10 Ақпан, 2017

Бүгінгі жетістік – ертеңгі жеңістің баспалдағы

918 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Әр нәрсенің парқы салыстырғанда білінеді. Мысалы, 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен бүкіләлемдік қысқы студенттер ойындарында біздің елдің спортшылары 11 медаль олжалаған болатын. Оның бесеуі алтын болса, алтауы күміс еді. Енді міне, Қазақстан құрамасы өзінің бұл көрсеткішінен үш еседей асып түсті. Алматыдағы Универсиада алауы сөнген кезде біздің қоржынымызда 36 медаль болды. Алтын жүлденің өзі 11-ге жетті, күмістен сегіз медаль алсақ, 17 рет қола жүлдені қанағат еттік. Сөйтіп, студент спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте тек Ресей командасын ғана алға жіберіп, мәртебелі екінші орынға табанды нық тіреді. Мұны біз еліміздегі қысқы спорттың қысыл-таяң шақты артқа қалдырып, құлаш сермеп дамудың даңғылына түскені деп ұйғардық.

Өскемендіктер өрге сүйреді

Алматы-2017 Универсиадасында екі мыңнан астам атлеттер спорттың 12 түрі – биатлон, шаңғы және конькимен жүгіру, керлинг, шаңғы жарыс және қоссайыс, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей және шорт-трек бойынша 85 медаль жиынтығын сарапқа салды. Біздің жүлделі болған спортшыла­рымыздың табысын өңірлер тұрғысынан алып салыстыра қарайтын болсақ, Шығыс Қазақстан облысы студенттерінің шоқтығы биік тұр. Мысалы, осы өңірдің өрендері Қазақстан қоржынына 7 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль салды. Әсіресе, 22 жастағы биатлоншы Галина Вишневскаяның қол жеткізген табысын айрықша атап өтуге болады. Спортшы 7,5 шақырымдық спринтерлік масс-старт сынында және төрт атыс шебі бар 12,5 шақырым қашықтықта алдына жан салмады. Бұған қоса ол 15 шақырымға созылған жеке жарыста және командалық эстафета сынында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, фристайлшылар Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева туралы да тек қана жылы лебіз білдірген жөн. Олар могул бойынша өткен финалдық сында әрқайсысы 70 баллдан жоғары ұпайға ие болды. Жас талант – небәрі 19 жастағы шаңғышы Иван Люфтің де тамаша өнерін айтпай кетуге болмайды. Ол спринтерлік қашықтықта алдына жан салмай, Қазақстанның жүлде қорына алтыншы алтын медальды қосқан еді. Бұдан бөлек, бір ғана Шығыс Қазақстан облысының 19 хоккейшісі Қазақстан құрама командасына мүше болып, мұз айдынында өнер көрсетті. Міне, осы айтылғандарды саралай келе, Өскемен өңірін қысқы спортымыздың қайнар көзі немесе чемпиондардың ұстаханасы деп нық сеніммен айтуға болады.

Еңбек етсең ерінбей...

Жеңіске жеткен, жүлделі болған спорт­шыларымыз сый-сияпаттан құр қалмайды. Мысалы, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы чемпиондарымыздың 4,9 миллион теңгеден, күміс жүлдегерлердің 3,3 миллион теңгеден және де қола медаль иегерлерінің 1,6 миллион теңгеден сыйақы алатынын мәлімдеді. Бұл – әлемдік деңгейдегі додада ел намысын лайықты қорғаған ерлерге деген шынайы құрмет. Біле-білсек, спортшыларымызды материалдық тұрғыдан осылайша марапаттаудың өзі бұл саладағы жас буынды биік мақсаттарға әрі ынталандырып, құлшындырары сөзсіз. Жалпы, біздің спортшылар ішінде сыйақыны ең көп алатын – биатлоншы Галина Вишневская. Шығысқазақстандық шаңғышы һәм мерген қыз екі алтын және екі күміс медальдары үшін 16 миллион 400 мың теңгені жамбасқа басады. Шаң­ғышы Анна Шевченконың да әмияны ақшаға сықай толмақшы. Жүйрік шаңғысының арқасында алтын, күміс және қола жүлделерді жеңіп алған желаяқ спортшының маңдай тері 13 миллион теңгеге бағаланды. Бұдан кейінгі сатыда фристайл шеберлері – Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева. Олардың әрқайсысына 9 миллион 800 мың теңгеден сыйақы беріледі.

Қыр астында – қысқы ойындар

Санаулы күндерден кейін Саппоро қаласында қысқы VІІІ қысқы Азия ойындары басталады. Алматыдағы ақжолтай жеңістер Жапонияда жалғасын тапса деп тілейсің. Дегенмен, біздің қысқы спортшылар үшін ең басты дода – 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпия ойындары. Бұл дүбірлі додаға қазақстандық спортшылар дайындықты бастап та кеткен сыңайлы. «Біз үшін, – деді Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев. – Келесі жылы болатын қысқы Олимпия ойындары. Оңтүстік Кореяда өтетін бұл додаға қатысатын спортшыларымыздың дайындығы үшін өз тарапымыздан қолдан келген жағдайдың бәрін жасаймыз». Әлбетте, жақын күндері спортшы­ларымыздың Алматы-2017 Универсиа­дасындағы өнері жан-жақты һәм терең талдаудан өтетіні сөзсіз. Жетістіктер өз алдына, жіберілген кемшіліктер мен қателіктер сын садағына ілініп, сараланатыны және рас. Сайып келгенде, мұның бәрі де қыр астында тұрған қысқы Азия және келесі жылғы қысқы Олимпия ойындарына деген мұқият дайындықтың мықты іргетасы болса құба-құп.

Ащы сабақ болса игі...

Өзімізде өткен Универсиада сынында үмітті ақтамаған спортшылардың болғаны да рас. Әсіресе, алтын жүлде күткенде шорт-трек шеберлерінің сыннан бір емес, бірнеше мәрте сүрінгені көңілді алаң қылды. Бар болмысы ұшқырлық пен әккілікке құрылған бұл спорт түріндегі жағдай жаңылыс басқан бір қадам, іркіліп қалған бір сәтке басыбүтін байланған. Бұған дейін көзге түсіп, ауызға ілігіп жүрген Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұма­ғазиев, Нұртілек Қажығалиев, Айдар Бекжанов және Денис Никиша сын­ды шеберлер үшін бұл додадағы сан соқтырған әттегенайлар ащы сабақ болса игі дейміз. Шорт-трекшілеріміздің шалалау өнер көрсеткенін бас бапкердің өзі де мойындады. «Өзім де шәкірттерімнен алтын күттім. Алайда, жағдай басқаша өрбіді. Мүмкін болған 8 алтынның алтауын кореялықтар, екеуін қытайлықтар жеңіп алды. Олар мықтылығын тағы бір дәлелдеді», деген еді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында шорт-тректен ел құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков. Қалай болған күнде де, бүгін бұйыр­маған алтын жүлде Саппоро немесе Пхенчхан мұз айдынында алдымыздан жарқырап шығар дегенге сенгіміз-ақ келеді. Мүмкіндігінен әлдеқайда төмен өнер көрсеткендер қатарында желаяқ конь­кишілеріміздің де болғаны анық. Әсіресе, ерлер құрама командасының көшбасшысы Роман Керчтің көрсеткіші көңіл көншітпеді. Қыздар арасындағы шашасына шаң жұқтырмайды деген желаяқ конькишіміз Екатерина Айдова да шабан жүгірді. Әлбетте, бұл жерде ауа райының қолайсыз болып, әйгілі «Медеу» мұзының әдеттегідей жалтырап жатпағанын алға тартуға болар. Дегенмен, конькишілер командасын өрге сүйреп жүрген бұл спортшыларға алдағы уақытта артылар жауапкершіліктің жүгі тым ауыр болмағын айта кеткен жөн. Фристайл-акробатика спортының шеберлері Бағлан Іңкәрбек, Жанбота Алдабергенова және Жібек Арапбаеваның да барынша сәтті өнер көрсетулеріне болушы еді. Жұптасып секірудегі жалғыз алтын жүлде мұндай тәжірибелі спортшылар үшін аздық етті деген ой да қылаң береді. Ерлер арасындағы хоккей құрамасының ақырғы сәтте алтын жүлдеден айырылып қалғаны да біз үшін орны толмас өкініш болды. Ал хоккейші қыздарымыздың өнері тіпті де сын көтермеді. Еңсе тіктемесе, болмайтын түрі бар. Дегенмен, уыстан сусып кеткен жүлдені емес, уыстап алған медальдар­ды есепке алар болсақ, осымен 28-ші рет алау жағып, жалау желбіреткен Универсиада қай жағынан алып қарасақ та, Қазақ елі үшін құтты-қайырлы болды. Алдымыздағы додалы жарыстарда да мерейіміз дәл осылай мәртебелі болсашы деп тіледік! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше