15 Наурыз, 2017

Нұрлы жүрек

406 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Осынау жақсы ағаны еске алғанда ойыма бақытқа кенелтетін еңбек деген ұғым оралады. Өйткені, Мүсімхан Қабылтайұлы шын мәнінде бақытты ғұмыр кешті. Туған елінің қажетіне жарап, адал еңбек етіп, тер төкті. Отбасының мерейін тасытып, жар құшып, бала сүйді. Ағайын-туған, дос-жарандарының ортасына сыйлы болды. Осындай дәреже-атақ оған оңай келмеді. Атпал азаматтың өмірбаяндық дерегіне көз жіберсек, запыранды 37-де Жамбыл облысының бұрынғы Красногор ауданында туғанын көреміз. Осындағы ауылшаруашылық техникумын 1960 жылы техник-механик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жамбыл ауданының «Рославль» кеңшарындағы №3 бөлімшеде механик болудан бастайды. Дихан-механизаторлар­дың жұ­­­­­­мысы жылдың төрт мезгілінде де әсте толастамайды. Бір-бірі­мен жалғасып жатады. Істен шық­қан техниканы жөндеу, қатарға қосу үшін жас маман күндіз-түні дамылдамады. Екі жылда оның еңбегі ескеріліп, инженер-бақылаушы, машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі, шаруашылықтың бас инженерлігіне дейін жо­ғарылатылады. Өндірістен қол үзбей 1971 жылы бір кез­дегі арманы болған Қазақ­тың ауыл шаруашылығы инс­титутының инженер-меха­ника факультетіне оқуға түсіп, бітіреді. Бұдан кейінгі өмір белестері алға ұмтылу, өз бағы­тынан адаспай, елге адал қыз­­мет етумен жалғасқанын көреміз. Мүсімхан Қабылтайұлы бас инженерліктен кейін Алма­ты облысындағы «Казсель­хоз­­тех­ника» ауданаралық бір­лес­тігі басқармасының бас­тығы, Жамбыл ауданындағы Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығының директоры, Ақсеңгір тәжірибе шаруа­шылығының директоры, Жам­был атындағы кеңшар директоры, «Рославль» қой өсіру кеңшарының директоры, Жамбыл атындағы жылқы зауытының директоры қызметтерінде сатылап өсіп, үлкен мектептен өтіп, шыңдалып, халықпен қоян-қолтық араласып, ел экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосты. Аудан, облыс басшылары оны өз ісінің білгірі, ұтымды ұйымдастырушы болғандықтан әрдайым экономикасы тұралаған шаруашылыққа жіберіп отырды. Ол 1992-1996 жылдары Тал­ғар ауданындағы «Кербұлақ» кеңшарының директоры, 1996-2002 жылдары Жамбыл ауданы, «Беріктас» кооперативінің директоры лауазымдарын да абыроймен атқарды. Халықтың сенімінен шығып, шаруашылық жүгін алға сүйреді. Қай кезде де төккен тердің өтеуі болады. Осылайша, Мүсім­хан Қисықов Қазақстанның ең­бек сіңірген ауылшаруашылық қыз­меткері атанды. Кеңестік кезеңде КОКП ХХVІІІ съезінің делегаты болды. Әрбір жұмыс нысанын жіті қадағалай білетін талапкер басшы Мүсімханның тәрбиесімен шыңдалған сол кездегі жастар арасынан сүзіліп шыққан саналы жігіттер бүгінде еліміздің әр түкпірінде өз орындарын тау­ып, жемісті еңбек етіп жүр. Жалпы, сол кездегі шаруашылық басшыларының жаңашыл бастамаларына журналист ретінде таңданатын едім. Егін орағы, мал азығын дайындау, қысқа дайындық, төл алу және басқа жыл мезгілдерінде бір-бірімен сабақтасып жататын науқандарда Одақтық, облыстық, аудандық ауыспалы қызыл тулар тапсырылып, жарыс жеңімпаздары жеті сайын, ай сайын, жыл аяғында марапатталатын. Рославльдіктер сондай сәттерде үнемі көш басында жүретін. Ұзын бойлы, кең жауырынды азаматтың тура сөйлейтін мінезі, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті астасып, осындай шаралар барысында оны биікке көтеретін. Аудан басшысы 1987 жылы тозығы жеткен малшы үйлері мен мал қораларын сапалы жөндеуді шаруашылық басшыларына қатаң тапсырып, арнайы айлық жарияланды. «Рославль» кең­шары ауданнан шалғай орналас­қандықтан құрылыс материалдарын тасу мен жеткізуге қы­руар қаржы керек болды. Сол кездің өзінде қаржыны есептеу, үнемдеу қатаң бақыланатын. Сондықтан басшылар тығырыққа тірелді. Осы тығырықтан жол тауып, жергілікті құрылыс материалдарын тиімді пайдаланған шаруашылық директоры Мүсім­хан Қисықов қысқа мерзімде малшы үйлері мен мал қораларын, монша салып, әріптестеріне өнеге көрсетті. Озық тәжірибемен танысу үшін барлық колхоз, сов­хоз басшылары Мәтібұлақ ауы­лына жол тартты. Шөлейтті аймақ, құм суырған дала жолымен бір белден асып, екіншісіне көтерілеміз. Алдымыздан тап-тұйнақтай салынған шопан үйі шығады. Жұмыртқадай аппақ құрылысты шопан үйі деп айтуға ауыз бармайды. Қарсы беттегі ұзыннан ұзын салынған мал қорасы қандай қыс қаһарына да төтеп беретіндей. Төлге арналған орындары да бар. Тәжірибелі деген директорлар алғашында күліп келсе, құрылысты көр­геннен соң осы әдісті пайдаланып, жүздеген малшы үйлері мен мал қоралары жаңарды. «Қисы­қовтың тәжірибесінің» осылайша аудан, облысқа тарағанын әлі ұмытпаймын. Мүсімхан Қабылтайұлы 1989 жылы мал қыстатуды ойда­ғыдай өткізгені, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру мен сатудағы қол жеткізген табыс­тары үшін Бүкілодақтық дәре­жедегі бас жүлдені жеңіп алып, еңбегі ақталды. Оған қоса қо­мақты ақша­лай сыйлыққа ие болды. Бұл халықтың мерейін өсірді. Жақсының шарапатымен аға шопандар Алмасай Нұрланғазиев пен Сәлем Сұртаев және басқалары марапатталды. Омырауларына Отан наградасын тақты. Озаттар кезексіз автокөлік мінді. Ол кезде қазіргідей, авто­көлікке екінің бірінің қолы жет­пейтін. Оны тек еңбектегі жо­ғары жетістіктерімен ғана алатын. Отыз жылдан астам іргелі шаруашылықтарды басқарып, үлкен шаңырақтың бақытын шалқытқан жан жайлы «Ел үмітін ер ақтар» деген естелік жинақты парақтап отырмын. Онда туған жерге туын тіккен азаматтың халқына, ата-анасына, ұрпағына, замандастары мен достарына деген сүйіспеншілігі кеңінен сөз болыпты. Және Мүсімхан Қисықовпен әр жылдары бірге еңбек еткен әріп­тестері, белгілі тұлғалар пікірлерін тебірене жазыпты. Дана халқымыз адамгер­шілікке қатысты үш сауапты атап айтқан. Ол – шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен, деп келеді. Азаматтың азаматына ғана тән бұл қасиеттер Мүсімхан Қа­был­тайұлының өмірлік ұста­ны­мына айналып, өмірінде оны толық жүзеге асырған жан­дардың қатарынан саналады. Мәтібұлақтың көк­теуі мен қыс­тауына құдық та қаздырды, көпір де салды. Бүгінгі Мәтібұ­лақ ауылы танымастай сәу­леттенсе, ондағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени орындар азаматтың бастамасымен тұр­ғызылған. Жайқалған жасыл желекті тал-теректер оның басшылығымен, бірқатары тіпті өз қолымен отырғызылған. Ша­руашылық тәсілмен сол жылдары 60 тұрғын үй, асхана, 320 орындық балабақша, тағы бас­қа құрылыстар бой көтерген. Құр­метті еңбек демалысына шы­ққаннан кейін балаларымен кеңесіп, Мәтібұлақта өз қар­жысына күмбезі көк тіре­ген Алланың үйін тұрғызып, жер­лестерінің игілігіне берді. Мешіт арғы аталары Кебекбай бидің атымен аталады. Данышпан Абай айтқан «Әкең­нің ғана баласы болма, адам­ның баласы бол» деген да­налық өсиетке сай өмір сүрген, ұлағатты ұл-қыз өсіруге ден қойған халықтың өкіліміз. Міне, қазақтың сондай перзенттерінің бірі 2011 жылы мына фәни дүние­­ден өткен Мүсімхан аға мен отаға­сының соңынан сағы­ны­шын арқалап кеткен Бәтима жең­гей еді. «Ел үмітін ер ақтар, ер ата­ғын ел сақтар» деген ақиқат бар ғой. Сол айтқандай, үмітін ақтаған азаматын еске алып, Ұзын­ағаш ауылындағы бір көше Мүсімхан Қисықовтың атымен атау жайы ойластырылуда. Бұл да азаматқа деген бір құрмет десе болады. Иә, ол отызында орда бұзды, қырқында қыр асып, қамал алды. Халқына, туған еліне көп еңбек сіңірген, үлгі-өнегенің, биік адам­гершіліктің, тәлім-тәрбиенің үлгісі болған аға буын өкілдерінің тұлғасы бүгінгі ұрпақтары үшін әрдайым өнеге болып қала бермек. Күмісжан БАЙЖАН, мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы