Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесіне айналды. Осы қысқа мерзімде біздің ел өзінің ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бола білді. Біз оны Қазақстанның халықаралық саясатта бірқатар тың идеяларды ұсынып, әлемнің дамуына зор үлес қосуынан байқаймыз. Беделді халықаралық ұйымдардағы табысты төрағалығы мен жаһандық және аймақтық мәселелерді шешудегі біздің елдің тың бастамалары халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуда. Бұл өз кезегінде жетекші мемлекеттердің Қазақстанмен кеңесіп, санасып отыруына әкелуде. Жас мемлекетіміздің Еуразия кеңістігінің қақ ортасында, әлемдік державалармен көршілес орналасуына, ғасырлар тоғысында Орталық Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың күрделене түсуіне, өзінің ішкі саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің сұраныстарына қарай сыртқы саяси байланыстары мен қарым-қатынастарына сергек қарау қажеттігін талап етеді. Осы орайда, еліміз үшін бірінші кезекте шетелдерде ұлттық мүдделерімізді қорғау, бітімгерлік бастамаларды ілгерілету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, халықаралық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдік әріптестерге Отанымыз жөніндегі объективті ақпаратты жеткізу басты сыртқы саяси басымдықтар болады. Еліміз тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретіндегі беделін бекітті. Бүгінде біз өзекті әлемдік мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қатысып қана қоймай, сол бағыттарда бірқатар бастамалар көтеріп, оның оң шешілуі жолында нәтижелі шаруалар атқарудамыз. Осындай белсенділік пен нәтижелі іс-әрекеттің арқасында, Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылықтың, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделінің бастаушысы ретінде лайықты бағасын алып отыр. Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет заманауи тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды. Бүгінде еліміз әлемнің көптеген мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиясы жұмыс істейді. Кәсіби дипломаттарымыздың қатары қалың. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам әртүрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды. Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен стратегиялық әріптестігі жарасып, ол өз кезегінде Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз қалауда. Ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан 4-ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанына екпін түсіре келіп, өзге елдерді осы үдерістен үлгі-өнеге алуға шақырып келеді. 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ-тың сол кездегі президенті Б.Обама Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты «халықаралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің Көшбасшысы» деп атады. Атомды бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты, Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында бірқатар маңызды бастамалар көтеріп, олардың орындалуы жолында нақты іс-әрекеттер жасап жатыр. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігімен, салиқалылығымен табысты жүргізілген көпвекторлы сыртқы саясатымыз бен дипломатиялық қызметіміз өте нәтижелі және сәтті болды деп айтуға толық негіз бар.
Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы