Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы «Хильниченко и К» шаруашылығында болып, аудандық медицина өкілдерімен және аудан халқымен кездесті. Басты тақырып Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі мен жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы болды.
Н.Нығматулин атап өткендей, бұл екі құжат, шын мәнінде, Қазақстанымыздың алдағы даму жолының стратегиялық жоспары. Ұсынылып отырған басқару реформасы Елбасының болашақты ойлайтын, дана саясатының тағы бір нақты көрсеткіші. Сонымен бірге, бұл – Президенттің демократиялық ұстанымды күшейту жолындағы тарихи шешімі.
Ал Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы – еліміздің тарихи белесін бастаған өте маңызды құжат. Мәжіліс Төрағасы: «Онда Елбасы Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын белгілеп берді. Әсіресе, ұлттық экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөлді. Бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етеді», – деді.
Одан әрі палата Спикері Жолдаудың әрбір басымдықтарына, болашақ мақсаттарға тоқталды. Оны жүзеге асыруға белсене қатысу әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті екенін тілге тиек етті.
Айта кетейік, аталған ауылдық округте 16 мыңдай халық тұрады. 3 мың бала қамтылған 7-білім мекемесі жұмыс істейді. Ауылда былтырдың өзінде 23,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірген 129 шаруа қожалығы тіркелген. Солардың бірі – «Хильниченко и К» серіктестігі. Ол – 567 шағын шаруашылықтың басын қосып отырған ірі қожалық. Иелігіндегі 39 мың гектар жердің 37 мыңын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланады. Қант қызылшасын өсіруге ерекше ден қойған шаруашылық биыл 333 гектар жерге аталған көкөніс түрін еккен.
Н.Нығматулин Жолдаудың аграрлық секторды қолдауға серпін беретін тұстарына ерекше назар аударды.
Ал ауыл халқымен жүздесуде Жолдаумен бірге, саяси жүйені реформалау мәселесіне де көңіл бөлген палата Спикері ең әуелі тиімді президенттік басқарудың арқасында 25 жыл ішінде жеткен толағай табыстарға тоқталды. Ол жүйе Қазақстанды барлық қиындықтардан аман алып шығып, әлем таныған әйгілі мемлекетке айналдырды. Ал жаңа реформа осы даму жолымыздың заңды жалғасы бола отырып, елді басқарудың жаңа талаптарға төтеп бере алатын, тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құруды қамтамасыз етпек.
Кездесу барысында ауыл халқын толғандырған әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Тұрғындар жергілікті өзін өзі басқару, субсидия бөлу, ауыл жолдарын жөндеу, денсаулық сақтау, білім беру мәселелері бойынша өзекті сұрақтарды алға тартты.
Әлеуметтік тақырып Мәжіліс Төрағасының аудандық емхана өкілдерімен кездесуінде де әңгіме өзегіне айналды. Тұрғындарға қолайлы болу үшін мұнда «Кезексіз емхана» бағдарламасы енгізілген. Мекемеде адам денсаулығына қатысты салалардың барлығы дерлік тиісті деңгейде қызмет етеді. Ақ халаттылар Елбасы белгілеген маңызды міндеттер емхана жұмысының сапасын арттыра түсуге ықпал жасайтынына сенім білдірді.
Өз кезегінде «Aluminium of Kazakhstan» жұмысшылары да Елбасының стратегиялық бастамаларын толықтай қолдайтындығын жеткізді. «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС – алюминий профильдерін өндіретін толық циклды жоғары технологиялық зауыт. Зауыт құю цехынан, 1540 және 2400 қысқа тоннаға арналған екі престен тұрады. Зауыттың жалпы ауданы шамамен 14 мың шаршы метрді құрайды. Технологиялық үдеріс бастапқы алюминийді өңдеу арқылы дайын өнімнің 280-нен астам түрін шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт жылына 12 мың тоннаға дейін өнім шығарады.
Алматы облысына сапары туралы Н.Нығматулин: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси реформаға арналған Үндеуі және биылғы тарихи Жолдауы Алматы облысында да үлкен қолдауға ие болды. Осы кездесулер біздің Президентіміздің жаңа даму бағыттары халқымызға ерекше серпін беретінін дәлелдейді. Осы қолдау, осы сенім алдағы биік мақсаттарға жетудің басты кепілі екені сөзсіз», – деді.
Мәжіліс Спикері атап өткендей, Елбасының барлық бастамалары қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, басқару тиімділігін арттыруға, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын сайлаушылар жете түсінеді, сондықтан да бүкілхалықтық қолдауға ие болуда.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары Жолдаудың мақсат-міндеттерін халыққа жеткізу, түсіндіру, насихаттау мақсатында аймақтарды аралап, тек облыс орталықтарын ғана емес, әрбір ауылды, шалғайдағы елді мекендерді де қамтуда.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы