09 Ақпан, 2017

ОҚО-да облыстық емхана тәулік бойы қызмет етуге көшті

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облыстық тіс емдеу емханасы халыққа тәулік бойы қызмет етуге көшті, деп хабарлады ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевтың бұйрығымен азаматтардың түнгі уақытта да ем қабылдауы үшін осындай қолайлы жағдай жасалды. Енді тәуліктің кез келген уақытында облыс тұрғындары таңнын атысын күтпей-ақ дәрігердің көмегіне жүгіне алады. «Біздің емханада 195 адам жұмыс істейді. Оның 68-і дәрігер-стаматолог, 66  медбике. Бүгінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша халыққа тәулік бойы қызмет ету мақсатында 4 бригада – 4 дәрігер, 4 медбике және 4 санитар түнгі мезгілде науқастарды қабылдауда. Бұл елімізде алғаш қолға алынған шара. Бұған дейін бізде жылына 200 мыңға жуық адам тегін ем алып келген. Ал, күніне 400-ден астам адам ем қабылдайды. Енді тәулік бойы жұмыс істеген соң емханаға қаралуға келетіндердің саны бұдан да артатыны анық», – дейді облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері Ерғали Орманов. Ақпан айы басталғалы, мұнда 7 күнде түнгі мезгілде 24 адам тістерін емдеткен. Аудан-ауылдардан келгендер де бар. Дегенмен, олардың 17-сінде тіс сырқатының асқыну белгілері анықталғанын тілге тиек еткен Ерғали Керімбекұлы облыс тұрғындарын жылына екі рет медициналық тексерулерден өтіп тұруға шақырды. Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы 2016 жылғы мәліметі бойынша түнгі уақытта жәрдем сұраған науқастардың 277-і пульпит ауруымен сырқаттанғандар, тексеруден кейін 217 науқас үйінде қалдырылған, 60 науқас стационарға алып келінген. Бұл бас жоспарға сай аумағы ұлғайып, тұрғындарының саны артқан, қала қонақтарын қоса алғанда 1 миллионнан астам адамға тәулік бойы қызмет көрсететін тіс емхананың қажеттілігін аңғартады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы №29 санды «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қаулысына сай 14 жасқа дейінгі балалар, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүкті әйелдер, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына стоматологиялық көмек қатты аурған жағдайда (острая боль) тегін көрсетіледі.