09 Ақпан, 2017

Министрлік ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын әртараптандырмақ

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігі өсімдік шаруашылығын әртараптандыруды көздеп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бидай егістігі азайтылады. Оның орнына жасымық егістігі ұлғайтылмақ. Жасымық өнімдері Үндістан мен Пәкістанға сатылмақ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз конференциясында ведомства басшысының орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлімдеді. «Биылғы маркетингтік жылда, яғни 2016 жылдың 1 шілдесі мен 2017 жылдың 1 шілдесі аралығында 9 млн тонна астық аламыз деген жоспар бар. Алайда, ауа райына байланысты бұл көрсеткіш аздап өзгеруі мүмкін. Бірақ біздің экспортымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Алдағы бес жылға арналған ауыл шаруашылығын дамыту бағдараламасы бойынша бидай егістігі алқабы 2 млн 300 мың гектарға азайтылады. Ал 2011-2016 жылдар аралығында елдегі 2 млн егістік гектары қысқартылған. Дегенмен, бұл жалпы егістік шығымына әсер етпеді", - деді Айтуғанов. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда майлы дақылдардың өнімін экспорттау басты назарда. Сонымен қатар қазақстандық шаруалар қазір жасымық (түрік бұршағы) өсіруге де ден қойған. «Биыл нұт бұршағының егістігін көбейтеміз. Оған себеп әлем бойынша осы өнімдерге деген сұраныстың жоғарылығы. Биыл біздің жорамал бойынша, 200 мың гектардан жасымық оруымыз керек. Бұл бізге әлем бойынша егістік көлемінен 5-ші орын алуға мүмкіндік береді. Ал экспорттасақ, жасымық экспортынан әлемде төртінші орынға шығамыз. Қазіргі таңда бұл салада Канада бірінші орында. Әлемдік нарықтың 60 пайызы осы Канадаға тиесілі. Олардың негізгі тұтынушыларының қатарында Үндістан мен Пәкістан бар. Қазақстанның географиялық орналасуын ескерсек, біз бұл тұрғыда Канададан озып кете аламыз. Сонымен қатар Таяу Шығыс елдері де біздің тұтынушы болар еді. Бұл дәстүрлі бидай шаруашылығына қарағанда пайдалы", - дейді министр орынбасары. Қ.Айтуғанов қазіргі таңда аграрлық сала бойынша халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті инфрақұрылымдар арқылы өнімдердің қайта өңделуі деңгейін көтеру үдерісінің іске асырылып жатқанын жеткізді. «Бұл үшін былтырдан бері мақсатты түрде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 15 мың ЖҚШ-ға қызмет көрсететін 157 кооператив құрылып үлгерді. Олардың кешенінде жүзден аса сүт қабылдау пункті және жеті мыңдай отбасылық мал бордақылау алаңдары ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы кооперативтер саны екі еселенеді. Алдағы бес жылда жарты миллионға жуық ЖҚШ мен шағын шаруашылық кооперативтер қызметімен қамтылады», – деп атап өтті Қ.Айтуғанов. Оның айтуынша, биыл 1 ақпанынан бері еліміздің барлық аймақтарындағы ауыл тұрғындарына осынау ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін Министрлік тарапынан АШМ қызметкерлері мен ғылыми ұйымдар өкілдерінен құрылған сарапшылар тобы құрылды. Мұндағы басты міндет – әрбір ауыл азаматын ауыл шаруашылығы кооперациялары негіздері бойынша ақпараттандырып, бірігіп шаруашылық жүргізуге және нақты іске жұмылуына ынталандыру. Бұдан бөлек, ақпараттық-консультативтік тұрғыда Fermers.kz сайты мен 8800 080 8010 call-орталығы (барлық бағыттардан қоңырау шалу тегін) қызмет көрсетуде. Тағы бір атап өтерлік жайт, өндірістік мақсаттағы аграрлық ғылымға инвестиция көлемін арттыруға баса мән берілуде. Яғни, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру үдерісі аграрлық құрылымдардың сұранысына орайластырылады. Бюджет тарапынан қаржыландырудың басты шарты – бизнестік ортадан қаржыландыру.