15 Наурыз, 2017

Баламасы жоқ жоба

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ

Бүгінгі күні облыс орталығының «Нұр Ақтөбе» деп аталатын тұрғын үй аумағы қызу қимыл мен қарбаласқа толы. Аршынды техникалар арқырап-күркіреп жер қазу жұмыстарымен айналысуда. Екінші мүйісте «Камаздардан» әртүрлі құрылыс материалдары түсірілуде. Бір сөзбен айтқанда, бұл маңайдың бәрі көп кешікпей қызған тойдай дүрілдеп кеткелі тұр. Бұл көргеніміз «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асатын аз қабатты үйлер құрылысының қарылғаш-қадамдары болып шықты.

Бірінші көкейге келгені әлеуметтік мәні мен маңызы аса жоғары бұл құрылыс қандай қаржы көздері есебінен тұрғызылмақ деген сауал болды. Осы ойымызды Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергеновке жеткізген едік. Оның айтуынша, мұндағы алғашқы қаржыландыру тетігін айқындайтын облыс орталығындағы үй құрылысы комбинаты болып шықты. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары аталмыш комбинаттың технологиясы бойынша тез әрі қысқа мерзімде тұрғызылмақ. Мамандардың мәлімдеуінше, аталған қалашық құрылысы жобасының елімізде ешқандай баламасы жоқ. Тұрғынүй құрылысжинақ−банктің несиелік қаражаттары есебінен тұрғызылатын айрықша жоба алғаш рет Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің өңірге жұмыс сапары кезінде таныстырылған.

−Биыл тұрғызылатын «Таунхаус» үлгісіндегі үш қабатты тұрғын үйлер аталмыш банкте есепшоты ашылған әрі төлем қабілеті бар деп табылған азаматтарға кезек бойынша беріледі. Бұдан олар екі жақты пайда таба алады. Біріншіден, тегін жер теліміне ие болады. Екіншіден, тұрғындар қысқа мерзім ішінде бағасы жоғары емес, қолжетімді баспананың иесі болып шыға келеді. Алдын ала жасалған есептер бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы аз қабатты тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспайды. Салыстырмалы түрде алғанда мұны ортадан төмен баға деп санауға әбден болады. Өйткені бүгінде көп қабатты үйлердегі төртінші және бесінші қабаттарының өзі бір шаршы метр тұрғы үй алаңына шаққанда нарық бағасына сәйкес 140-150 мыңнан сатылуда,  дейді С.Төлепбергенов.

Аз қабатты тұрғын үй құрылыстары өмір сүруге, жүріп−тұруға және кіріп шығуға өте ыңғайлы екені тәжірибеде дәлелденген. Алайда мұндай ерекше құрылыстарды тұрғызу тиімсіз деп санайтын еліміздегі бірқатар құрылыс компаниялары оны салудан қашқалақтайтыны да жасырын емес. Соған қарамастан бұл жолы өңірде аз қабатты үйлер тұрғызу тәсілі неге таңдалған? Мұны ең алдымен «Нұрлы жер» бағдарламасының тигізген шапағаты деп қабылдасақ артық болмайтын шығар. Оның үстіне бұл жобаны тұрғын үй құрылысы комбинаты технологиясы бойынша тез тұрғызу тәсілі таңдалғаны  оның өзіндік құны мен артық шығындарды біршама төмендеткен. Сондай-ақ, оған бұдан өзге де бағасы арзан сапасы жоғары жергілікті құрылыс индустриясының өнімдері пайдаланылуы да әлеуметтік баспананың қолжетімділігін біршама жақындата түскені анық.

Қазіргі күні заман талабына сай салынатын «Таунхаус» типіндегі үш қабатты, сонымен қатар қос қабатты үйлер тұрғызуға аймақтағы тәжірибелері мол, кәсіби деңгейлері жоғары жергілікті құрылыс фирмалары кірісіп кетті. Бірінші кезеңде құрылыс аталған фирмалардың өз қаражаттары есебінен бой көтермек. Содан соң конкурстық үдерістер жолымен әзір тұрған үйлерді сатып алу тәртіптері жүргізілмек. Тұтастай алғанда, аз қабатты тұрғын үйлер «Нұр Ақтөбенің» бірнеше шағын ауданында пайдалануға берілмек. Құрылыстың жалпы аумағы 100 гектардан асады. Оның инженерлік-коммуникациялық желілерін жобалауға биыл облыс бюджеті есебінен 150 миллион теңге бөлінген.

 Міне, осылайша қазіргі күні Ақтөбе аймағында жергілікті әрі сапалы материалдарды пайдалану арқылы қысқа мерзім ішінде әлеуметтік тұрғын үйлер салу жобасы қолға алынды. Астын сызып айтқанда, бұл тағы да елімізде баламасы жоқ қалашық тұрғызудың таптырмас үлгісі болып шығады. Қысқасы, Ақтөбедегі аз қабатты үйлер тұрғызу ісі тұрғындардың баспана мәселесін шешуіне септігін тигізбек. Екіншіден, осы арқылы жергілікті өндірісшілердің жүктемесі де толығымен өтелмек.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы