15 Наурыз, 2017

Қазақстанның оңтүстігінде халықтың 38 пайызы тұрады - Дүйсенова

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның оңтүстігінде ел халқының 38 пайызы тұрады. Олар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары. Ал шамамен 17 пайыз халық солтүстік өңірлерде тұрып жатыр. Бұл туралы бүгін Сенатта өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. "Егерде мұндай жағдай одан ары сақтала беретін болса, онда болжамға сәйкес 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлердің халқы 5,2 млн. адамға жетеді. Солтүстік өңірлердің халқынан 4 есеге асып түседі, ал солтүстік өңірлердің тұрғындары 1 млн. адамға кемиді", - деді министр. Оның айтуынша, қазірдің өзінде халықтың қоныстануда теңгерімсіздік байқалады. Министр оңтүстік өңірде 100 жаңа туған балаға 12 қарт адамнан келсе, солтүстік өңірде 100 жаңа туған балаға 53 қарт адамнан келетінін айтты. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» жүйеге асырылған жылдардың ішінде оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарына 19 мың адам көшіп барған. Оларға бағдарлама аясында 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақханаларда бөлмелер салынған. «Бұл саясат одан ары да жалғаса береді. Дегенмен, ендігі уақытта жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы аясында баспана салу қарастырылмайды. Өйткені, «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бірақ, жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы аясында қоныс аударушылардың жалға алатын баспаналарына төлем жасау мүмкіншілігі қарастырылады. Отбасы мүшелерінің санына байланысты әрбір мүшеге 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейін баспана жалдауға субсидия беріледі. Мәселен, бір адам келсе, онда оған қалалық жерде баспана жалдауға 20 АЕК беріледі. Бұл шамамен 45 380 теңге. Егер отбасында 2-ден 4 адамға дейін болса,онда 25 АЕК беріледі. Мұнан бөлек, жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй салу мүмкіншілігі де қарастырылуда», - деді ол.