09 Ақпан, 2017

Еңбек Ері елеусіз қалған жоқ

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өскемен қаласының тұрғыны, Еңбек Ері Қайролла Бақтыбаев аға­мыз Украинаның Киев, Жито­мир, Каменец-Подольский, Тер­нополь, Львов қала­ла­рын не­міс басқыншыларынан азат ету­ге қатысып, Румыния, Венгрия, Австрия жеріндегі ұрыстардың ал­ғы шебінде болған. Майдангердің өңі­рі­н­де ұрыс даласындағы ерлігінің куә­сіндей Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды. Азаматтық борышын өтегеннен кейін де, Одессадағы металлургия зау­ытына жұмысқа жіберіліп, тәжірибе жинақтап, тек 1950 жылы ғана елге оралады. Қайролла ағамыздың Өскемен қаласындағы аңызға лайық металлургия саласын­дағы ұзақ жыл­ғы еңбек жолы осылай басталады. 1950 жылдан 1975 жылға дейін табан аудармай Өскемен қорғасын мырыш комбинатында еңбек етіп, Шығыстағы кешегі одақ дәрежесінде Социалистік Еңбек Ері атағын алғаш алған атақты кен­ші. жақында Өскемен қалалық жұ­мыс­қа орналастыру және халықты әлеу­меттік қорғау бөлімі қалалық ар­дагерлер кеңесі және тұрғылықты шағын аудандағы өзін өзі басқару комитетінің өкілдері 92 жасқа толған Еңбек Ерін арнайы құттықтап барып, сый-сияпат жасады. Еңбек Ерінің жады мықты. Таңертеңнен бері телефон арқылы құттықтаған адамдар есімін қайталап айтып, өз ризашылығын білдіруді де ұмытпады. Ардагер ағамыз ел мен жердегі көзкөргендерінің аман­дығын сұрап, жастық кездегі за­ман­дастарының ұрпағына асқан ықылас танытты. Раиса ЗОТОВА, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссия төрайымы