Түркістандық археологтар тарихи нысанды тапты. Бұл тас ғибадатхана бірнеше бөлме мен дәлізден тұрады. Көне жәдігер Кангюй дәуіріне жатады дейді мамандар. Сол кезеңдегі адамдар мұнда құрбандық шалған көрінеді. Ғибадатханадан керамикалық тостағандар, темекі тартқыштар, диірмен тастары мен астық үккіштер табылған. Шошақтөбе ғибадатханасы-ғалымдар үшін үлкен қазына болып отыр.
Профессор Александр Подушкиннің айтуынша, ғибадатхана Кангюй мемлекетінің сенімдері мен рәсімдері туралы түсінік береді. Мұндағы кейбір жәдігерлерде кесірткелердің, қошқарлардың, тіпті азиялық мүйізтұмсыққа ұқсас жануарлардың кескіні бейнеленген. Сондай ақ, ғибадатхана маңайынан мыңдаған қыш ыдыс табылған.
«Біз мұнда ежелгі жәдігерлерді зерттеп жатырмыз. Әзірге мұнда қандай рәсімдер орындалғаны түсініксіз, дегенмен егіншілік атрибуттары жойылған кезде бәрін анықтаймыз. Мұнда көптеген құнды заттар бар. Менің ойымша мұның барлығы ежелгі дәстүрмен байланысты», деді Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.
Ғибадатхананың жанынан бірнеше қорым да табылған. Мұнда отбасы мүшелері мен оларға тиесілі болған әшекейлер, және ас үй ыдыстары жерленген. Бұл — адамдар ғасырлар бойы өмір сүріп, құдайларына дұға еткен біртұтас кешен болған дейді археологтар.
«Бұл жерлеу орындары сол заманның өзінде көп тоналған. Бір емес бірнеше рет тоналған. Тоналған кезде сүйектерді жан-жақа шашылады. Дегенмен кей бұйымдар қалып қояды. Көріп тұрғандарыңыздай бұл — алибастр. Сол кездегі адамдарда қолданған заттарды о дүниеге барғанда қолданады деген сенім болған. Және бірге қойып жерлейтін болған», - дейді археолог Гүлмира Стамқұлова.
Археологтардың айтуынша, бұл аумақтағы зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылады. Ал Кангюй мемлекеті кезеңінің артефактілері, әсіресе ғибадатхана кешені мен жерлеу орындары сияқты нысандар – қазақстандық ғылым үшін үлкен жетістік. Табылған барлық жәдігер Республикалық орталық мемлекеттік мұражайына беріледі.