09 Ақпан, 2017

Қазақстан бастамалары – әлем үшін маңызды

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мен бүгін Қазақ­станның БҰҰ Қа­уіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүше­лі­гіндегі қызметі мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жуыр­да жариялаған Қазақ­станның саяси жүйе­сіндегі өзгерістерге қатысты реформасы ту­ралы өз пікірімді білдіргім келеді. Президент Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жө­нін­дегі Үндеуінің маңызы өте жоғары. Менің ойымша, Пре­зидент Н.Назарбаев ұсын­ған конституциялық реформалар, Қазақстандағы билік тар­мақ­тарының арасында теңдік орнату, Парламент пен сот жүйесіне барынша көбірек өкілеттік беру – мақтауға тұрарлық қадам. Мұны Қазақстанның саяси және экономикалық дамуындағы жаңа кезең деп санаймын. Президент өз сөзінде атап өткендей, Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында Қазақстан Рес­публикасына президенттік вер­тикалға негізделген күшті сая­си жүйе қажет болды. Соның арқа­сында, ел таңғаларлық жаңа­рулардан өтіп, жоғары қарқынды экономикалық өсімге, жан басына шаққандағы жоғары табысқа, экономика, білім беру мен ғылым, спорт және басқа да салаларда көптеген игіліктерге қол жеткізіп, бұрынғы Кеңес Одағы рес­пуб­ли­каларының ішін­­дегі ең дамыған мем­­лекетке айналу мүм­кіндігіне ие бол­ды. Бұл кезең та­­быс­ты аяқталды, ен­ді Қазақстан билік тар­­­мақтарының ара­­­сындағы тепе-тең­дікті, демок­ра­тия үрдістерін нығайтатын жа­ңа кезеңге аяқ басты. Біздер, мек­сикалықтар, Қазақстанға Орталық Азияның одан әрі дамуына негіз болып табылатын табыс пен тұрақтылық тілейміз. Пікір білдіргім келіп отырған екінші мәселе – Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қатысуы. Бұл орайда, тұңғыш рет Орталық Азияның мемлекеті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып отырғанына ерекше тоқталғым келеді. Орталық Азия соңғы жылдары дүниежүзілік тәртіп құрылымының өзгеруінде айрықша маңызды аймаққа айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Мексика мен Қазақстанның ұстанымдары, әсіресе, ядролық қарудан азат әлем үшін күресте өзара сәйкес келеді. Мексика әлемдегі ядросыз аймақ қалып­тас­тырудағы ең алғашқы Тла­телолько келісіміне қол қою жөніндегі келіссөздердің пио­­нері болып табылады, ал Қазақстан – Орталық Азиядағы алғашқы ядросыз аймақтың қалыптасуына негіз болған Семей келісімінің локомотиві. Біз бұл істе біргеміз. Ядролық қару­дан азат әлемге қол жеткізу үшін біз өзара тығыз әріптестік қаты­настарымызды одан әрі жал­ғастыруымыз керек деп ой­лаймын. Бұл оңай емес. Дегенмен, біз осы орайдағы өз ұстанымдарымызға адал болып қаламыз. Сонымен қатар, мен Қа­зақ­станның қазіргі сәтте негізгі халықаралық қақтығыстарда дәнекер ел ретінде басты рөлді ойдағыдай атқарып жатқанын атап өткім келеді. Президент Н.Назарбаев Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыстарды реттеуге сүбелі үлес қосты, бұл Таяу Шығыстағы бейбітшілікті қолдау үшін аса қажет еді. Сондай-ақ, таяуда ғана бейтарап Астанада Сириядағы жағдайға байланысты атыс режімін тоқтатуды қадағалау мәселелері бойынша Түркия, Ресей және Иран бастамашы болған бейбіт келіссөздер өтті. Мен Орталық Азия үшін, ядролық қарудан азат әлем құруға, сонымен қатар, қарама-қайшылықтарды реттеуге, ізгілікті істер атқаруға, сындарлы бейбіт келісім арқылы қақтығыстарды жоюға ұмтылған барлық елдер үшін Қазақстанның дауысы айрықша маңызды деп санаймын. Қазіргідей қиын кезеңде Қазақстан ұлы державалар арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ету және дамушы елдерге қолдау көрсету бойынша аса маңызды рөл атқарады. Марта Елена Фредерика Барсена КОКЮ, Мексиканың Қазақстандағы елшісі қызметін қоса атқарушы (резиденциясы Анкарада орналасқан)