Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелері Ержан Құдайберген, Кәрібай Мұсырман, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Жанат Жарасов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Мұхтар Ерман мен Фахриддин Қаратаев аймақтарға жұмыс сапары барысында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерімен және оқытушыларымен кездесті.
Кездесу Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы мен саяси реформаларды насихаттау мақсатында өткізілді. Оқу ордасындағы кездесу барысында Елбасы Жолдауы жан-жақты түсіндірілді.
Депутат Ерсұлтан Бектұрғанов Жолдаудағы негізгі басымдықтар мен берілген тапсырмаларды нақтылай отырып: «Елбасы Жолдауында жаңа талаптарға сай жаңа кадрларды даярлауға үлкен көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда жұмыс берушілердің терең қисынды ойлай алатын, жаңа білімдерді қорытуға қабілетті мамандарға деген қажеттілігі артқан. Біз сіздерден жаңа буын техникасы мен технологияларын жасауға, ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерге күш жұмсайды деген үміт артып отырмыз. Сондықтан сіздер технология, осы заманға сай идеялар, әлемнің ғылыми прогресс жаңалықтарына көңіл бөлулеріңіз керек», – деп жастарға жол сілтеді.
Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман еліміздегі саяси реформаның маңыздылығы туралы айта келе: «Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу – елді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Бұл реформа қазақстандық мемлекеттілік пен демократияны дамыту жолының қисынды жалғасы болып, мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді», – деп түсіндірді.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары жастардың патриотизміне, үш тілді жетік меңгеруге аса мән беретіндігі туралы айтты. Кездесу барысында студент жастар халық қалаулыларына сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы