09 Ақпан, 2017

Үшінші жаңғыру үшін күш жұмсайтын боламыз

177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Павлодар облысында болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге еңбек ұжымдарымен кездесті. Сапардың негізгі мақсаты – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру. Еркін экономикалық аймақ аума­ғындағы күйдірілген мұнай коксын өн­діру зауытының қызметкерлерімен кездесу кезінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда бастау алған Үшінші жаң­ғырудың негізгі бағыттарын белгіледі. Ол «Мемлекет басшысы тәуелсіздік жыл­дарында бизнестің дамуы үшін бар­лық қажетті мүмкіндіктерді туғызды, енді жаңа экономикалық нақтылық жағ­дайларында оның технологиялық жаң­ғыруын іске асыру керек» екендігін баса айтты. Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының өзінің халыққа Жолдауында отандық эко­номика өсуінің сапалы жаңа орындарын ашудағы кәсіпкерліктің ерекше рөлін атап көрсетіп, экономиканың қай салаларына үміт артатындығын түсіндірді. «Павлодардағы сияқты дәл осындай еркін экономикалық аймақтар біздің экономикамызға ғаламдық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге арналған өндірістің неғұрлым заманауи деңгейіне өту үшін ең қолайлы база болып табылады», – деп қорытындылады «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Кокс өндіру зауыты 2015 жылы ашылған болатын. Ол Павлодардың мұнай-химия кешенінің құрамына кіреді. Кәсіпорынға шамамен 23 миллиард теңге жұмсалды. Ол 300 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зауыт алдыңғы қатарлы экологиялық стандарттарға сәйкес салынды. Өндіріс барысында пайда болатын түтінді газдар құрылысшылар қажет ететін гипсті қоспаға арналған қалдықтар өндіре отырып, оны 95 па­йыздан артық тазалайды. Бұдан басқа, кәсіпорын жыл сайын аймаққа 95 мың мегаватт электр энергиясын береді. Мұхтар Құл-Мұхаммед барған тағы бір алдыңғы қатарлы компания – темір-бетон бұйымдары зауыты. Ол өткен ғасырдың 80-жылдарында салынған ескі цехтың базасында құрылған болатын. Өндіріс ұзақ уақыт жартылай жұмыс істеп тұрған күйде еді, алайда, 2013 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында зауыт толығымен жаңғыртылды, заманауи және бәсекеге қабілетті өнім – ғимараттар құрылысына арналған жиналмалы темір-бетон құрылымдары мен бұйымдарын шығару жолға қойылды. Оның өндірістік қуаты – жылына 80 мың шаршы метр тұрғын үй. Алайда, жұмыс көлемін ұлғайту үшін мүмкіндік бар. Кәсіпорындағылар Қазақстандағы Үшінші жаңғыру шеңберінде экономиканың нақты секторына жаңа инвестициялар келіп, отандық өндірушілердің көбеюі үшін мүмкіндіктер ашылады деп есептейді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары таяуда ғана Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен ел дамуының жаңа жоспарының қазақстандық зауыттарды көтеруге бағытталғанын түсіндірді. Бірақ, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап өткеніндей, сұранысқа ие, оның ішінде экспортқа да бағытталған өнім шығаратын өнді­ріс­тердің ғана келешегі зор. Үй құрылысы комбинатының арқасында Павлодардағы тұрғын үй құрылысы жаңа серпін алып, қалада ескі шағын аудандарды сүру жұмыстары бас­талды. Олар жұмысшылардың уақытша тұрағы ретінде сонау кеңес заманында салынған болатын. Өмір сүруге қолайсыз бұл үйлердің тозығы жеткеніне ондаған жылдар өтті. Қазір оларды бұзып, адамдар жаңа стандартпен салынған ыңғайлы жаңа тұрғын үй кешендеріне көшуде. Аймақта таяу жылдарда ескі үйлердің мәселесін толық шешу жоспарланып отыр. «Бұл – Президент іске қосқан елі­міздегі ауқымды жаңғырудың тағы да бір жағымды мысалы», – деп атап өтті Мұх­тар Құл-Мұхаммед. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен облыстың ғылыми зия­лы қауымы­мен және жастарымен кездесуі кезінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Жаңғыру 3.0»-дің бес негізгі бағыты туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед сапалы білім Президенттің халыққа Жолдауындағы қойылған стратегиялық мақсаттарын тиімді жүзеге асырудың кепілі болып табылатынын еске салды. Ол Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің дәл осы отандық жоғары оқу орындарын жаңғыртудан бастау алатынына сенім білдірді. Біздің республикамызда басталған ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына да зор сенім артылып отыр. Партиялықтармен кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед Пав­лодар өңірінің экономикалық қана емес, әлеуметтік көрсеткіші жағынан да көш бастап келе жатқан аймақтардың қа­тарына енетінін атап өтті. Дәлірек айтсақ, облыс балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жағынан республикамыз бойынша бірінші орында тұр. Өңірде бұл мәселе 100 пайызға шешілген. Сонымен бірге, «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары таяуда Мемлекет басшысы өт­кіз­ген Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да барлық өңірлердің алдында Үшін­ші жаңғырудың тиімді болуы сол мәселелердің шешілуіне байланыс­ты бірінші кезектегі міндеттердің тұтас топтамасының белгіленгенін жет­кізді. Мұхтар Құл-Мұхаммед пар­тияның облыстық филиалына Елбасы тап­сыр­масының басым бағыттарының орындалуын қатаң бақылауға алуды және оның мәнісін әр павлодарлыққа жеткізуді тапсырды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР