18 Наурыз, 2017

Конституциялық реформа – Қазақстанның одан әрі қарышты дамуының негізі

1639 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылғы 10 наурызда Рес­пуб­лика Президенті Парламент 2017 жыл­ғы 6 наурызда қабылдаған «Қазақ­стан Республикасының Конститу­ция­сына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Еліміздің егемен дамуының 25 жылдық тәжірибесіне, жаппай танылған конституционализм қағидаттарына, халықтың пікірін және ұлттық ерекшеліктерді кеңінен ескеруге негізделген конституциялық реформа мемлекеттің саяси-құқықтық дамуындағы жаңа парақты ашты. Мемлекет басшысының бастамасымен өткізілген бүкілхалықтық талқы­лау Конституцияға енгізіліп отырған әрбі­рі қадау-қадау міндеттерді шешуге бағытталған түзетулердің мән-мағына­сын тереңінен түйсінуге мүмкіндік берді, сол талқылау қорытындылары бойынша алдағы реформаның кескін-келбеті түпкілікті айқындалды. Қабылданған жаңалықтардың ай­рық­ша маңыздылығын ескере отырып, ел Президенті Заңды Респуб­лика Конституциясына, оның ішінде Конс­титуцияда белгіленген құнды­лық­­тарға және Республика қызметінің түбе­гейлі принциптеріне, оны басқару ны­­са­нына сәйкестігіне тексеру туралы Конс­титуциялық Кеңеске өтініш жолдады. Конституциялық Кеңес Заңның Конс­­ти­туцияға сәйкес келетінін және жо­­­ға­­­рыда аталған институттар мен құн­­­ды­­лық­тарға нұқсан келтірмейтінін рас­­тады. Еліміздің шетелдік әріптестері де жоғары баға беруде. Еуропа Кеңесінің Құ­қық арқылы демократия үшін Еуро­палық комиссиясы (Венеция комиссиясы) өзінің 110-шы жалпы сессия­сында қорытынды қабылдап, онда Қазақ­стандағы конституциялық өзгеріс­тер мемлекетті демократияландыру про­цесіндегі алға басылған қадам деп атап көрсетіледі. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді және айқын прогрестің айғағы болып табылады. Комиссияның пікірінше, тұтас алғанда Пар­ламенттің және атап айтқанда, Парла­мент палаталарының рөлін көтеру, Республика Президентінің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есеп беру және бақылауында болу механизмдерін күшейту 1998 және 2007 жылдары өткізілген бұдан бұрынғы конституциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгеріс болып табылады. Заңның мазмұнынан келіп туындайтыны – өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдеріне енгізіледі. Конституцияның 4-бабы 3-тарма­ғы­ның жаңа редакциясы ұлттық құқық пен халықаралық актілердің өзара іс-қимы­лында жинақталған тәжірибені ескере отырып қабылданған. Енді ол бы­лай жазылған: «Республика бекіт­кен халықаралық шарттардың Респуб­лика заңдарынан басымдығы болады. Қазақ­стан қатысушысы болып табыла­тын халықаралық шарттардың Қазақ­стан Республикасының аумағында қол­данылу тәртібі мен талаптары Рес­пуб­ликаның заңнамасында айқын­далады». Бұл конституциялық ережелер Республиканың мойнына алған халықаралық міндеттемелерін одан әрі орындауын қамтамасыз етеді және, Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 31 наурызда қосылған, Халықаралық шарттардың құқығы туралы 1969 жыл­ғы Вена Конвенциясына, атап айт­қанда, онда белгіленген «pacta sunt ser­vanda» – қолданыстағы әрбір шарт оған қатысушылар үшін міндетті және олар тарапынан адал орындалуы тиіс (26-бап) деген принципке сай келеді. Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 және 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 нормативтік қаулыларында Халықаралық шарттардың құқығы туралы Вена Конвенциясы «шарт­тарды орындаудың тәртібін ай­қын­дамайды. Бұл мемлекеттердің айрық­ша конституциялық және заң шығарушылық құзыретіне жатады және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принципі – мемлекеттердің егемен теңдігінен келіп шығады» деп атап өтіледі. Конституцияның 2-бабын «Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін» деген 3-1-тармақпен толықтыру елорда аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуымен және оның тиімді қызмет істеуін қамтамасыз ету қажеттігімен байланысты. Азаматтық мәселелер бойынша енгізілген өзгерістер мен толық­тыру­лар (10-баптың 2-тармағы) адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тан­дық­тарын шектеудің конституциялық өл­шемдері мен негіздеріне (Конс­ти­туцияның 39-бабының 1-тармағы және 3-тармағының жаңа редакция­сы), сондай-ақ, БҰҰ шеңберінде қабыл­данған халықаралық актілерге сәйкес келеді. Мәселен, Азаматтығы жоқтық­ты қысқарту туралы 1961 жылғы 30 тамыздағы Конвенцияда мемлекет кез келген адамды ұлттық заңнамада көзделген негіздер бойынша, атап айтқанда, егер бұл адамның жүріс-тұрысы осы мемлекеттің өмірлік маңызы мүдделеріне елеулі зиян келтіретін болса, өзінің азаматтығынан айыруға құқылы, деп атап көрсетілген (8-бап). Еуропа Кеңесі Венеция комиссия­сы­ның Францияның «Ұлтты қорғау туралы» конституциялық заңының жобасы бойынша қорытындысында (106-шы сессиясында қабылданған), мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделеріне елеулі залал келтірген жағдайларда азаматтықты жоғалту халықаралық құқыққа сай ұлт­тық заңнамамен көзделуі мүмкін. Мем­лекеттер бұл шараны ерекше жағдай­ларда ғана және Азаматтығы жоқтық­ты қысқарту туралы 1961 жылғы 30 тамыздағы Конвенцияның 8.3.-бабының тікелей талаптарын сақтай отырып қол­дануы мүмкін. Венеция комиссия­сы атап өткендей, қосалқы санкция ретінде азаматтықтан айыру Мемле­кет­тік кеңестің шешімін орындау мақса­тын­дағы декретпен емес, сотпен немесе қыл­мыстық істер жөніндегі судьямен, не болмаса террористік істер жөніндегі мамандандырылған судья­мен қолданылуға тиіс. Қазақ­стан Конституциясының 10-бабы 2-тар­ма­ғының жаңа редакциясы Вене­ция комиссиясының осы аталған ұсы­ныс­тарын ескере отырып тұжырымдалған. Конституцияның 39-бабының 2-тар­мағына енгізілген, ұлтаралық тату­лық­ты ғана емес, конфессияаралық та­тулық­ты да бұзатын кез келген әрекет конс­титуциялық емес деп танылады, деген толықтыру қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм секілді Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің (Конституцияның 1-бабының 2-тармағы) мазмұнынан қисынды түрде туындайды және түрлі ұлттар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруіне Негізгі Заңның 5-бабы­ның 3-тармағында, 14-бабының 2-тар­мағында, 20-бабының 3-тармағында және 40-бабының 2-тармағында көзделген өзге де кепілдіктерді толықтыра түседі. Заңмен айрықша қорғалатын консти­ту­циялық құндылықтар тізбесі кеңейтіл­ген: «Конституцияда белгiленген мем­лекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұ­тастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ, тәуел­сіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбе­гей­лі прин­циптері және Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті – Елба­сының мәртебесі өзгермейді» (Конс­ти­туцияның 91-бабының 2-тармағы). Конституциялық Кеңес өзінің шеші­мінде атап өткендей, сол арқылы, өзінің конституциялық мәртебесі мен жеке қасиеттері арқасында егемен Қазақ­станның, оның ішінде Негізгі Заң­ның конституциялық құндылықтары және Республика қызметінің түбе­гей­лі принциптері қалыптасуы мен дамуына шешуші үлес қосқан; Қазақ­стан­ның бірлігі, Конституциясы, адам­ның және азаматтың құқықтары мен бос­тандықтары қорғалуын қамтамасыз еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Не­гізін салушы ретіндегі тарихи мис­сиясы конституциялық жолмен расталады. Заңда Конституцияға енгізі­летін өзгерістерді республикалық рефе­рендумға немесе Парламенттің қарауына шығарғанға дейін олардың бұл талапқа сәйкестігі туралы Конституциялық Кеңестің шешімін міндетті түрде алу қарастырылған. Түзетулер арқылы мемлекеттің құқық қорғаушылық әлеуеті едәуір күшейтілген. Республика Президентіне күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Конституцияға сәйкестігіне қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдауға құқық берілуі адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұ­тас­тығын қамтамасыз ету мүддесі­мен байланыстырылады, ал бұл Конс­ти­туцияның 40-бабында бекітілген Мем­лекет басшысының конституциялық-құ­қықтық мәртебесінен келіп туындайды. Республика Президентінің Конс­ти­туциялық Кеңес шешімдеріне қарсылық білдіру құқығы қарастырылған және олар­ды қараудың тәртібі мен салдарын реттеген Конституцияның 73-ба­бының 4-тармағы Мемлекет басшы­сының бастамасымен алынып тасталды. Конституциялық Кеңесті күшейтуге бағытталып қабылданған бұл шешімді біз Республика Президенті тарапынан Конс­титуциялық Кеңеске білдірілген жоға­ры сенім деп қабылдаймыз, конс­титуциялық бақылау органының жауап­кершілігі еселеніп, қызметіне қойы­­латын талап күшейе түсетінін оның ұжымы терең түсінеді. Шетел­дік са­рапшылардың көпшілігі атап өт­кен­дей, бұл конституциялық түзету­лердің арқа­сында Қазақстанның Конс­ти­­туциялық Кеңесі енді өзінің құзы­реті бойынша еуропалық елдердің бір­қа­тарының конституциялық соттарымен теңесті. Республикадағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәр­тебе беру, оны тағайындау мен қыз­метінен босатудың тәртібін реттеу Конс­титуцияның 1-бабы 1-тармағының және 12-бабы 2-тармағының Қазақстан Рес­публикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деген ережелеріне сай келеді. Омбудсман туралы ережелер мынадай бірқатар елдердің: Албанияның (60-63-баптар), Австрияның (148а-148-баптар), Хорватияның (93-бап), Эстонияның (139-145-баптар), Фин­ляндияның (108-113-баптар), Грузияның (43-бап), Венгрияның (43/В-бап), Поль­шаның (208-212-баптар), Румынияның (58-60-баптар), Ресейдің (103-бап), Сло­вакияның (151а-бап), Словенияның (159-бап), Испанияның (54-бап), Швецияның (13-тарау, 6-бап) және т.б. елдердің конс­титуцияларында бар. Венеция комиссиясының Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жө­ніндегі уәкілдің мәртебесі туралы қо­рытындысында (2007 жыл) Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің меке­месі конституциялық деңгейдегі кепіл­дік­терге ие болуға тиіс, бұл кепілдік­тер­де Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ме­ке­месінің сипаттамасы мен өкі­леттігінің мән-жайы және тағайындалуының не­гізгі шарты ретінде бұл адамның ай­қын көпшілік дауыспен Парламентте сайлануы көзделген. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денттігіне кандидаттарға қойылатын талаптардың күшейтілуі, атап айтқанда, жоғары білімі болуы керектігі туралы талаптың енгізілуі (Заңның 1-бабының 5-тармағы) негізді болып табылады. Конституциялық Кеңестің 2004 жыл­ғы 9 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулы­сында, өздерінің бәсең сайлау құқығын іске асыратын еліміздің азаматтарына Конс­титуцияда қойылатын талап сайлау­шы­лардың қалған көпшілігіне қарағанда едәуір жоғары, өйткені олар заң шығару және мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдау жауапкершілігін арқалайды, деп түсіндірілген. Заңмен Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, жекелеген өкілеттіктерді Пре­зи­денттің, Парламенттің және Үкімет­тің арасында қайта бөлу арқылы пре­зи­денттік басқару нысанын демокра­тия­лық жаңғырту жүзеге асырылды. Конституцияның 49-бабының жаңар­тылған 1-тармағына сәйкес Парламент – «Қазақстан Республикасының заң шы­ғару билігiн жүзеге асыратын Рес­пуб­ликаның ең жоғары өкiлдi органы». Бұл маңызды ереже Мемлекет басшысының заңдар, заң күші бар жарлықтар шығару жөніндегі; Парламент оларды өзіне берген жағдайда заң шығару өкілеттіктерін жүзеге асыру жөніндегі, сондай-ақ, Үкі­метке заң жобасын Парламент Мәжі­лісіне енгізуді тапсыру жөніндегі өзінің өкі­лет­тіктерінен (Конституцияның 45-бабы­ның 2-тармағы, 61-бабының 2-тар­мағы, Конституцияның 44-бабы­ның 3) тармақшасы) бас тартуы арқы­лы нақтыланды. Сонымен бірге, Респуб­лика Президентінің заңдар жобаларын қа­рау­­дың басымдығын белгiлеуге құ­қығы сақ­талады, бұл тиісті заң жобалары бі­рінші кезектегі тәртіппен екі ай ішін­­де қабылдануға тиіс екенін бiлдi­редi (Конс­титуцияның 61-бабының 2-тармағы). Заңмен Парламент Мәжілісінің Үкі­метті жасақтаудағы рөлі кеңейтілді. Премьер-Министр Парламент Мәжі­лісімен консультациялардан кейін Мем­лекет басшысына Үкімет мүшелерінің кандидатуралары туралы ұсыныс ен­гі­зеді. Президент қызметке дербес та­ғайын­­дап, қызметтен босататын сырт­­қы істер, қорғаныс және ішкі істер министр­лері лауазымдары үшін өзгешелік көз­делген (Конституцияның 44-бабы 3) тар­мақшасының жаңа редакциясы). Үкіметтің жаңадан сайланған Пар­ламент Мәжілісінің алдында өз өкілет­тігін доғаруын белгілейтін норма өте маңызды жаңалық болып табылады (Конституцияның 70-бабының 1-тар­мағына өзгеріс), Үкімет Мәжілісте өкіл­дігі бар саяси партиялардың белсенді түр­де қатысуымен құралатын жағдайда бұл әбден қисынды. Парламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүшелерінің қызметін бақылайтын өкілеттіктері едәуір күшейтілді. Осы мақсатта, Үкі­мет өзінің қызметінде Республика Пре­зидентінің де, Парламенттің де ал­дында жауапты деп белгіленді. Пре­мьер-Министр енді бұдан былай Үкі­мет қызметінің негізгі бағыттары жө­нінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке ғана емес, Парламентке де баяндап отыруға мін­детті. Парламент палаталарына Үкі­мет мүшесінің есебін тыңдау қорытындысы бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасау құқығы берілді. Мұндай жағдайда Мемлекет басшысы Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Республика Президентінің Үкімет пен Премьер-Министр актілерінің күшін жою, не қолданылуын тоқтата тұру құқығы алынып тасталды, бұл Үкіметтің дербестігін, сонымен бірге жауапкершілігін күшейте түседі. Мемлекет басшысының мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктері Үкіметке берілді, оларды Үкімет Республика Президентiнің келісімімен іске асыратын болады. Конституцияның 86-бабында жаңа талап енгізілген, оған сай мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталарының төра­ға­ларымен консультациялардан кейін тоқ­татады, бұл, осындай шешім қабыл­дау кезінде оның заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған алқалылық элементтері пайда бо­лады дегенді білдіреді. Өзге әкімшілік-аумақтық бөлініс­тер­дің әкімдерін қызметке тағайындаудың немесе сайлаудың, сондай-ақ, қызметінен босатудың тәртібін айқындау өкілеттігі белгілі бір шамада Мемлекет басшысынан Парламентке беріледі, Парламент оны заң қабылдау арқылы жүзеге асыратын болады. Реформа сот жүйесі мен прокура­ту­раның конституциялық негіздерін реттейді. Конституцияның 79-бабының 3-тармағында Республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конс­титуциялық заңда айқындалады деп белгіленген. Негізгі Заңның 81-бабының жаңа ре­­дакциясы Жоғарғы Соттың функция­­ларын нақтылауды көздейді – жер­­гілікті және басқа да соттардың қыз­метін қадағалауды жүзеге асыру туралы ереженің орнына, Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда өзінің сот­ты­лығына жататын сот істерін қарайды, деп айқындалған. Бұл орайда Республика Прези­ден­тінің мемлекеттің ішкі және сырт­қы саясатының негізгі бағыттарын айқын­дайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы; халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мыз­ғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі; мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін Мемлекет басшысы ретіндегі функциялары сақталады (Конституцияның 40-бабы). Конституцияның 83-бабы 1-тар­ма­ғының қабылданған редакциясында прокуратура мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады деп бекітілген, сондай-ақ, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады деп тікелей көрсетілген. Сол арқылы, прокурорлық қадағалаудың сұлбасы нақтырақ айқындалып, оның шектері заңда айқындалатын болады. Бұл Конституцияға қайта-қайта түзе­тулер енгізбей-ақ, прокуратура өкілет­ті­гінің көлемін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл шаралардың бәрі құқық қорғау жүйесін жаңғырту кезінде оқтын-оқтын туындап отыратын проблемаларды алып тастауға, сондай-ақ, қайта өзгертулерді тереңдету үшін конституциялық негіз жасауға мүмкіндік береді. Билік тармақтары арасында өкі­лет­тіктерді қайта бөлу, Конституциялық Кеңес атап өткендей, президенттік басқару нысанының негіздеріне және Республика Президентінің мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін Республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасы, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретіндегі мәртебесіне нұқсан келтірмейді. Бүкілхалықтық талқылауға шыға­рыл­ған түзетулердің бәрі бірдей қабылданған жоқ. Қоғамның белгілі бір бөлігі теріс қабылдағанын ескере отырып, Мем­лекет басшысы Конституцияның 26-бабына өзгерістерді алып тастау және оның қолданыстағы редакциясын сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл бапқа ұсынылған түзетулер заң тұр­ғысынан дұрыс болғанын атап өткен жөн. Венеция комиссиясы өзінің қоры­тындысында Конституцияның 26-бабына меншік құқығы мәселелері бойын­ша түзетулердің Парламентке енгі­зілер тұста алынып тасталғанына өкі­ніш біл­дірді, оның есептеуінше, бұл түзе­ту­лер халықаралық стандарттарға сай келеді. Республика Президенті Парламентте сөз сөйлеп тұрып, бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу, түсіндіру жұмысын жүр­гізу, сөйтіп барып бір ортақ мәмілеге келу қажеттігіне назар аударған болатын, содан кейін тиісті шаралар айқын­далатын болады. Жүргізіліп отырған реформалар тұр­ғысынан алғанда, Қазақстанның қа­зіргі дамуы жағдайында конститу­цио­нализмнің идеялары мен принциптерін, олардың таралу деңгейі мен ұлттық заңнамада іске асырылу динамикасын терең түйсіну қажет. Бұл құқықтық постулаттар іске асуының негізгі нысаны ретінде Конституция түбегейлі қоғамдық қатынастарды реттейтін ең жоғары саяси-құқықтық акт болып табылады, сондықтан жаһандық сын-қатерлерге және мемлекет дамуының қажеттілігіне сәйкес оны одан әрі жетіл­діріп отыру қажет. Мемлекеттің Негіз­гі Заңының мазмұнында жалпы адами да, ұлттық та асыл мұраттар көрсе­тіліп, қоғам мен мемлекет тіршілігінің әлеу­меттік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы сұраныстарына сай болуға тиіс. 25 қаңтарда халыққа арнаған Үн­деуінде Мемлекет басшысы былай деп атап өткен болатын: «Реформалар бағдарламасы – бұл Қазақстан қай бағыт­та барады деген сұраққа біздің жауа­бымыз. Жауап айқын әрі дәйекті – демо­кратиялық даму жағына». Игорь РОГОВ, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы