16 Наурыз, 2017

Тіркелуге әлі де мүмкіндік бар

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ел экономикасының дамуына тікелей байланысты екені белгілі. Ал жағдайдың жақсаруы үшін мемлекет халық үшін барлық тиімді де оң істерді жүзеге асырып келеді. Соның бірі – азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеу мәселесі. Бұл мәселе де бүгінде жұртшылық тарапынан кең түсіністік тауып, жаппай қолдауға ие болды. Оның негізі өткен жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңнан бастау алған болатын. Заңның биыл­ғы 7 қаңтарда күшіне толықтай енгені мәлім. Осылайша елімізде азаматтарды тіркеу міндеті қызу қолға алынды. Дегенмен, уақытша тіркеу туралы әртүрлі пікір айтылғаны рас. Ал біле-білген жанға бұл тір­кеудің негізгі мақсаты – бір жерден екін­ші жерге түрлі себептермен келген адам­дардың санын білу. Сол арқылы аймақты дамытудың мемлекеттік және өңірлік бағ­дарламасын дайындау барысында әр елді мекеннің даму әлеуетін анықтау үшін онда­ғы азаматтар санын нақты есепке алу болып табылады. Осы негіздер есептеле келе, жұмыс орнын ашу, мектеп, аурухана салу және инженерлік-коммуникациялық инфра­құ­рылымдарды дамытуды жоспарлау да жүзеге асады. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі адамдардың игілігі үшін керекті іс. Өйткені, өркениетті елдер тәжірибесіне қарар болсақ, осы аталған жағдайлардың бәрі реттеліп қойылған соң оларда еңбек өнімділігі де, жаңа жұмыс орындарын табу мүмкіндігі де өте жоғары. Соған сай еңбекақы төленетіні белгілі. Адамдар тұрмысының деңгейі, әл-ауқатының көрсеткіші еңбекақының мөлшеріне байланысты десек, белгілі бір өңірде қанша адамның нақты тұратындығын, жұмыс істейтінін айқындау аса маңызды. Міне, бұл орайда адамдарды тұратын жері бойынша тіркеудің өзіндік тиімді жақтары барлығы бірден байқалады. Еліміз ішінде бір жаққа бір айдан астам уақытқа сапарлап барған адам міндетті түрде сол тұратын жері бойынша тіркеуге алынуы тиіс. Мұндай тіркеу әлем бойынша қалып­тасқан үрдіс. Оның үстіне біздің елімізде де тұрғылықты жері бойынша немесе уақыт­ша тұрған жері бойынша тіркеу заңмен қарастырылған. Дей тұрғанмен, қазір азаматтарды тір­кеуге қатысты туындап отырған мәселе бар екені де жасырын емес. Өйткені, жа­ңа­­дан салынған үйлердің тиісті құжаттары бір­ден дайын болмайды, сол себепті осын­дай үйлерде тұрып жатқан азаматтар тұр­ғы­лық­ты жері бойынша уақтылы тіркеле алмайды. Осы жағдайға байланыс­ты Ішкі істер министрлігі Жоғарғы сот, Бас про­кура­тура, Әділет министрлігі арнайы шешім қабыл­даған. Ол шешімге байла­нысты жаңадан салынған үйлерде тұрып жат­қандарды жауапкершілікке тарту дұрыс емес екендігі анықталған. Сөйтіп, осы шешімге сәй­кес облыстардағы көші-қон полициясы бөлім­шелеріне тиісті түсініктемелер беріл­ген. «Бұған қоса, Үкімет қаулысының жобасына толықтыру енгізілді. Ол уақытша тіркеуге жатпайтын азаматтардың санатын қарастырады. Бұлар 16 жасқа толмаған балалар, науқас азаматтар және емделуде жатқандар, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер және әскердегі сарбаздар», дейді Ішкі істер министрлігінің өкілі. Халықтың кезекте тұрмай тез тіркелуі үшін онлайн қызметі де жүзеге асты. Бұған дәлел бүгінгі күні Қазақстанның «Элек­тронды үкімет» порталында eGov.kz аза­маттардың тұрғылықты жері бо­йынша уа­қытша тіркелу қызметі қолжетімді. Бір сөз­бен айтқанда, барлық жағдай жасалды. Қазір­гі күні барлығы 1 млн 227 мың 539 азамат тіркеуден өтті. Бұл көңіл көнші­терлік сан емес. Сондықтан ІІМ Көші-қон полициясы уақытша тіркелмеген аза­мат­тарға наурыз айының ортасынан бастап айып­пұлдар сала бастаймыз деген болатын. Жоғарыда аталған заң шеңберінде «Халықтың көші-қон туралы» Заңға (51-бап) уақытша болатын жері бойынша тіркелу міндетін енгізу бөлігінде, «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» кодекс­ке (492-бап), уақытша болатын жері бойын­ша күнтізбелік 10 күннен бастап бір айға дейінгі мерзімге тіркеусіз тұрғаны үшін ескерту түрінде, бір айдан асса, 7 ай­лық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айып­пұл салу енгізілді. Бірақ енді Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта қолданыстағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы №1427 қаулысымен бекітілген ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағи­да­ларына толықтырулар енгізілуде дейді. Азаматтарды уақытша тіркеуге қатысты толықтырулар енгізілген осы қаулы жобасы Үкіметте қаралу үстінде көрінеді. Соған байланысты айыппұл салу мерзімі де нақты анықталмақшы екен. Ал аталған заң талабын сақтамаған адам әкімшілік жазадан құтыла алмасы анық. Жалға берушілер егер пәтер жалдаушыларды тіркемесе, оларға 10 АЕК (22 690 тең­ге), ал азаматтарға 15 АЕК (34 035 теңге) көле­мінде айыппұл салынуы әбден мүмкін. Сон­дықтан да заң талаптарына бағынған адам­ның артық проблемасыз өмір сүретіні анық. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»