17 Қыркүйек, 2011

Сөзі шын, сықағы тың

430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сөз қасиетін құрметтеп келе жатқан Қазыхан Әшеннің қаламгерлік жолы «Социалистік Қазақстан» газетінен бас­­талған. Оның сол уақытта «Қылбұрау», «Өзі күнәлі деп табылды», «О дүниеден орал­ған адам» атты өткір фель­е­тондары осы басылымда жа­рық көріп, қалың оқырманын бір желпінтіп тастаған еді. Кеңес заманының іргетасы сөгілердің алдында ол тайсалмай Ыстамбұлға барып, Халифа Алтаймен кеңесіп, Құ­ран­­ды кириллица әрпіне Абдұр­ра­хим Алтайға аудартты. Мил­лион дана «Құран әліп­песі мен Иман шарты» кіта­бын жұмыр жерде тарыдай шашылып жүрген мұсылман­дарға таратты. Оның бұл құтты қа­да­мын құптап тележурналист Са­ғындық Нұрекеев телефильм түсірген еді. – Е, Құран таратып жүрсің бе? – деп кейбір сыңар езу жылмиғанда Қазыхан: – Ертең-ақ әке-шешеңнің басына барып осы Құранды өзің оқисың, – дейтін еді. Сөйтіп, еркіндік таңы атты, егемендіктің құсы қолға қонды, Қазыханның айтқаны аумай келіп, Қазақ елінде қаншама мешіт бой көтерді, қаншама жастар мешітке барды. Ұлттық діннің алғашқы оралуын Қазыхан Құранды тегін таратумен қарсы алды. Иә, бүгінде Қазыхан Әшенов қазақ сатирасына үлкен үлес қосқан, ондаған жеке кітаптың, 5-6 аударманың авторы. Еңбектері алыс-жақын шетелде де жарық көрді. Қыр­ғыз жазушысы Дүйсен Сүлейменовтің «Ақ­ыл­ды балапан» атты мысал кітабын қазақ­ша­лады. Мәскеуде өткен 1988-1989 жылдар­да­ғы халықаралық көрмелерде шетелмен байланыс жасады. Бұл күндері «Ара-Шмель» республикалық сатира журналында қызмет етіп, жасы бар, кәрісі бар сықақшы атаулыға мұ­рын­дық болды. КазГУ-де оқ­ып жүргенде бес рет «Ара­ның» фельетон жазудан бәй­гесін же­ңіп алды. Таза қазақы ауыл­дың ішінде өскен, тілді мейлінше меңгерген, қал­жың­ға да бесаспап, қолма-қол сөз сап­тау­ға келгенде ешкімге есе бер­мейтін, бетің-жүзің демей тура айтатын ол: «Тура биде, туған жоқ, Ондай пенде туған жоқ. (Олар дүние жиған жоқ), Кейінгі туған билерде, Ұят та жоқ, иман жоқ», – деп кесіп ай­тады. Немесе 90-жылдарғы өтпелі кезеңде: «Қорғаныс министрлігі бар, ататыны жоқ, Сауда министрлігі бар, сататыны жоқ. Дін басқармасы бар, намазы жоқ, Ақпарат министрлігі бар, қағазы жоқ. ...Жер министрлігі бар, еккені жоқ. Қысқарып ешқайсысының кеткені жоқ. Жүз министр, жүз ағам, Еңсеңді көтер, сұранам.... Бәрің үшін істей ме, Президент болған бір адам», – деп жазғаны бар. Бұдан ащы, бұдан қысқа да нұсқа ешкім де айта қоймас. Иә, Қазыханның барлық шығармасына жеке-жеке талдау жасауға уақыт жетпес. Бұл келер уақыттың еншісі. Қазақ «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қы­сады», деген ғой. Мен де шәкірттердің мерейі үстем, еңбектері жемісті болуын тілеймін. Әмісе, шапқан аттан құламай, ешкімнің алдында ұялмай, ұстаздары мақтан етерлік азамат болуын қалаймын. Ал Қазыхан Әшеновке, жазғаның мен жасағаныңнан әлі де көп жаз, көп жаса деп тілеймін. Бұл Темірбек Қожакеевтің Қазыханның елу жылдығына айтқаны еді. Онан бері де он жинақ әкелді. «Атадан қалған асыл сөз», «Мың жылғы арман», «Аталы сөз» кітап­­та­рын айтуға болады... Қазақ: «Көңілде жат­қан кіріңді, оттай ыстық сөз шаяр» деп тегін айтпаған. Ендеше, Қазыхан сықақ әңгіме, өлең жазғанда оқиғасы да шындық, әр сөзі сатираға құрылып маңызын арттырады. Қайсыбіреулердей анда-санда бір езу тартқызатын зілсіз нәрсені жазудан аулақ. Қазыханның сатиралық этюдтары да әралуан тақырыпты қамтып, қысқа әрі нұсқалықпен шебер жазылған. Онда табиғат, жан-жануар, түрлі экологиялық құбылыстар нақтылықпен баяндалады. Қазыхан Әшен мақал-мәтел жазуға да әбден шеберленіп алған. Автор өмірдегі күн сайынғы кездесіп жататын шынайы шын­дық­ты мәнін майыстырып қолданады. «Жақ­­­­сы қыз байға шығады, жаман қыз байдан шығады», «Бай ақшасын қапқа салады, мансапқор ақшасын таққа салады, диқан ақшасын баққа салады», деп, бір ауыз сөз­бен көп сырды аңғартып тастайды. Қазыхан қалың көптің арасында орамды ойын мәндей, сатирасын сәндей жүріп, қа­зақ сатирасында өзіндік қолтаңбасын қал­ды­рып, одан әрі асуға қалам сілтемек. Олай дей­тініміз, Қазыхан «Қазақ сатирасының ан­тологиясына» 103 автордың шығармаларын топтастырып, үш ғасырды қамтып отыр. Ұзақ жылғы ізденістің нәтижесінде қазақ сатирасына қалам тербегендердің ешбірі ұмыт қалмағанға ұқсайды. Айта кетелік, биыл Ербол Шаймерденов сергектікпен сатириктердің бес-алты шығармасын оқушы қауымға жеткізді. Қазақ әдебиеті сатиралық шығармалармен толықты. Қазыханның тағы бір құнды еңбегі – сталиндік қуғын-сүргін жылдарда түрмелерде азап шеккен Алаш азаматтарының тағдырын баяндайтын шы­­ғар­­масының өзі бір төбе. Бір сөзбен айт­қан­да, Қазыхан Әшеннің жазу­шы­лық еңбегі  атауға тұрарлық. Мен де сатира тео­рия­­сының білгірі Қожакеев айт­қан­дай: «Жаз­ғаныңнан жазарың, жасаға­ның­нан жасарың көп болсын», деп тілектестік білдіремін! Табыл ҚҰЛЫЯС, сатирик-жазушы.