13 Ақпан, 2017

Зиялы қауымды театрдан көргім келеді

431 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Француздың әйгілі жазушысы Виктор Гюго өз заманында үнемі театрға барып тұрады екен. Сонда театрға көрерменнің жартысы спектакль деп келсе, келесі бөлігі Гюгоны көру үшін келеді-мыс. Ондай үрдіс ХХ ғасырдың орта шенінде қазақ театр мәдениетінде де кеңінен қалыптасты. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Сәкен Жүнісов, Әлжаппар Әбішев сынды драматургия дүлдүлдері жаңа қойылым болса, үнемі театрдың төрінен табылды. Спектакльді талқылап, қызу пікірталасты жандандырып, өнер тағдырына бейжай қарамайтындықтарын солай біл­діріп-көрсетісіпті. Қарапайым оқыр­ман, көрермен сүйікті қаламгер-жазушыларымен театрда жүздесетін болған. Бұған бір ғана мысал: 1940 жылы режиссер Асқар Тоқпанов сах­налаған «Абай» трагедиясының таңдалып алынып, үлкен сахнаға жол тартқанға дейінгі аралықтағы әр деталь-штрихіне дейін бейжай қарамаған Мұхтар Әуезовтің үлкен жанашырлығы дәлел бола алады. Соның нәтижесінде қойылым өз жемісін берді. «Абай» – өз дәуірінің ұлы оқиғасы болды. Қызу пікірталас пен жаңалықтың өзегіне айналды. Сөйтіп, көрерменді қызықтырды. Көпшілік театрға қарай ағылды. Кейінірек бұл дәстүрді белгілі теат­р сыншысы Әшірбек Сығай жалғады. Қасына жұбайын ертіп, алшаң басып көрермен залына енгенде, театр дүр сілкінгендей болушы еді. Тұлғаның театр­ға кіріп-шығуының өзі үлкен тәрбие болатын. Қазір де театрдағы сол бір тектіліктің ұшқынын сезініп қаламын ба деп, әр премьера сайын, еліміздің өзге қалаларын айтпағанда, жолым жиі түсетін Астана мен Алматы театрларының көрермен залын бір шолып өтемін. Бірақ, қара көрсетіп қалар зиялыларымыз некен-саяқ. Арнайы шақыру қағазын жіберіп жатсаң да, селт ете қоятыны аз. Өте аз! ...Осыдан біраз уақыт бұрын елі­мізде ұйымдастырылатын жақсы бір фестивальда жақсы бір сыншы ағамызбен сөйлесіп қалдық. Сәйкестік пе, кездейсоқтық па, білмедім. Бірақ, дәл сол фестивальда кілең заманауи төл драматургтеріміздің пьесалары сахналанды. Сондағы бір таңғалғаным – біздің драматург, қаламгерлер бір-бірінің қойылымын тамашаламайтын көрінеді. Әрқайсысы өзінің пьесасы негізінде сахналанған спектакльге келіп, төбе көрсетіп кетеді. Қалған қойылымның деңгейі, замандастарының қалам қарымы өз шығармашылығына қатыссыздай, бейтарап қалуды жөн санайтын жазушылар көп. Театр мен зиялы қауым арасында рухани-шығармашылық байланыс жоқтың қасы. Өзінің жақсы араласатын дос, танысының қойылымында көрініп, көз қуантып кететіні болмаса, қалған уақытта бейтарап. Театр, автор, көрермен арасында осындай жансыз қарым-қатынас жүріп жатыр, өкінішке қарай. «Сен білесің бе, жылына қанша дра­матургиялық шығарма өмірге келе­тінін? Бірақ, жарқ ете қалғаны, жаңа­лық тудырғаны аз. «Драматургия жазылмайды» деп көз жасымызды көл қыламыз сосын. Оның бірден-бір себебі – өзімшілдігімізде. Бүгін­гі қаламгерлердің ішкі эгосы басым. Өзінен басқа биікті көргісі, мойындағысы келмейді. Кім немен тыныстап жатқанын білуге құлықсыз. Қарапайым театрға келіп, қойылым тамашалап, бүгінгі көрерменнің неге қызығатынын, немен тыныстайтынын зерттеп, сараптауда тым енжар. Осыдан кейін заман дертін дөп басар өткір шығарма қайдан тусын?! Сосын амалсыз Шекспир мен Мольерді жағалаймыз. Салдары – бүгінгі драматургияның кежегесін кейін тартып тұр» деп жа­уап берді сыншы ағамыз бұл жағдайға. Әбден мүмкін! Егер театрдан алыстау салада жүр­­сем, бәлкім, қарсы дәйектерімді де тізбелеп шығар ма едім. Бірақ, өз көзіммен көріп жүрген жайттар болған­нан кейін, түйткілдің төркінін сыншы ағамыздың жауабымен байланыстырдым. Қисын бар себебі. Ал мен қазақ қоғамының зиялы қауымын театрдан көргім келе­ді. Ешқандай шақырусыз, ешбір себеп­сіз, көрермен залының төрінен жолықтырсам деймін. Арғысы – данышпан Гюго, бергісі – ұлы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов салған соны үрдістің үзілмегенін қалаймын. Бұл – театрдың шығармашылық атмосферасына үлкен салмақ берер еді. Көрермендер де бұрынғыдай немқұрайлы емес, өзін рухани тәрбиелеп, іштей дайындықпен келер еді. Жай ғана қойылым тамашалап қайтпай, ертең аңыз ғып айтар тарихи сәттің атмосферасын түзіп, іргетасын қалар едік бәріміз сөйтіп. «Театр – тәр­биенің кілті» десек, сол тәрбиені Сіз бен біз – бәріміз бірлесе түзетінімізді естен шығармасақ дейміз. Театрға келіп, ішкі әлемінде ұлы төңкеріс жасап, толқып, толғанып қайтар көрермендеріміз көбейіп жатса, қанеки!?

Назерке ЖҰМАБАЙ,

өнертану ғылымдарының магистрі