10 Ақпан, 2017

Есбай күйшіні ескерусіз қалдырмайық

690 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бар ғұмырын қазақтың қара домбырасымен байланыстырып, күй өнерінің мол мұрасын қалдырған дала дарабоздарының бірі – Есбай күйші Балұстаұлы. Ата-анасынан ерте айырылып, байдың түйесін баға жүріп, домбыра пернелерінен ерекше күй сазын іздеген талантты баланың алғашқы бағын ашқан Шернияз ақын Жарылғасұлымен жолығысуы еді. Атағы аспандаған ақынға конағасы беріп отырған бай Есбайды шақыртып мейманға күй орындап беруін сұрайды. Домбырашы бала неше түрлі құбылысқа салып тартқан күй аяқталған кезде, Шернияз: «Бұл күй не деп аталады, шы­ра­ғым?» деп сұрапты. «Өзімнің үйімнің тө­рінен осы дастарқанның шетіне келуімді суреттегенім ғой» – депті күйші бала. Сонда Шернияз қолын жайып бата беріп, байдан бұл баланың болашағына бас-көз болуды сұранады. Міне, осы кездесуден кейін бай Есбайдың қасына өзінің баласын қосып, ел аралап өнерін шыңдауына рұқсат береді. Ел арасында атағы естіле бастаған Есбай Түркістан генерал-губернаторы қарамағындағы Адай округіне қарасты Оймауыт – Желтау деген жерді қоныстанған дәулетті азамат Тарақтың домбырашы ұлы Абылды іздеп барады. Ол төкпе күйдің тәңірісі, саз сүлейі Абылдан орап қағу (триольдық қағыс) әдісін үйреніп, осы қағысты қолдану арқылы өзінің шырқау биігіне жетті. Абыл ұстазының «Ақсақ құлан», «Жошы ханды» орындағанда тыңдаушылары көзіне еріксіз жас алады екен. Есбай домбыраны арқасына, төбесіне қойып та, тіпті шабыттанған шағында башпайымен тартатын шебер көрінеді. Әйтсе де, «Ақжелеңнің» 62 түрін (тармағын) шығарып орындаған көз тоймас күйшінің ғұмыры қайшылықтарына толы. Біріншіден, аты әйгілі күйші шаңырақ құрып, ұрпақ сүймеген адам. Екіншіден, оның жазықсыз қуғынға ұшырауы. Есбай Текеде (Орал) жүрген сапарында көшеден өтіп бара жатқан бір рота шамасындағы солдаттарды көріп, отыра қалып бір күйді шерте жөнеледі. Домбыра үнінің әсер еткені соншалық , солдаттар жүрісінен шатысып, кейбіреулері команданы ұмытып, тұра қалып күй тыңдаған сыңайлы. Солдаттарын «айт-давайлатып» тәртіпке шақырып жүрген офицердің айқайына үндестіре тағы бір күйді орындағанда жігіттер сапқа оралып, жүріп кетіпті. Бұл күй кейіннен «Әңкі-тәңкі» деп аталады. Осы оқиғадан кейін белгілі күйші «сиқыршы адам» деген жалаға ілініп, Астрахань, Үйшік қалаларында бірнеше мәрте тергеуден өткен көрінеді. Бұл естеліктер күйші бабамыздың өмірінен алынған үзінділер ғана. Дарынды күйші ғұмырын А.Затаевич «500 казахских песен и кюйев», А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі», П.Аравин «Жанры Казахской инструментальной музыки», Т.Мерғалиев «Домбыра сазы» атты еңбектерінде зерттеп, өз туындыларына енгізді. Ең қуаныштысы, А.Тоқтағанов 1991 жылы Есбай күйшінің 29 шығармасын күй-табаққа жаздырған. Биылғы жылы Есбай күйшінің туғанына 175 жыл толады. Батыс өңірінің бай қазыналы дәулескер күйшісінің бұл мерейтойына орай облыс басшылығы республикалық күй сайысын өткізсе, қазақ өнерінің өркендеуіне қосқан зор үлес болар еді. Сәйпеден СИДАҒАЛИЕВ Атырау облысы