09 Ақпан, 2017

Өмір сапасы туралы толғансақ

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағының өзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен – экономика, содан кейін саясат» қағидатын ұстанғаны мәлім. Бүгінгі күні барша қазақстандықтар Елба­сы­ның осы ұстанымының дұрыстығы­на айқын көз жеткізіп үлгергені кәміл. Түптеп келгенде уақыт көшімен бірге дами түсетін экономика әлеуметтік-тұр­мыстық мәселелердің оң шешілуіне өз ықпалы мен септігін тигізбей қоймайды. Бұған республикамыздың батыс өңірінде қарышты әрі қарқынды түрде дамып келе жатқан Ақтөбе облысынан да көптеген мысалдар келтіруге болады. Бұған өңірде өткен жылы әлеуметтік-тұрмыстық деңгейді дамыту тұрғысында атқарылған сан алуан істер айқын айғақ. Бұл арада біздің ең басты айтайын дегені­міз, өңір экономикасының жан-жақты дамуы жоғарыда айтылғандай, өңір тұр­ғын­дарының өмір сапасы жақсара түсуіне ықпалын тигізе білгендігі. Осы орайда әлеуметтік-экономикалық даму тұр­­ғы­сын­дағы барлық көрсеткіштер алдың­ғы жылмен салыстырғанда әжеп­тәуір жо­ғары екені айтылған пікіріміздің бір куәсі. Облыста аталған уақыт аралығында әлеуметтік-экономикалық өсімнің жоға­ры болуына қозғау салған басты фак­тор­­лар қандай? Оның шет жағасын айта кеткен жөн. Атап көрсеткенде, бірін­ші­­ден, «Бейнеу-Шымкент» газ құбы­ры құры­лысының аяқталуы өмір сапа­сы­­н­ың жаңа парақтарын ашқандай әсер беред­і. Осы қатарда Байғанин мен Шал­қар аудан­­дарында іске қосылған компрес­сор стан­са­лары, газ тарату мен бөлу нысандары тұр. Өмір сапасын жақсарту ісінде ұсақ-түйек болмайды. Бұл бағытта облыс­тың бірқатар аудандарында мал сою цехтарының іске қосылғаны жөніндегі мәселелерге де осындай өміршең көз­қарас тұрғысынан келуге әбден бола­ды. Ал Ақтөбе қаласы мен облыс аудан­дарын­да кеңінен қанат жайған тұрғын үй құрылыстары ше? Қаржылай есепке шаққанда Ақтөбе аумағында тұр­ғын үй құрылыстарының ауқымы 164 мил­лиард теңгеге табан тіреп отыр екен. Бүгін­де мұнда «сақалды құрылыс» деген ұғым келмеске кетіп бара жатқандай көрі­не­ді. Әңгі­мемізді осылай сабақтауға түрткі болып отырған жайт – тұрғын үй құрылы­сына жедел қарқын туғызылып отырғаны. Қазіргі күні жергілікті атқару орган­дары жетекшілерінің басты назары бұған дейін­гі туғызылған қарқынды төмен­детпеу­ге бағытталған. Көп нәрсенің шеші­мі бірінші кезекте қаражатқа бай­ланысты еке­ніне ешкім талас туғыза алмай­­ды. Мұн­дайда бюджеттің бүйірі бүтін болса біраз шаруаны икемге келтіру­ге мүмкіндік мол. Ақтөбе облысында бюджет көлемі­нің тұрақты сақталып келгені атап айту­ға тұрарлық мәселе. Бұған биылғы жылы өңір бюджеті тағы да он бес пайыз­ға өскені толық дәлел. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-тұрмыстық және білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының іркіліссіз бой көтеруіне алғышарт қала­мақ. Өзгесін айтпағанда, тек биылғы жылы облыста 21 орта мектептің құры­лы­сын салу белгіленіпті. Мұның өзі өңір­дегі бюджет мүмкіндігінің басты бір көрсет­кіші бола алады. Биыл өңірде тұрғын үй құрылысы одан әрі қарқынды түрде жалғасын таба бермек. Бұл жөнінде аймақта 650 мың шаршы метр тұрғын үйді пайда­лануға беру көздел­ген. Сөз соңында респуб­л­иканың батыс өңірінде тұратын барлық тұр­ғын­дар Ақтө­беге қоныстануға ұмтылыс пен ынта-ықы­лас танытып жүр­гені де атар таңдай, батар күндей шын­дық. Оның басты сырын өңірде өмір сапасы жылдан-жылға жақ­сарып келе жатқанынан іздегеніміз жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, биылғы жылды облыс тұрғындары «Құтты мекен – Ақтөбе» деген девизбен өткізгелі отырғанын айтқымыз келеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы