14 Ақпан, 2017

ҚР Сот-сараптама қызметі туралы Заңы

1816 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметін жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру Осы Заңда қамтылған ұғымдар мынадай мағынада қолданылады: 1) арнайы ғылыми білім – мазмұнын сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерінде іске асырылған ғылыми білім құрайтын арнайы білім саласы; 2) валидация – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілетін, сот-сараптамалық зерттеудің әдістері мен әдістемелерін пайдаланудың жарамдылығын бағалау; 3) сараптама мамандығы – Қазақстан Республи­касының заңнамасында белгіленген сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу саласындағы сот сарапшысының білік­тілігін берумен расталған сот сарапшысының ғылыми құзыреті; 4) сарапшының қорытындысы – Қазақстан Респуб­ликасы заңнамасының талаптарына сәйкес ресімделген, сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелерін көрсететін жазбаша құжат; 5) сот-сараптама қызметі – сот сараптама органдары­ның және сот сарапшыларының сот сараптамасын ұйым­дастыру және жүргізу жөніндегі қызметі; 6) сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі – сот сарап­тамасының нысанасына қатысты нақты деректерді анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын әдістер жүйесі; 7) сот-сараптамалық зерттеу әдісі – сот сараптама­сының нысанасына қатысты нақты деректерді анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын логикалық және (немесе) аспаптық операциялар (тәсілдер, әдістер) жүйесі; 8) сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істің не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу; 9) сот сараптамасының нысанасы – сот сараптамасын жүргізу арқылы анықталатын қылмыстық, азаматтық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі шешу үшін маңызы бар нақты деректер; 10) сот сараптамасының объектілері – заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесі, адамның психикалық жай-күйі, мәйіттер, жануарлар, үлгілер, сондай-ақ сот сараптамасы жүргізілетін іс материалдарында қамтылған, сот сараптамасының нысанасына қатысты мәліметтер; 11) сот сараптамасы органы – Қазақстан Республика­сының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға; 12) сот сарапшысы – арнайы ғылыми білімі бар және заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін, өзіне сот сараптамасын жүргізу тапсырылған, іске мүдделі емес жеке тұлға; 13) сот сарапшысын аттестаттау – сот сарапшысының заң­да белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуін ай­қын­дау бойынша мерзімді түрде жүзеге асырылатын рәсім; 14) сот сарапшысының біліктілігі – сараптаманың белгілі бір түрінің объектілерін зерттеу мақсатында кәсіби білімі бар адамның мақсатты даярлықтан өтуі арқылы алған білімінің, машықтары мен дағдыларының кешені; 15) үлгілер – сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті тірі адамның, мәйіттің, жануардың, өсімдіктің, бұйымның, материалдың немесе заттың қасиеттерін көрсететін материалдық объектілер.

2-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады. 3-бап. Сот-сараптама қызметінің міндеті Сот-сараптама қызметінің міндеті қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді сот сараптамасының нәтижелерімен қамтамасыз ету болып табылады. 4-бап. Сот-сараптама қызметінің мазмұны Сот-сараптама қызметінің мазмұны: 1) қылмыстық, азаматтық істер, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасын жүргізуді; 2) сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруды және жүргізуді; 3) сот сараптамасын ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастыруды және жүзеге асыруды; 4) сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарды іріктеуді, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды; 5) сот сараптамасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтиды. 5-бап. Сот-сараптама қызметінің қағидаттары Сот-сараптама қызметі: 1) заңдылық; 2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау; 3) сот сарапшысының тәуелсіздігі; 4) сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы, объективтілігі және ғылыми негізділігі; 5) сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік; 6) сот сарапшысының әдебін сақтау қағидаттарына негізделеді. 6-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезіндегі заңдылық Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптары дәл орындалған жағдайда жүзеге асырылады. 7-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостан­дықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау 1. Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделері сақталған жағдайда жүзеге асырылады. 2. Адамның құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеуді талап ететін сот-сараптамалық зерттеулер заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен ғана жүргізіледі. 3. Сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының әрекеттері (әрекетсіздігі) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін не заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеуге алып келді деп пайымдайтын адам көрсетілген әрекеттерге (әрекетсіздікке) заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы. 8-бап. Сот сарапшысының тәуелсіздігі 1. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сараптамасын тағайындаған органнан (адамнан), сот сараптамасы органының басшысынан және басқа адамдардан тәуелсіз болады. 2. Сот сарапшысы жүргiзiлген зерттеулердің нәтижелерi негiзінде оның арнайы ғылыми біліміне сәйкес өз атынан қорытынды береді. 3. Сот сарапшысы зерттеудің ғылыми-техникалық құралдарын, әдiстерi мен әдістемелерін таңдауда дербес болады, олардың жарамдылығы заңда айқындалады. 4. Сот сарапшысына құқыққа сыйымсыз ықпал етуге және оның заңды қызметіне кедергі келтіруге жол берілмейді және олар заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді. 9-бап. Сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы, объективтілігі және ғылы­ми негізділігі 1. Сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшысы объектілерді арнайы ғылыми білімге негізделген жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қабылдауға міндетті. 2. Сарапшының қорытындысы жалпыға бірдей қабылданған ғылыми және практикалық деректер негізінде жасалған түйіндердің негізділігі мен анықтығын тексеруге мүмкіндік беретін ережелерге негізделуге тиіс. 10-бап. Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік 1. Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезін­де ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдісте­мелерді қолдануға, егер олар: 1) заңда тiкелей көзделсе немесе олардың нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе; 2) ғылыми жағынан дәлелді болса; 3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса; 4) қауіпсіз болса, жол беріледі. 2. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізген кезде Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген әдістемелерді қолданады. Егер өзге әдістемелер осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келсе, оларды қолдануға жол беріледі. Бұл ретте, оларды қолданудың ғылыми негіздемесі сарапшының қорытындысында көрсетілуі тиіс. 11-бап. Сот сарапшысының әдебін сақтау Сот сарапшысы сот-сараптама қызметін жүзеге асырған кезде Сот сарапшысының әдеп кодексін сақтауға міндетті.

2-тарау. СОТ-САРАПТАМАСЫ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

12-бап. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құзыреті Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құзыретіне: 1) сот-сараптама қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру; 2) сот-сараптама қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; 3) сот сараптамасы органдары жүргізетін сот сараптамалары түрлерінің және біліктілігін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі беретін сараптама мамандықтарының тізбесін әзірлеу және бекіту; 4) сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту; 5) сот сараптамасы объектілерімен жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу және бекіту; 6) сот сараптамаларының күрделілік санаттарын айқындау қағидаларын, сот сараптамаларының күрделілік санаттарына қарай оларды жүргізу мерзімдерін есептеу тәртібін, сондай-ақ сот сараптамаларын жүргізуді тоқтата тұрудың және мерзімін ұзартудың негіздері мен тәртібін әзірлеу және бекіту; 7) сот сараптамасы органдары сот сарапшыларының жүктемелері нормативтерін әзірлеу және бекіту; 8) сот сараптамасы органдарында сот сараптамасын жүргізудің құнын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту; 9) сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері мен әдіс­те­мелері валидациясының қағидаларын әзірлеу және бекіту; 10) сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерін әзірлеу, сынамадан өткізу және енгізу қағидаларын әзірлеу және бекіту; 11) Қазақстан Республикасы Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту; 12) Қазақстан Республикасы Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу; 13) сот сараптамасын жүргізуге арналған арнайы жарақтандырылған үй-жайларға қойылатын стандарттар мен талаптарды әзірлеу және бекіту; 14) сот сарапшыларының біліктілік даярлығы қағидаларын әзірлеу және бекіту; 15) сот сарапшысы біліктілігін беру үшін емтихандарды қабылдау қағидаларын әзірлеу және бекіту; 16) сот сарапшысы біліктілігін беру жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу және бекіту; 17) сот сарапшысы біліктілігін беру үшін біліктілік емтихандарын қабылдау; 18) сот сарапшыларын аттестаттау қағидаларын әзірлеу және бекіту; 19) сот сарапшыларын аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу және бекіту; 20) сот сарапшыларын аттестаттау; 21) сот сарапшыларының біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлеу және бекіту; 22) Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту; 23) Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу; 24) сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу және бекіту; 25) сот-сараптама қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру; 26) Сот сарапшысының әдеп кодексін әзірлеу және бекіту; 27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктер жатады. 13-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, қайта ресімдеудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ лицензияның негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдардың қызметін бақылау 1. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия жеке тұлғаларға беріледі. 2. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, қайта ресімдеудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ лицензияның негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдардың қызметін бақылау «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді. 14-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, қайта жалғастыру, тоқтату және одан айыру 1. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден басқа, адамның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданысы: 1) ол мемлекеттік қызметте болған; 2) ол Қазақстан Республикасы Парламенті депутаты­ның, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған; 3) ол сот сараптамасы органдарында сарапшы лауазымында жұмыс істеген; 4) ол мерзімді әскери қызметті өткерген; 5) осы Заңның 22-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда тоқтатыла тұрады. Лицензияны тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған кезде оның қолданысы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде қайта жалғастырылады. 2. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден басқа, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату: 1) адам қайтыс болған; 2) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша адам әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған; 3) адам Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан; 4) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген; 5) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде адам қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған; 6) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жүзеге асырылады. 3. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айыру: 1) адам сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел немесе бірнеше рет бұзған; 2) аттестаттау нәтижелері бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі салдарынан адамның сот сарапшысы міндеттерін атқаруы мүмкін болмаған; 3) адам аттестаттаудан өтуден жалтарған жағдайларда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады. 4. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын сот-сараптама қызметiн лицензиялау жөнiндегi комиссия ұсынған материалдар негізінде лицензиар тоқтата тұрады, қайта жалғастырады және тоқтатады. Лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған, қайта жалғастырылған немесе тоқтатылған адам қабылданған шешім туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі және тиісті мәліметтер бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізіледі. 15-бап. Қазақстан Республикасы Сот сарапшы­ларының мемлекеттік тізілімі 1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары, сондай-ақ сот-сараптама қызметiмен айналысуға арналған лицензиясы бар адамдар туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi. 2. Сот сараптамасын жүргізу, осы Заңның 19-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген адамдарға тапсырылады.

3-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫ ОРГАНЫНЫҢ БАСШЫСЫ. СОТ САРАПШЫСЫ

16-бап. Сот сараптамасы органының басшысы Сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасы органының сот-сараптама қызметіне басшылықты жүзеге асыратын адам болып табылады (сот сараптамасы органының бірінші басшысы, сот сараптамасы органы аумақтық бөлімшесінің басшысы). 17-бап. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары 1. Сот сараптамасы органының басшысы: 1) осы Заңның 43-бабының 1-тармағына сәйкес тиісті уәждерді көрсете отырып, сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және зерттеуге ұсынылған объектілерді орындамай қайтаруға; 2) егер арнайы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдарды енгізу туралы сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында өтінішхат беруге; 3) шет мемлекеттің сот сарапшысын тарту туралы сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында өтінішхат беруге; 4) сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзарту туралы сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында уәжді өтінішхатты мәлімдеуге құқылы. Сот сараптамасы органы басшысының сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар. 2. Сот сараптамасы органы басшысының: 1) сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті объектілерді өзі дербес талап етуге; 2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келісімінсіз оны жүргізуге тартуға; 3) сот сарапшысына нақты сот сараптамасы бойынша түйіндердің мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқығы жоқ. 18-бап. Сот сараптамасы органы басшысының міндеттері Сот сараптамасы органының басшысы: 1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және зерттеу объектілерін алған кезде заң талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты бір сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына жүргізуді тапсыруға; 2) сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізілетін зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығын, объективтілігі мен ғылыми негізділігін бақылауды, сондай-ақ сот сараптамасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге; 3) зерттеулер аяқталғаннан кейін сарапшының қорытындысын, зерттеу объектілерін және зерттеуге ұсынылған басқа да материалдарды сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жолдауға; 4) сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге; 5) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті. 19-бап. Сот сарапшысы 1. Сот сараптамасын жүргізу: 1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне; 2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға; 3) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін. 2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақ­шаларында аталған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығында тұруға тиіс. 3. Біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу: 1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасы тағайындалған; 2) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерi болып табылатын тиiстi мамандықтағы сот сарапшыларынан, сондай-ақ лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметi­мен айналысатын адамдардан уәжді бас тарту қанағаттан­дырылған не сот сараптамасы органы тұтастай сот сараптамасын жүргiзуден уәжді шеттетiлген; 3) осы Заңның 62-бабына сәйкес шет мемлекеттiң сот сарапшысы тартылған жағдайларда тапсырылуы мүмкiн. 4. Сот сарапшысы біліктілік талаптарына және заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келуге тиіс. 5. Мынадай: 1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған; 2) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар; 3) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе қылмыстық жауапты­лықтан босатылған адам сот сарапшысы бола алмайды. 6. Тиісті заңдық факт басталған сәттен бастап үш жыл ішінде: 1) заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелген немесе алынған; 2) қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін оған қатысты айыптау үкімі шығарылған немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық теріс қылық немесе ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған; 3) мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан, әскери қызметтен, сот сараптамасы органдарынан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған; 4) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айрылған; 5) сот-сараптамасы қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданысы осы Заңның 14-бабы 2-тар­мағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған адам сот сарапшысы бола алмайды. 20-бап. Сот сарапшысына қойылатын біліктілік талаптары Осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдар мынадай біліктілік талаптарына сай болуға: 1) жоғары білімі болуға; 2) сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығын беретін біліктілік куәлігімен расталған сот сарапшысы біліктілігі болуға; 3) осы Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен аттестатталған болуға тиіс. 21-бап. Сот сарапшысы біліктілігін беру Сот сарапшысы біліктілігін беру адамның біліктілік емтиханын тапсырып, оған сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығын беретін сот сарапшысының біліктілік куәлігін беру арқылы жүзеге асырылады. 22-бап. Сот сарапшысын аттестаттау 1. Сот-сараптама қызметін жиырма жылдан аса жүзеге асырған адамдарды қоспағанда, сот сараптамасы орган­дарының қызметкерлері болып табылатын сот сарап­шылары, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сарап­тама қызметімен айналысатын адамдар әрбір бес жыл сайын аттестаттаудан өтеді. 2. Сот сарапшысының біліктілік талаптарына сәйкес келмеу фактілері анықталған кезде оны кезектен тыс аттес­таттау өткізіледі. 23-бап. Сот сарапшысының құқықтары 1. Сот сарапшысының: 1) сот сараптамасының нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға; 2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды оған беру, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаттарды мәлімдеуге; 3) қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының, соттың, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысатын адамдарға сот сараптамасы нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; 4) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға; 5) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келiсуi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге; 6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының көмегін тегін пайдалануға, одан бас тартуды мәлімдеуге; 7) сот сараптамасын тағайындаған органның (адам­ның) және іс бойынша іс жүргізуге қатысатын өзге де адам­дардың сот сараптамасын жүргізу кезіндегі оның құқық­тарына қысым көрсететін шешімдері мен әре­кет­теріне шағым жасауға; 8) сот сараптамасын жүргізу кезінде жұмсалған шығыстардың өтемін және егер сот сараптамасын жүргізу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар. 2. Сот сарапшысының: 1) сот сараптамасын тағайындаған органды (адамды) хабардар етпей, процеске қатысушылармен сот сараптамасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; 2) зерттеу үшін материалдарды өзі дербес жинауға; 3) егер сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) оған арнайы рұқсаты болмаса, объектілердің толық немесе ішінара жойылуына не олардың сыртқы түрінің немесе негізгі қасиеттерінің өзгеруіне алып келуі мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ. 24-бап. Сот сарапшысының міндеттері Сот сарапшысы: 1) қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының, соттың, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; 2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге; 3) заңда көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) беруге (жолдауға); 4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; 5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге; 6) істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге; 7) сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) шығыстар сметасын және жұмсалған шығыстар туралы есепті ұсынуға міндетті.

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СОТ САРАПШЫЛАРЫ ПАЛАТАСЫ

25-бап. Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы 1. Қазақстан Республикасының Сот сара­п­шылары палатасы (бұдан әрі – Палата) Палата мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын сақтауы үшін құрылатын коммерциялық емес, кәсіби, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады. 2. Палата заңды тұлға болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен тіркелуге жатады. 3. Лицензия негізінде сот-сараптама қызметiмен айналысатын адамдар Палата мүшелері болып табылады. 4. Палатаға мүшелік міндетті болып табылады. 5. Адамның осы Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес келмеу жағдайларынан басқа, лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамға Палата мүшесі болуына бас тартылмайды. Кіру жарналарын Палатаның алуына жол берілмейді. 6. Палатаның қызметін қаржыландыру міндетті жарналар және заңда тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады. Жарналарды төлеу тәртібі, мөлшері және мерзімі Палатаның жарғысында белгіленеді. 7. Әрбір облыс, республикалық маңызы қала және астана аумағында Палатаның филиалы болып табылатын сот сарапшыларының бір аумақтық палатасы (бұдан әрі – аумақтық палата) құрылады. 26-бап. Палатаның басқару органдары 1. Палатаның жоғары басқару органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады. 2. Палатаға басшылықты оның мүшелері жалпы жиналыста сайлаған төраға және басқарма жүзеге асырады. 3. Палата мүшелері жалпы жиналысының, төрағасының және басқармасының құзыреті оның жарғысында регламенттеледі. 4. Палата жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мыналар жатады: 1) Палатаның жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу; 2) Палатаның төрағасын, басқарма және ревизиялық комиссия мүшелерін сайлау; 3) Палатаның төрағасын, басқарма және ревизиялық комиссия мүшелерін мерзімінен бұрын кері шақырту; 4) Палата қызметінің негізгі бағыттарын айқындау; 5) Палатаның бюджетін бекіту. Палатаның жарғысында өзге де мәселелер көзделуі мүмкін, олар бойынша шешімдер қабылдау жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатады. 5. Палата мүшелерінің жалпы жиналысын шақыру тәртібі мен мерзімдері оның жарғысында айқындалады. 6. Палатаның төрағасы болып кемінде он жыл сот-сараптама қызметінің өтілі бар адам сайланады. 7. Палатаның төрағасы үш жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланады, бұл ретте дәл сол бір адам Палата төрағасының лауазымын қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды. 8. Палата басқармасының мүшелері жасырын дауыс беру арқылы үш жылға сайланады. 27-бап. Палатаның жарғысы 1. Палатаның жарғысында: 1) қызметінің атауы, орналасқан жері, мақсаттары және негізгі түрлері; 2) Палатаның өкілеттіктері; 3) мүшелікті алу, тоқтата тұру және оны жою шарттары мен тәртібі; 4) мүшелерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкер­шілігі; 5) аумақтық палаталардың ұйымдық құрылымы, құқық­тық жағдайы; 6) басшы органдарды қалыптастыру тәртібі, олардың функциялары мен өкілеттіктерінің мерзімдері; 7) ақша қаражатын және өзге де мүлікті қалыптастыру көздері, мүлікті басқару тәртібі; 8) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі; 9) Палатаны қайта құру және тарату тәртібі, оны таратқан жағдайда мүліктің жай-күйі көзделуге тиіс. 2. Палатаның жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін. 28-бап. Палатаның өкілеттіктері 1. Палатаның қызметі осы Заңда, оның жарғысында айқындалады. 2. Палата: 1) өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады; 2) өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың мемлекеттік органдармен, өзге де заңды тұлғалармен қарым-қатынастарында сот-сараптама қызметін жүзеге асыруы кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды; 3) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия алуға үміткер адамдардың біліктілік емтихандарын тапсыруы үшін оларды дайындауда әдістемелік көмекті жүзеге асырады; 4) өз мүшелерін оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады; 5) сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік материалдарды әзірлейді; 6) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру туралы ұсынысты енгізеді; 7) өз мүшелерінің сот сарапшысының міндеттерін және сот сарапшысы әдебін бұзуына қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды; 8) сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының норма шығарушылық қызметіне қатысады; 9) аумақтық палаталардың қызметін тексеруді жүзеге асырады; 10) сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады; 11) біліктілік және аттестаттау комиссиясының құрамына енгізу үшін өкілдер жібереді; 12) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ол бекіткен нысан бойынша өз қызметі туралы статистикалық ақпарат ұсынады; 13) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады. 3. Палата лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамның жасаған әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығы туралы мәселені қарау кезінде одан жүргізілген сот-сараптамалық зерттеулер туралы мәліметтерді, ал қажет болған жағдайларда жеке түсіндірмелер беруді, оның ішінде сот сарапшысының әдебін сақтамау мәселелері бойынша жеке түсіндірмелер беруді талап етуге құқылы. 29-бап. Аумақтық палатаның өкілеттіктері 1. Аумақтық палатаның қызметі осы Заңмен, Палатаның жарғысымен және оның филиалдары туралы ережемен реттеледі. 2. Аумақтық палата Палатаға жүктелген өкілеттіктерден туындайтын өкілеттіктерді жүзеге асырады. 3. Аумақтық палата Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша өз қызметі туралы статистикалық ақпаратты Палатаға ұсынады.

5-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫН ЖҮРГІЗУ

30-бап. Сот сараптамасын жүргізу негіздері 1. Сот сараптамасын жүргізу негіздері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде, сондай-ақ «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген. 2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органының басшысына не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамға сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу және қорытынды беру үшін қажетті зерттеу объектілерін және өзге де материалдарды ұсынады. 3. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 6-тарауында айқындалады. 31-бап. Сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі шектеулер 1. Заңда көзделген негіздер болған кезде сот сараптамасын жүргізуді сот сараптамасы органына тапсы­руға болмайды, ал басталған сот сараптамасын жүргізу дереу тоқтатылады. 2. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргiзуге қатысудан бас тартуына болады, ал егер оған сот сараптамасы тапсы­рылған болса, заңда көзделген негiздер болған кезде оны жүргiзуді дереу тоқтатуға мiндеттi. 32-бап. Сот сараптамасының объектілері 1. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң анықтығы мен жарамдылығына сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) кепiлдiк бередi. 2. Сот сараптамасы объектiлерi, егер олардың көлемдері мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сот сарапшысына оралған және мөрленген түрде берiледi. Қалған жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сарапшысын зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткiзудi, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс. 3. Зерттеулер жүргізу кезінде заттай дәлелдемелер мен құжаттар сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана зақымдалуы немесе пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді қаулыда, ұйғарымда қамтылуға тиіс. 4. Сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен жүргізілген зерттеу объектілерінің зақымдалуы немесе жойылуы олардың меншік иесіне сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының залалды өтеуіне алып келмейді. 33-бап. Үлгілер 1. Үлгілерді алу тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыс­тық-процестік кодексінде, Қазақстан Республи­касының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және осы Заңда белгіленген. 2. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылған жағдайларда, оны сот сарапшысы жүргізуі мүмкін. 3. Зерттеу процесінде сот сарапшысы эксперименттік үлгілерді дайындауы мүмкін, ол туралы қорытындыда хабарланады. Сот сараптамасын тағайындаған адам осындай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, бұл оның өзі жасайтын хаттамада көрсетіледі. Зерттеу жүргiзгеннен кейiн сот сарапшысы үлгiлердi оралған және мөрленген түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді. 34-бап. Сот сараптамасын жүргізу мерзімдері, оны ұзарту және тоқтата тұру 1. Сот сараптамасын жүргізу мерзімі сот сараптамасы органы не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адам сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және оның объектілерін іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап есептеледі. 2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген айрықша жағдайлардан басқа, сот сараптамасын жүргізу мерзімі отыз тәуліктен аспауға тиіс. 3. Сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзартуды сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органы басшысының не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес сот сараптама қызметін жүзеге асыратын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) уәжді өтінішхаты бойынша жүзеге асырады. Ерікті түрде сот сараптамасына тартылатын неме