Шымкентте тұңғыш рет ірі көлемде ет және ет өнімдерін өндіретін комбинат ашылды. Ол күніне 3000 қой және 300 ірі қара мал етін өңдеуге қауқарлы, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Тамақ өнеркәсібін өркендетуге мүдделі «ЮКО-ЭКО-ФУД-тың» ашылу салтанатына Ираннан келген серіктестер де қатысты. Енді өңірдегі шүйгін, әрі экологиялық таза ет мұсылман елдеріне де экспортталады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы министрі жаңадан ашылған ет комбинатында бас қосты. Мақсат – екі тарап бірлесіп ашқан «ЮКО-ЭКО-FOOD» ЖШС-мен танысып, ары қарайғы экспорттық әлеуетін талқылау болды. Нысан жаңа заман талаптарына сай жабдықталған. Иран Ислам мемлекетінің етке қажеттілігі – жылына 2 млн 400 тонна. Әрине, осынша көлемдегі өнімді бір өңірдің өндіріс орны қанағаттандыруы мүмкін емес. Дегенмен, осының бір бөлігін осы комбинат дайындап жеткізсе де ел экономикасына серпін болмақ.
Айта кетейік, бұрын комбинаттың орнында 500-ге тарта мал басын бордақылап соятын база болған. «Қайып ата» деген атаумен танылған серіктестік – енді екі елдің бірлескен кәсіпорны саналады. Мамандардың сөзінше, мұнда сойылған ет – экологиялық таза. Бағасы да қолжетімді. Зауыт толық қуатына енгенде 150 жергілікті азамат жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде оңтүстікқазақстандықтардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыра түспек.