09 Ақпан, 2017

Қаһарман ұлдың қабірі қараусыз қалмайды

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ел газеті «Егемен Қазақ­стан­­­­­ның» өткен жылдың 17 та­мы­зын­­да­­ғы санында журналист Раушан Нұғ­ман­бек­о­ваның «Қаһар­ман­ның зи­раты қараусыз қал­ды» деген мақаласы жа­рық көрген еді. Ол ма­қа­лада Халық Қаһарманы Қайрат Рыс­құлбековтің зира­ты­­ның біраз жері үгітіліп, жағ­дайы тө­­­мендеп кет­­кендігі және ерекше кү­тімге алу қажеттігі туралы ай­ты­лған-тын. Мақала шыққан соң Семей қа­ла­сындағы желтоқсан оқи­ға­сына қатысушыларға Қазақ­стан­ның түкпір-тү­к­пі­рі­нен көптеген адамдар хабарла­сып, алаңдаушылық біл­дірді. Біз 2016 жылдың 16 жел­тоқ­са­ны күні Желтоқсан оқи­ға­­сының 30 жылдығы және Қайрат Рысқұлбековтің 50 жас­қа толуы­на байланысты, қала сыртын­да орналасқан қаһарманның зираты­ның басына бардық. Тәуелсіздік үшін құрбан болған Қайраттың ру­хына арнап, Құран-қатым ба­ғыштадық. Сол жерге бір топ жел­­тоқсаншы, яғни бізбен бір­ге ма­ңайдағы халық та ке­ліп, жиналып, оның аруағына тағ­зым етті. Шынында да, зираттың тозып бара жатқандығын, тас­та­рының сын­ғандығын, мүлде қа­раусыз қал­ғандығын өз көзімізбен көр­дік. Бірақ, қазір қыс уақыты болғандықтан, сықырлаған сары аяз бірден жөндеу жұмыстарын бас­тап кетуге мүмкіндік бермеді. Сон­дықтан да күн жылына ке­ле Халық Қаһарманы Қайрат Рыс­құлбековтің зиратын то­лық­тай жөн­деп шықпақпыз. Семей жері – ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтардың аяулы ал­тын бесігі, қасиетті то­пы­рақ. Күні кеше Алаш арыс­та­ры Әлихан Бөкейханов, Ах­мет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Ай­ма­уытов, Мағжан Жұмабаевты да қиын-қыстау кезеңде бауы­ры­на басып, пана­лат­қан. Олай бол­са, қасиетті ел Қайраттай ұлын да далаға тас­тамай­ты­ны­на сеніңіздер. Оның зи­раты қа­раусыз қалмайды. Мәсе­лені дер кезінде көтерген ел газеті «Егемен Қазақстанға», редакция ұжы­мына Қазақстандағы бар­лық желтоқсаншылар атынан үл­кен рахметімізді айтамыз. Әр­дайым халық игілігіне қызмет ете беріңіздер. Бақытжан ОРАҚБАЕВ, І дәрежелі прокуратура озаты, прокуратура органдарының зейнеткері СЕМЕЙ