09 Ақпан, 2017

Елбасы Үндеуі – кемел келешегіміздің кепілі

273 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбінің сәтті күнінде, яғни 25 қаңтар күні халыққа Үндеу жариялап, билік тармақтарындағы өзгерістерге тоқталып, қоғамды мазалап жүрген көптеген сұраққа жауап берді. «Конституция мен Заңдарға өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым», деген Елбасымыз билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне тоқтала келіп, ұсынылып отырған реформаның мәні билік өкілеттіктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демок­ратияландыруда жатқанын нықтап айтты. Мемлекет басшысы сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетіне күш-жігерін жұмылдыратын бола­ды. Бұл ретте Үкімет пен Пар­ламенттің рөлі айтар­лықтай кү­шейетінін түсіндік. Конститу­циялық жолмен еліміздің саяси жүйесіне өзгерістер енгізу – заман талабынан туындап, елі­міздің даму үдерісіне сәйкес келіп отыр. Енді мемлекеттік басқару жүйесі өзгеріп, Үкімет пен Парламенттің халықтың алдындағы жауапкершілігі арта түсетіні көңілімізге қонады. Бұл өзгерістің жалпы халық үшін тиімді болатындығына сенім­деміз. Ең бастысы, осы про­цес­ке Президент тарапынан аза­маттық қоғам, халық, еліміз­д­ің әртүрлі қоғам өкілдері жан-жақты қатысып, халықтың ара­сында кеңінен талқылауға мүм­кіндік беріліп отыр. Осының нәти­жесінде бұл реформа оңтай­лы жүзеге асырылады деп ойлай­мын. Сарабдал саясаткер, кемеңгер Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әркез оңтайлы шешім қабылдап, әлеуметтік-экономи­калық да­муымыздың даңғыл жо­лын көрсетіп келеді. Елбасы­ның әр жыл сайынғы халыққа жолдаулары, жаңа реформа­лары, мызғымас Ұлт жоспары, үн­деулері елінің еңсесін көтеріп, ынтымағымыздың мыз­ғы­мас беріктігіне, жан-жақты дамуы­мызға мұрындық болып, халқын игіліктерге бастауда. Бұл жолғы Үндеуі де нақ осындай ел-жұрттың қамын күйттеген ізгі ниеттен туғандығы анық. Мен мұны ел дамуындағы саяси маңызды парасатты қадам, демократиялық процестің ілгерілеуі деп бағалаймын. Саяси би­ліктегі екі негізгі тармақ – Үкімет пен Парламенттің тепе-тең­дігін қамтамасыз етеді. Соны­мен қатар, бұл Үкіметтің, Парла­менттің жұмысының кәсібилігін, олардың жауапкершілігін, елдің саяси-экономикалық дамуындағы жауапкершілігін арттыру арқылы тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Елбасының бағдарламасы, әлемде болып жатқан жайттарға бай­ланысты туындаған құры­лым­дық өзгерістер – халықты бейім­деуге бағытталып отырғанын аңғару қиын емес. Билік тар­мақтары өкілеттіктерінің ауысуы саяси тұрғыдан қолайлы. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер ете­тіні белгілі. Ал мұның артында қалың бұқара, қарапайым халық тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған Үндеуі қай жағынан алып қарағанда да үл­кен маңызға ие. Егемен еліміз­дегі жаңа өзгерістер, жүзе­ге асырылғалы отырған Консти­туциялық реформа біздің мем­лекет пен қоғамның дамуын жаңа кезеңге шығарады деген ойдамын. Үндеуде Н.Назарбаев Президенттің әлеумет­тік-экономикалық процестерді рет­теудегі біршама өкілеттіктерін, 40-қа тарта президенттік құзы­реттің Парламентке, Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беретінін айтты. Бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Осыған байланысты тиісті Заңдарды өзгерту орын алатынын ұғындық. «Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиім­ді, орнықты, заманауи жүйе­сін құру үшін жасап отырмын», – деді Елбасымыз. Сайып келген­де, осынау реформалар бағдар­ламасы – Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалдың айқын жауабы, елдің жарқын болаша­ғының кепілі. Егемен еліміздегі жаңа өзгерістер мемлекетіміз бен халқымызды жақсылықтарға, жаңа игіліктерге бастайды деп үміттенеміз. Қалаубек АНАШЕВ, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы