Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстан экономикасының 2017 жылы 2,5 пайызға өсетіндігін атап көрсетті. ХВҚ 8 ақпан күнгі таратқан ақпаратында
2017 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2016 жылғы қазан айында болжанған 0,6 пайыздың орнына, 2,5 пайызға дейін өсетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды «РИА Новости» агенттігі.
Ақпан айының басында өткен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті әлеует бар екенін айта келіп, «Таяу жылдары импорт алмастыру ішкі жалпы өнімнің 5 пайызға дейінгі өсімін бере алады. Экспортқа белсенді түрде мемлекеттік қолдау көрсету жағдайында өнеркәсіптің басымдығы бар секторларындағы өсімнің өзі ғана 6 миллиард доллар болады. Бұл экспорт көлемін 20 пайызға дейін, ішкі жалпы өнімнің көлемін 5 пайызға дейін артттыруды қамтамасыз етеді», деп атап көрсетті.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және құрылымдық реформалардың өсімге бастайтындығын нақты болжаған Елбасының реформаторлық көрегендігін халықаралық беделді ұйым ХВҚ да мойындағандай. «Қазақстан экономикасының өсіміне мұнай өндірісінің артуы және құрылымдық реформалардың жүзеге асырылуы оң ықпал етті», дейді Халықаралық валюта қоры өзінің мәлімдемесінде.
Сонымен бірге, ұйымның ақпараттық мәлімдемесінде «Қазақстан бұрынғысынша мұнайдың төмен бағасынан және Ресей, Қытай және Еуропа елдері экономикасының баяу дамуынан туындап отырған қиындықтарды лайықты жеңе білуде. Бюджеттік көмекті таргеттеу, валютаның айырбас бағамын реттеу, өндірісті басқаруды жетілдіру және құрылымдық реформалар ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Міне, осындай игі қадамдар 2017 жылы экономиканың өсіміне оң ықпал ететін болады», деп атап көрсетілген.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»