16 Наурыз, 2017

Алматылық киім өндірушілер Астана нарығын игеруде

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы киім және аяқ киім өндіруші «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы» ЖШС өзінің өнімін «Mega Silk Way» сауда ойын-сауық орталығындағы жеке бутигінің сөрелерінде ұсына отырып Астана нарығына шықты, деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі. Бұл кәсіпорынның Астанадағы екінші бутигі, бірінші бутик «Самғау» сауда орталығында орналасқан. Бұдан басқа, компания «Mega Alma-Ata» сауда ойын-сауық орталығындағы бутигімен қоса «Mega Park» сауда ойын-сауық орталығында жаңа сауда орнын ашуды жоспарлап отыр. Жалпы, кәсіпорынның Қазақстан бойынша барлығы 4 бутигі жұмыс істейтін болады. Барлық бутиктерде ерлер киімі мен аяқ киімі және мектеп формасы сатылады. Өткен жылдың желтоқсан айында кәсіпорынның итальяндық технология бойынша 75-тен астам үлгідегі ерлер аяқ киімінің өндірісін іске қосылды. Желінің өндірістік қуаты 2,5 млрд. теңге тауар айналымымен жылына 150 000 жұп аяқ киімге жетеді деп болжануда. Бұдан басқа, тігін бұйымдарының өндірістік қуаты жылына 1,5 млн. бірлікті құрайды. Компания өнімінің қазақстандық қамтудағы үлесі 84%-ға дейін жетті. Қазіргі уақытта фабрика өңірдің ең ірі жұмыс берушілерінің бірі болып табылады. Кәсіпорын ашылған сәттен бері жұмысшылардың саны 15 есеге өсіп, 30 адамнан 450 адамға дейін артты, ал өндіріс көлемі 7 есеге артты. Сондай-ақ, кәсіпорын жанында 2014 жылдан бері «Шебер» оқыту орталығы  жұмыс істейді.