17 Наурыз, 2017

Мемлекеттік сақтандыру – әлеуметтік маңызы зор мәселе

109 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламенттің төменгі палатасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасының түзетулері таныстырылды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа құжатқа қатысты Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасап, олардың сауалдарына жауап берді. «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары­ның 80-қадамын іске асыру үшін өткен жылдың қараша айында «Мін­детті әлеуметтік сақтан­дыру тура­лы» Заң қабылданған бола­тын. Атал­ған заңда медициналық сақ­тан­дыру жүйесін қалыптастыру бо­йын­ша тиісті нормалар қарас­ты­рылған. Министр «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар заң акті­леріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы­ның ая­сын­да 6 кодекс пен 16 заңға өз­геріс­тер енгізілетінін жеткізді. Е.Біртановтың айтуынша, елдегі макро­экономикалық ахуалдарға байланысты, сонымен қатар, жұмыс берушілерге артылатын міндеттерді төмендету үшін төленетін жарна көлемін азайту туралы ұсыныстар түскен. Бұл ұсыныс қолдау тауып, Мемлекет басшысына ұсынылған. – Мемлекет басшысы бұл түзету­лерді мақұлдады. Осылайша, мем­ле­кеттің міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандырудағы жарна­сы­ның көлемі бекітілді, – деді министр. Сонымен, мемлекеттік жарна көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік жарна төлеу нысанының 3,75 пайызын құраса, 2019 жылдың басынан – мемлекеттік жарна төлеу нысанының 4 пайы­зы­на көтеріледі. Ал 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіш 4 пайыз­дан кем болмауға тиіс. Бұл орай­да, мемлекеттің жарнасы респуб­лика­лық бюджет туралы заңмен тиісті жылға сәйкес бекітіліп отыратын болады. Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақ­тандыруға қатысты жұмыс берушілердің жар­­насы да жыл санап көтеріліп отырмақ. Оның көлемі биылғы жылдың басынан бастап аударылған төлем нысанының 1 пайызын құрай­тыны белгілі. Келесі жылы бұл көрсеткіш 1,5 пайызға көбейсе, 2020 жылы 2 пайызға, 2022 жылы 3 пайызға жетуге тиіс. Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болса, 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап сақтандыру қорына табысының 5 пайызын құрай­тын жарна төлеуге міндеттеледі. – 18 жасқа дейінгі мүгедек бала­ға күтім жасайтын жұмыссыз адам­дарға мемлекет есебінен жарна төленеді. Жоғары оқу орнын бітір­ген түлектер де 3 айға дейін жарна төлеуден босатылады. Жұмыссыз жүрген оралмандар тіркелген күннен бастап, бір жылға дейінгі аралықта жарна төлемейді, олар мемлекет есебінен міндетті сақтандыруға ие болады. Тегін медициналық сақ­тандыруға жұмыссыз жүрген және Қазақстанда тұрақты түрде тұратын шет ел азаматтары, олардың ішінде зейнеткерлер, балалар, мүгедектер, студенттер қол жеткізе алады, – деді Е.Біртанов. МӘМС жүйесінің енгізілуіне байланысты әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік және құқық қор­ғау органдарының қызмет­керлеріне медициналық көмек көр­­сету, сонымен қатар, осы кате­го­­рия­­ға жататын, зейнетақы ала­тын азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көр­сету мәселесі де реттеуді қажет етеді. Осыған қатысты министр әс­керилерге, құқық қорғау, арна­йы мемлекеттік органдар қызмет­керлеріне әскери-медициналық мекемелерде мемлекет есебінен медициналық көмек көрсетілетін қазіргі тәртіпті қалдыру туралы ұсыныс айтты. – Күштік құрылымдардан тиіс­ті жас шегіне жеткеннен кейін немесе басқа да себептер бо­йын­ша қызметінен босатылған зейнет­кер­лерге, сонымен қатар, олардың қарауындағы отбасы мүшелеріне әскери-медициналық мекемелер, басқа да денсаулық сақтау мекемелері Қор активтерінің есебінен қызмет көрсетеді, – деді министр. Оларға санаторий, курорт қызметін ұсыну да бұрынғы­сын­ша мемлекет есебінен жүзе­ге асырылмақ. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»