16 Наурыз, 2017

Астана ұстанымы – Сирия мәселесін бейбіт шешуге үлес қосу

419 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елордада Сирия мәселелерін реттеу бойынша халықаралық келіссөздердің үшінші раунды өтуде. Халықаралық аренада «Астана процесі» деген атауға ие болған келіссөздер барысында Шам еліндегі атысты доғару режімін нығайту, бейбіт халыққа гуманитарлық көмек жеткізу жолдарын жетілдіру, гуманитарлық нысандарды, оның ішінде ЮНЕСКО қорғауына алынған нысандарды минадан тазарту мәселесі сөз болды. Әдеттегідей «жабық есік» жағ­дайында өтіп жатқан келіссөздерге Ре­сей, Иран, Түркия тараптарының деле­гациялары қатысуда. Байқаушы ре­тінде Иордания, АҚШ және Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары келген. Халықаралық жиынның алдын ала жоспарына сәйкес, кеше тараптардың түрлі қайшылықты жағдайларға қатысты өзара пікір алмасуы болды. Негізгі пленарлық отырыс бүгін өтуге тиіс. Астана процесі 6 жыл бойы соғыс зардабын тартып келе жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге деген үмітін қайта оятты. Кешегі алқалы жиыннан кейінгі баспасөз мәслихатында еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов осылай деді. – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың толық қолдауымен және тікелей атсалысуымен басталған Сирия мәселелері жөніндегі Астана процесінің үшінші раунды аталған елдегі атысты доғару режімін нығайтуға, сонымен қатар, әскери және гуманитарлық мәселелерді талқылауға бағытталды. Қазақстан бұл дағдарыста бейтарап әрі объективті араағайын болып қала береді. Астана – Сирия бойынша болашақ келіссөздер үшін лайықты орын. Астанада өтетін келіссөздер Сирияда бейбітшілік орнауына үлес қосуы үшін тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етуге әзір­міз. Қазақстан бұл мақсатқа қол жет­кізу үшін белсенді түрде үлес қосуды жалғастыратын болады. Кепілдік беруші мемлекеттер – Ресей, Түркия және Иранның жоғары лауазымды деле­га­циялары Астана платформасында осыған дейін қол жеткізілген уағда­лас­тықтардың орындалуы барысын талқылап, Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша үшжақты өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастырды. Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық Астана процесіне үлкен сенім артып, қол жеткізілген келісімдерге жоғары баға беруде,– деді А.Камалдинов. Сыртқы саясат ведомствосы хабар­лағандай, басқосу барысында қақтығыс аймағына халықаралық көмек жеткізу, сонымен қатар, Сириядағы ЮНЕСКО қорғауына алған мәдени мұраларды сақтап қалу сынды мәселелер көте­ріл­ген. Кешегі отырыстан кейін Сирия мәселесі бойынша кепіл-мемлекеттер бірлескен мәлімдеме жасады. Оны еліміздің сыртқы саясат ведомствосының өкілі оқып берді. Бұл құжатта: – Сириядағы азамат соғысын бейбіт жолмен шешудің маңызды екені белгілі. Сондықтан, Женевада өткен келіссөздерден кейін өтіп жатқан Астана процесі өте маңызды. Біз наурыз айында Женевада өтетін келіссөздердің жалғасын табуын қолдайтынымызды білдіреміз. Үшжақты кездесулер жоғары деңгейде өтетіндігін атап өтеміз. Сирия Үкіметі мен Сирия оппозициясының өкілдері, сол сияқты басқа да тараптар, байқаушылар осы отырыстарға шақырылады. Біз жоғары дең­гей­дегі келесі отырысты Астанада 3-4 мамыр­да өткізу туралы шешім қабылдадық және 2017 жылдың сәуір айында Тегеранда сарап­шылық кеңес өткізу туралы келістік. Сириядағы қақ­тығыс­тардың аяқталуы туралы айтуға әлі ерте. Біздің алдымызда күрделі жол бар. Соған қарамастан, біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы терроризммен және экстремизммен күресе ала­мыз. Осы орайда, Астана про­це­сі­нің өзіндік тәжірибелік үлес қо­са­тынына сеніміміз мол. Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа жә­не Қазақстан билігіне кездесулерді өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін ал­ғы­сымызды білдіреміз,– делінген. Келіссөздердің үшінші раунды барысында Сирия дағдарысын реттеуге қатысты кепіл-мемлекеттерінің қатарына Иран Ислам Республикасы қосылғаны белгілі болды. Бұл туралы пле­нарлық отырыстан кейін тараптар өткіз­ген баспасөз мәслихатында айтылды. – Бүгінгі кеңесте қол жеткізілген өте маңызды нәтижелердің бірі Иран де­легациясының кепіл-мемлекеттерің қа­тарына қосылу туралы келісім құжа­ты­на қол қою туралы шешім қабыл­да­ғаны болды. Енді Иран Ресей және Түркиямен қатар, қақтығысушы тараптар өз мойындарына алған мін­дет­темелерді орындауға қатысты ке­піл-мемлекеттердің бірі, – деді Ре­сей Пре­зидентінің Сирия мәселелері жө­нін­дегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев. Кешегі келіссөздер жұмысына Сирия­ның оппозициялық топтарының де­легациясы қатыспағаны белгілі. Атал­ған делегация Астанаға бүгін ке­леді, келіссөздер процесіне қатысады деп күтілуде. Бұл туралы елміздің Сыр­­тқы істер министрлігінің ресми өкі­­л­і Әнуар Жайнақов хабарлаған бо­ла­тын. Сириялық оппозициялық топ­тар делегациясының келетіні тура­лы Ресей делегациясының басшысы А.Лаврентьев те айтып өтті. – Кездесуге қатысушы тараптардың бар­лығы қақтығыс аймағындағы зорлық-зом­былықтар деңгейінің айтарлықтай төмендегенін қуаттады. Астанадағы келіссөздерге сириялық қарулы оппозиция делегациясының қатыспағанына қарамастан, біз олардың өз ұстанымдарын өзгертетініне үміт артамыз. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, олар таңертең Астанаға келуге тиіс. Осы себепке бай­ланысты, сириялық оппозицияны қы­зық­т­ыратын мәселелерге қатысты кең ау­қым­ды консультация өткізу үшін Ресей, Түркия және Иран делегацияларының бір бөлігін Астанада қалдырамыз,– деді ол. Осылайша, Сирия оппозициясының де­легациясы келеді деп күтілуіне байланыс­ты, Астана процесінің үшінші раунды бір күнге ұзартылды, яғни «жабық есік» жағ­дайындағы жиын бүгін де жалғасатын болады. Астана процесінің алғашқы раунды Ресей, Түркия және Иран елдерінің ұсы­нысымен, Қазақстан тарапының қол­дауымен 23-24 қаңтар күндері ел­ор­дада өткені мәлім. Аса маңызды ха­лықаралық форумның екінші раун­ды 16-17 ақпанда өткен болатын. Жал­пы, халықаралық сая­сатта «Астана про­цесі» деген атауға ие болған алқалы жиын­ға Қазақстан тарапы тиісті алаң ұсынумен шектеледі. Еліміздің Сирия қақтығысына қатысты бейтарап ұстанымын сыртқы саясат ведомст­во­сы бұған дейін айқын аңғартқаны бел­гілі. Ресми Астананың ұстанымы – ал­ты жылға тарта уақыттан бері түйіні тар­қатылмаған мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне, тараптардың бітімге ке­луіне, сол арқылы бейбіт халықтың азап шегуін тоқтатуға үлес қосу. Осы ар­қылы Қазақстан халықаралық арена­да мәмілегер ел ретінде де беделін би­іктеткені анық. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»