозғалысы шектеулі мүгедек жандарды қайта қалпына келтіруге көмектесу. Депутаттарға спорт нысанының «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеткілікті көлемде грант беріліп, салынғаны жайында хабардар етілді. Мәжіліс депутаттары кездесулер барысында Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары туралы, сонымен қатар, партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы мен Елбасының 2017 жылы 31 қаңтардағы «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, Елбасының билік өкілеттіліктерін бөлу жайындағы Үндеуін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, республика деңгейінде іске асырылып жатқан индустриялық-инно­вация­лық жобалар туралы қысқаша ақпараттар беріп, еңбек ұжымы мүшелерімен өзара пікір алмасты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН