Астанада Республикалық нотариаттық палатаның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабына арналған дөңгелек үстел өтті.
Оған Бас прокуратура, Әділет министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстандық заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен ғалымдар қатысты.
Жиында заңгерлер конституциялық реформаны жан-жақты саралап, өз ой-пікірлерін білдірді. Онда мамандар соңғы кезде халық арасында дау туғызған Ата заңымыздың 26-бабына өзгерістерді енгізуді қолдайтындарын, өйткені, халықаралық нормаларға сәйкес, кез-келген елдің азаматы шетелде меншік иесі болуға толық қақысы бар екенін айтты. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Сарапшылар кеңесі төрағасының орынбасары Марат Баширов бүкіл әлемде шетел азаматтары жер-жүзінің қай түкпірінде болсын мүлікті жекешендіріле алатынын, оған біздің отандастарымыздың да қақы бар екенін жеткізді.
–Жасыратыны жоқ, еліміз тәуелсіздік алған кезде осы мәселе Конституцияға жазылмай қалды. Қазір Ата заңымыздың 26-бабына өзгерістер енгізсек, Қазақстанда тұратын барлық адамдар өзі қалаған дүниенің бәрін жекеменшікке алуына болады. Алайда, шетел азаматтары жерді ешқашан жекешелендіре алмайды. Оған Жер кодексі бойынша қақы жоқ. Жер тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Егер біз 26-бапқа өзгерістер енгізсек, шетелдіктерге бизнесті дамытуға, елімізге инвестиция тартуға мүмкіндік беретін едік. Сондықтан мен Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдаймын, – деді ол.
Кездесуде Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова, заңгерлер Людмила Кутенко мен Олег Полумордвинов қолданыстағы Ата заңға өзгерістердің енгізілуіне еш қарсы еместігін, шетелдерде ауыл шаруашылығына арналған жерлердің 40 пайыздан астамы жекеменшікке берілетінін, ал біздің елде жер сатылмаса да басқа жылжымайтын мүліктер мен өндіріс орындары жекеменшікке берілсе одан мемлекет тек қана пайда табатынын мәлімдеді.
Дөңгелек үстелде мамандар меншік құқығының кепілдігін одан әрі нығайту үшін ұсыныстарын айтып, жұмыс тобына жолдады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»