16 Наурыз, 2017

Хош келдің, «Мэрцишор»!..

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы Дос­тық үйінде көктем мере­кесін қарсы алған «Буковино» аталатын румын-молдаван этномәдени бірлестігінің өкілдері осылай дейді. Нау­рыздың алғашқы күндері Молдова және Румынияда көктемді қарсы алу ғана емес, салт-дәстүр мерекесі саналады екен. Орталық жетекшісі Аурика Дяк Мэрцишор да Наурыз мейрамы сияқты көктем, жаңару мерекесі. Бұл мерекеде бір-біріміз­ге ақ, қызылды-жасылды жіптерден жасалған гүл түріндегі шағын ілмектерді сыйлаймыз. Бұл сыйлықтар, мерекенің аты сияқты мэрцишор деп аталады. Бұл ілмектерді сәуірдің ортасына дейін мойнымызға тағып жүреміз де, содан соң, ағаштарға ырым етіп тілек орындалсын деп байлаймыз. Бұл сондай көне, аңызға арқау болған мерекеміз саналады. Сондықтан Достық үйінде өткен көктемді қарсы алу шарасында біз бұл аңыздардың бәрін де айтып, көрсетіп бердік. Мақсат − жастарымыз, кішкентай румын-молдаван ұл-қыздары білсін, өздерінің салт-дәстүрлерін ұмытпасын деген ой. Біз Қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүрудеміз. Барлық мейрамдар бәрімізге ортақ. Наурызды біз де асыға күтеміз. Елбасына үнемі рахмет айтамыз, дейді. Сөйтіп, Достық үйінде биылғы Мэрцишорды – көктемді қарсы алуға жиналған жұртшылыққа би ансамблдері, «Фантазия» ансамблі, румын-молдаван этномәдени бірлестігінің вокалдық ансамблі, «Толқын» және «Алтын дауыс» вокалдық дуэттері, жеке орындау­шылар өнер көрсетті.. − Қазір біздің бірлестік те басқалар сияқты ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалуда. Шет елден келген қонақтарға елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігін, өнерін, ән-биін, қолөнерін көрсететін боламыз, – дейді Аурика Дяк. Ақпан айында «Буковинаның» жастар қанаты Роман Красаев, Полина Алкуца, Анна Дяк, Глеб Красаев, Анастасия Кузнецова, Алиса Алиева Ресейде өткен «Біз білетін Қазақстан» атты олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанып қайтыпты. Облыста соншалықты көп болмаса да румын-молдаван диаспорасы жиі бас қосуды, өз елдерінің тарихы, әдебиеті, тіл үйрену жайлы әңгімелесіп, әндерін айтып, билерін билегенді жақсы көреді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар Суретті түсірген Мақсат АЙТБАЕВ