16 Қыркүйек, 2011

«ЕХРО-2017»-ге қолдау

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда «ЕХРО-2017»-ні қол­да! Еліңе қолдау көрсет! Бола­шақтың энергиясы» тақыры­бын­дағы үздік ұран мен эссеге рес­публикалық байқау жарияланды. Байқау «ЕХРО-2017» халықара­лық мамандандырылған көрмесін Астана қаласында өткізуге өтініш беру шеңберінде ұйымдасты­ры­лып отыр. «Болашақтың энергиясы» бай­­қауының мақсаты энергияның баламалы көздерін дамытуға жас­тардың назарын аудару, сондай-ақ «ЕХРО-2017» көрмесін елімізде өткізу идеясын көпшілікке кеңі­нен тарату болып табылады. Оған қазақстандық жоғары сынып оқу­шылары мен студенттері қатыса алады. Байқау 12 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады. Көрмені елімізде өткізу тура­лы ұсынысты Елбасы білдірген болатын. Мұндай ауқымды жо­ба­ға қатысу Қазақстан үшін маңыз­ды қадам, өйткені ол елдің әлеуе­ті мен мүмкіндіктерін көрсетеді. Көрме энергияның баламалы көз­дерін дамытуға қуатты серпін бере алады, сондай-ақ Қазақстанға жаңа инвестициялар мен техно­ло­гия­лардың келуіне жағдай ту­ғызады. Астана осы саладағы үз­дік әлемдік тенденциялар мен жұ­мыстарды көрсетуге және тал­қы­лауға жақсы тұғырнама болары анық. «ЕХРО -2017» көрмесінің еліміз ұсынған тақырыбы – «Бола­шақтың энергиясы». Ол заманауи, жаһандық маңызы бар мәсе­лелердің бірін қозғайды, атап айтсақ, қалпына келтірілетін энер­гия көздеріне көшу және тұрақты қолдану әңгіме өзегіне айналуы тиіс. Еліміз мұнай, газ, уран секілді энергетикалық қорларға бай, алай­да табиғи байлықтың барлы­ғына қарамастан Қазақстан энер­гияның баламалы көздерін де белсенді түрде дамытуда. Өйт­кені қазба байлықтар болашақ ұрпаққа да қызмет етуі керек. Сон­дықтан Қазақстан басқа елдер секілді энергияның экология­лық таза, баламалы көздеріне үлкен сенім мен үміт артып отыр. Жалпы, ЕХРО көрмелері ма­мандандырылған және әмбебап болып екіге бөлінеді. Соңғысы бес жылда бір рет, өткізілер ауда­ны шектелмей, барлық қатысу­шы­ларға ортақ тақырыпта өтеді. Ал мамандандырылған көрме екі әмбебап көрменің аралығында, үш айдан артық емес уақытта, 25 гектардан аспайтын аумақта және ортақ тақырыпта өткізіледі. Ең алғашқы ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесі 1851 жылы Лондон қаласында өтті. Содан бері әлемде 60-тан аса ЕХРО көрмелері өткізіліпті. Еліміз Халықаралық көрмелер бюро­сына мүшелікке 1997 жылы кіріп, Аичи-2005, Сарагоса-2008, Шанхай-2010 ЕХРО көрмелеріне қа­тысып үлгерді. Қазіргі кезде Ёсу-2012 және Милан-2015 ЕХРО көрмелеріне қатысуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Са­рагосада өткен ЕХРО-2008 қорытындысы бойынша, тәуелсіз сараптама комиссиясының шешімі негізінде, 104 мүше-мемлекет арасында Қазақстан Республика­сы­ның павильоны сыртқы және ішкі безендіру, ішкі дизайн, «Су және тұрақты даму» тақырыбына байланысты экспозиция сапала­ры белгілері бойынша 3-орынға ие болды. Ал көрмені өткізу ту­ралы өтінім қорытындысы 2012 жылдың аяғында 157 мүше-мемлекеттің дауыс беруі арқылы белгілі болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.