15 Наурыз, 2017

Экономика мәселелерін сарапшылар қадағалайды

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздің үздік сарапшылары экономикалық белсенділіктің даму жолдарын қарастырады, деп жазады palata.kz. Сарапшылардың алғашқы ашық алаңында жаңа жағдайдағы экономиканың жаңғыруының болашақ қадамдарын талқыланатын болады. Қазақстан Республикасының экономикасы жөніндегі сарапшылар кеңесі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің 2016 жылдың 6 желтоқсанындағы жарлығымен бекітілген. Бұл ­– экономика саласын дамыту жолындағы ақыл-кеңестер мен ұсыныстарды сүзгіден өткізіп, қорыту мақсатында құрылған кеңесші орган. ҚР экономикасы жөніндегі сарапшылар кеңесі құрамы қоғамның түрлі саласында қызмет ететін, айтатын ойы мен өзіндік орны бар тұлғалардан жасақталған. Кеңес құрамында Елдар Әбдіразақов, Жарас Ахметов, Әнуар Боранбаев, Ерболат Досаев,  Жаннат Ертілесова, Ораз Жандосов,  Қайрат Келімбетов, Ерлан Қарин, Жақсылық Құлекеев, Абылай Мырзахметов, Меруерт Махмұтова, Сержан Мәдиев, Олжас Худайбергенов, Үміт Шаяхметова бар. ҚР экономикасы жөніндегі сарапшылар кеңесінің атқарар қызметі жан-жақты болмақ. Даму қарқыны жақсы салаларда мемлекеттің бақылауымен қатар алқалы топтар мен кеңестердің жұмысы есепке алынады. Экономикада орын алған мәселелерді дер кезінде шешіп, халықтың мұң-мұқтажын назарда ұстап, өз ұсыныстарын ортаға салатын, ой елегінен өткізіп, шешу жолдарын талқылайтын ел ағаларының ойы маңызды. Сарапшылар кеңесі ең өзекті мәселерді талқылау үшін айына бір рет бас қосады. Биылғы жылдың наурыз айында Кеңестің 3 отырысы өткізілді. Онда денсаулық сақтау, банк жүйесі және экономиканың негізгі салаларының бәсекеге төзімділігі, мемлекеттік өңірлік саясаты  бойынша мәселелер талқыланды. Аталған бағыттар бойынша сарапшылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіреді. Алдағы уақытта бұл кеңестің жұмысы туралы ақпарат «Атамекен» ҰКП сайтында және Қазақстан экономистер қауымдастығы сайтында http://www.economist.kz/ тұрақты түрде жарияланады. Кеңестің жұмысы қоғамға ашық түрде көрсетіледі. Кеңес тұралы толық ақпаратты «Атамекен» ҰКП сайтында, ҚР экономикасы жөніндегі сарапшылар кеңесі парақшасынан білуге болады.