26 Қараша, 2016

Тәуелсіздік декларациясы – тағылым алар тарихымыз

234 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
img_8491Жоспарлы дамудың мәуелі жемісі Мен ғылыми интелли­генцияның өкілі ретінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған Дек­ла­ра­цияны зор ынтамен зерделедім. Оны Қазақ­станның жаңа даму жолын салған ірі саясаткер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың сарабдал саясатының арқа­сында бейбіт өмір мен дамудың бақытты күн­дерін кешіп отырған мил­лиондаған қазақстандықтың өмірі мен олар үшін дәуірлік оқиға болып саналатын Тәуелсіздік оқиғасын баян ететін ерекше құжат деп таныдым. Біздің жалпыұлттық идеямыз – «Мәңгілік Ел», мақсатымыз – әлемдегі бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарынан орын алу болмақ. Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына арналған Декларациямен танысқан әр қазақ­стан­дық біз ерекше тарихи дәуірде өмір сүріп отырғанымызды сезінеді. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай аз уақыттың ішінде елімізде керемет оң өзгерістер болды, дүние жүзі құрметпен қарайтын, ырғақты дамып отырған мемлекетке айналдық. Бұл табыстардың түп негізінде Қазақстанның жаңа мем­лекеттігін құрушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың инновациялық және прогрессивтік бастамалары, мега­жобалары жатыр. Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қарулануға қарсы бастамалары, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Еура­зиялық экономикалық одақ, Дүние­жүзілік сауда ұйымына кіруіміз, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі, Астана экономикалық форумы, G-global – осының барлығы да дүниежүзілік деңгейдегі саясаткердің туындысы, маңдай тері деп айтуға болады. Елбасының халықаралық деңгейдегі осы жұмыстарымен елдің ішкі эконо­микалық дамуы зерлі жіптей бай­ланысты. Елдің экономикасын үдемелі индустрияландыру жөнін­дегі кешен­ді шаралар мен әлеуметтік жаңғырту жұмыстары өзінің нәтижесін беріп те үлгерді, ол бүгінгі тұрмысымыздан білінеді. Мен бүкіл елімізді айтпай-ақ қояйын, бір Қостанайдың өзінде қаншама әлеуметтік нысандар өмір­ге келді, қаншама қостанайлықтар жұмыс орнын тапты? Жер­лестерімнің тұрмысы жақ­сарғанының куәсімін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев студент-жас­тар­мен және ғылыми-педа­гогикалық зиялы қауым­­мен кездескенде біз­дің алдымызда әлемдегі мойыны озық 30 елдің қатарынан орын алуымыз қажет деген іргелі мақ­сатымызды айтып оты­рады. Ол елімізде үшінші индустриялық революция жасауға дайындықты межелейді. Дамыған еліміз жалпы мойындалған халықара­лық демократиялық стандарттарға сай жаңа саяси-құқықтық жүйе де қалыптастырды. Ең бастысы, Қазақстанның жет­кен табыстары мен жетістіктері бір мезгілдік немесе кездейсоқтық емес, ол Декларацияда жүйелі және жоспарлы дамуымыздың заңды нәтижесі екені аталды. «Қазақстан-2030», «Қазақстан -2050», «Бес институттық реформа» және оларды жүзеге асырудың 100 нақты қадамы – мұның барлығын да елді экономикалық-әлеуметтік тұр­ғы­дан жаңғыртып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу жолындағы эволю­циялық алға жылжудың, «Мәң­гілік Ел» идеясы төңірегіне топтасқан ұлттың береке-бірлігін асырудың көріністері деу орынды. Ұлы өркениет пен халықтар қалыптасуының, дамуының және гүлденуінің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, тек береке-бірлік, ұлтара­лық татулық пен дінаралық келі­сім ғана дамудың қозғаушы күші, қалып­тастырушы факторы болып табы­лады. Тек ынтымақ бар жерде адал еңбек, Отанға деген патриотизм орын алады. Осы тарихи кезеңде Елба­сы­ның төңірегіне топтасып, оның бас­шылығымен инновациялық рефор­малар­ды жүзеге асырғанда еліміз прогрессивті даму жолынан айнымасына кепілміз. Әлімжан БЕКМАҒАМБЕТОВ, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалы директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты ҚОСТАНАЙ

Ел жылнамасына енді

Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңында Парламенттің қос палатасы орынды шешім қабыл­дады. Бұл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларация. Онда еліміздің ширек ғасырдағы толайым табыстары да, абыройы мен беделін асқақтатқан реформалар жемісі нақты көрініс тапты. Шынында да, Қазақстан – экономикасы қарқынды өркендеген қуатты ел. Қазақстанмен экономикалық, іскерлік байланысқа ұласқан әріптестікті орнықтыруға ықыласты елдер қатары көбейе түсті. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетті елге айналғанының куәсі. Елімізде іске асырылып жатқан инновациялық жобалар аясында жоғары сапалы отандық өнімдер өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. «Теңіз» бен «Қашағандай» әлемдегі көмірсутекті шикізаты орасан ірі кеніштерді сәтті игере алдық. Ел нарығын сапалы жанармай түрлерімен қамтитын Атырау мұнай өңдеу зауытындай байырғы кәсіпорын қайта жаңғыртылды. Қара теңіз жағалауына тікелей мұнай тасымалдайтын жаңа құбыр жүргізілді. Сонымен бірге, біздің еліміз аз жылда әлемдегі ең сұлу, ең әсем архитектурамен әспеттелген Астана бәріміздің мақтанышымызға айналды. Ұлы Дала төсінде осындай ұлан-ғайыр істердің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен атқарылғаны дау тудырмайды. Елбасының ел мүддесі үшін, көп ұлтты Қазақстан халқының бақуатты тұрмысы үшін сіңірген еңбегі де ерекше. Шетелдің танымал компанияларын ұлттық экономикаға инвестиция салуға иландырып, өркениетті елдердегі озық технологияларды енгізуінің нәтижесінде, Қазақстанымыз экономикасы да, өндірісі де жаңарған мемлекетке айналды. Ұлы Даламызға жарты ғасырға жуық улы запыранын төккен Семей ядролық полигоны жабылды. Еліміздің әр өңірінде әлемде баламасы табыла қоймайтын жаңа өнімдер шығару қолға алынды. Экономиканың әр саласында өркендеу бар. Елордаға алыс-жақын елдерден, Қазақстанның әр өңірінен келушілер Сарыарқа төріндегі Астананың сәулеті мен келбетіне сүйсіне қарайтыны да даусыз. Қазақстаннан өзге бірде-бір мемлекет аз жылда дәл осындай жаңа қала тұрғызған емес. Демек, Астанадай әрі әсем, әрі сәулетті қала тұрғызуға Қазақстанның ғана әлеуеті жетті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қана тәуекелге бара алды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой халқымыз. Ширек ғасырда Қазақстанды экономикасы қуатты, қадамы қарышты, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елге айналдыру да, Астана секілді жауһар қала құрылысын жүргізу де соншалықты оңай емес. Десек те, Елбасымыздың батыл қадамға баруы үлкен ерлік, бұл – жүрегі Қазақстан деп соққан отаншыл ұрпақтың рухын көтерудің жарқын мысалы. Осынау қиын қадам елін-жерін шын сүйген, халқын шын жүрегімен құрметтейтін көшбасшының қолынан ғана келетініне көзіміз жетті. Елбасы еліне емірене, адал еңбек етудің үлгісін осылай көрсетті. Қазақстанның, Астананың ерекше қарқынмен дамуын экономикасы өркендеген өзге де өркениетті елдер үлгі-өнеге ететін болды. Бар әлемнің елдері Қазақстанның керемет табыстары мен еңсерген биіктеріне, асқақ елордамыздың келбетті сәулетіне ынтызарлықпен қызығады. Жауһар елордамыз – Астананың, қуатты Отанымыз – Қазақстанның мерейі – қазақтың мерейі, әлемдік көшбасшы саясаткер деңгейіне көтерілген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейі екені Декларация арқылы ел тарихының шежіресіне енді. Ғабидолла ЖАҚСЫ, «Матин Петролеум» АҚ бас директорының орынбасары Атырау облысы  

Бүгінгіні бағалау үшін өткенді таразылай білу керек

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдығы­на арналған Декларация қа­был­данғаны барша қазақ­стан­дықтардың көңілінен шықты деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, бүгінгіні бағалау үшін өткенді таразылай білу керек. Тәуелсіздік алдық, ата-баба арманы орындалып, азат ел бол­­дық деп қолтығымызға қанат біткендей желпініп жүр­дік. Бірақ, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында іссапар­мен шетелге шыға қалсақ, қай мемлекеттен келгенімізді түсіндіре алмай пұшайман болып жүретініміз естен шыға қойған жоқ. Қазақстан деген елді мүлдем естіп көр­ме­гендер көп еді. Біреулер Пәкістан, Ауған­стан мемлекеттерімен шатастырып жататын. Ресейдің бір провинциясы ма деп сұрайтындар да табылатын. Әрине, көңіліңе қатты келеді. Бүгінде Қазақстан десең, әңгімелесушінің көзі жарқ ете қалады. «О, о, Қазақстан. Назарбаев», дейді еліңді, Елбасыңды жақсы білетіндігін аңғартып. Мерейленіп қаласың. Тәуелсіздік Декларациясы – біздің бүгініміз бен ертеңіміз, келешегіміз. Осы ширек ғасырда біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен үлкен табыстарға жеттік. Әлем мойындаған, керек жағдайда ақыл салатын, санасатын мемлекетке айналдық. Декларация мәтінінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі делінген. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнық­ты дамудың кезеңі болды. Тәуел­сіз Қазақстан өзінің жаңа та­рихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атану­ға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біз­дің елі­мізде экономикалық, саяси және әлеумет­тік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістік­тері мен жеңістері Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурін­ді және дана басшылығымен әрбір қазақ­стандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының ба­йыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды... ...Тәуелсіздік тарихы осылай өріледі. Шәріпбек ЖАМАЛБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан облыстық Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрағасы ШЫМКЕНТ

Бұл – тұғырлы тұжырымдамамыз

Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған Декларациямен таныс­қанда, біздің осы жылдарда қанша­лық­ты ілгері кеткенімізге тағы бір көзім жетті. Осы кезеңде Елбасы Н.Назарбаевтың ел тізгінін нық ұстауының нәтижесінде көп жетіс­тіктерге жеттік. Нарықтық эко­но­­микаға төселіп, шағын және орта бизнестің дамуы­на сара жол ашылды. Қазір экономикалық өркен­деу­дің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарық­тық экономикасы бар елге айналдық. Бұл біздің тұрмы­сы­мыз­дан айқын көрініс беруде. Кеңестік кезеңде мүм­кін болмаған көгілдір отын алыс ауылдарға да барып жетті. Құнды құжатта Қазақстанның халық­аралық дәре­жедегі қадамдары да айтарлықтай екені айқын көрі­ніс тапқан екен. Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады. Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып табылады. Декларацияда Президенттің елорданы құрудағы рөлі де баяндалған. Тарихи тағылымдық және танымдық бағыт­тары айқын құжатта тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен табыстардың Елбасы саясатымен сабақтастырылуы да заңды. Эко­но­микалық қуатымыздың қанша­лықты артқаны да, тұрмысы­мыздың жақсарғаны да нақты деректермен дәйектелген. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет бюджеті 1100 есеге, ішкі жалпы өнім 1500 есеге артқан. Бұл көрсеткіш қай-қайсысымызды да қуантары сөзсіз. Қазақстандықтардың өмір жасы осы кезеңде он жылға артса, бала туу көрсеткіші 60 пайызға өскен. Декларацияда «Қазақстан конфес­сияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблея­сын құрды» деп атап өтілген. Біз бұл қоғамдық институттың көп ұлтты Қазақстандағы татулық пен бірлікті нығайтудағы ықпалын сезініп жүрміз. Тәуелсіздік Декларациясы келешегіміздің кемел­ділігіне қызмет ететін құнды құжат екеніне кәміл сенімдімін. Біз қазірдің өзінде 50 елдің қатарындамыз, алда дамыған 30 елдің қатарына ену көзделуде. Мұндай табысты жолдың бастауында Елбасы Назарбаев тұрғанын барша қазақстандық біледі. Бұл да Декларацияда айқын көрініс тапқан. Біз әлемге ядролық қарусыз өмір сүру үлгісін көрсет­кен ел ретінде танылдық. Декларацияда «Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылы 29 та­мызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақ­стан Пре­зиденті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды», деп атап өтілген. Елбасы бұл ұстанымын қазір де баянды ете түсуде.  Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы Ақтөбе қалалық қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы АҚТӨБЕ  

Жас ұрпақ – ғаламат өзгерістер куәсі

Парламент пала­т­а­ларының бірлескен отырысында қабыл­д­анған «Қазақстан Рес­публикасы Тәуел­сіздігінің 25 жыл­ды­ғы»Декларациясында ширек ғасыр ішінде еліміздің жеткен жетістіктеріне баға беріліп, тарихи жеңістеріміздің паш етілуі – табиғи заңдылық. Егемендік алғаннан бергі уақыт тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, қазақстандықтар үшін тамаша табыстармен қорытындыланғаны айдай шындық. Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақ ғаламат өзгеріс­терге куә. Мен аға буын өкілі ретінде көп ұлтты хал­қымыздың осындай биік белестерге кө­терілуін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырар едім. Өтпелі кезеңнің қиын уақыттарына қарамастан дұрыс таңдап алған саяси, экономикалық дара жолымыздың арқасында әлем картасынан ойып тұрып орын алдық. Елбасының тікелей басшылығымен өте ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі кезде де одан әрі қарқынды дамуымыздың стратегиялық іс-қимыл жоспарлары сәтті жалғасып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ерке Есілдің жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафы бар, бірегей мүсіндік нысандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған әсем елорданы Тәуелсіздіктің символына айналдыруына сіңірген еңбегі өте зор. «Еуразия жүрегінде» кітабында жазылғандай, Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көп ұлтты жасампаз күш-қуатының куәсі. Егемен елдің азаматы ретінде мемлекеттік басқару істеріне араласа жүріп, Президенттің ойлы шешімдеріне, батыл бастамаларына талай рет куә болғанмын. Жалпы, жаңа астананы көшіру, салу, орнықтыру тұтас бір эпопея десек, артық айтқандық емес. Оның әр құрылысында Елбасының қолтаңбасы сайрап жатыр. Күн санап жаңа астананың ажарын ашып, көркейте түскен жаңа құрылыстар бәрімізді қайран қалдырады. Бүгінгі күні ірі ғылыми, мәдени және іскерлік орталыққа айналып, Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқарып отыр. Ал осының барлығы Декларацияда жан-жақты қамтылған. Өте орынды әрі заңды. Құдайберген ҚАЛИЕВ, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Солтүстік Қазақстан облысы

Кемел саясаттың нәтижелері

Парламент мінберінде қос палатаның мақұлдауы­мен қабылданған Тәуелсіздік Декларациясының маңы­зы зор. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жыл­­дық мерейтойын атап өту­деміз. Тарихи кезеңге арнал­ған бұл құжат ел бірлігі­нің көрінісі іспетті. Ширек ғасыр ішіндегі Елбасының елімізді ел етуде атқарған жұмысы мен қызметі барлы­ғы­мызға белгілі. Сондықтан, Декларацияда еліне елеулі Елбасының еңбегіне жоғары баға берілуі орынды. Өйткені, осы жылдар ішін­де Тұңғыш Президентіміздің саяси-эконо­микалық бастамаларын халық кеңінен қолдап келеді. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының төңірегіне топтаса білдік. Барлық табыс – халық болып жұмылудың, толассыз қажыр-қайратпен жұмыс істеудің және Елбасының ел мүддесін көздеген кемел саясатының нәтижесі екені шындық. Жалпы, тарих сахнасына шыққан жаңа мемлекеттердің алдында даңғыл жол тұр­майды. Саясаттың ықпыл-жықпылымен жүру­ге, тар жол, тайғақ кешуден өтуге тура келеді. Бұл үдерісте еліміздің Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында-ақ өз бағы­тын айқындап, ядролық оқтұм­сық­тар­дан бас тарта отырып, Семей ядролық сынақ алаңын жабуы халықаралық қоғам­дас­тық үшін үлкен бетбұрысқа баланған шешім болды. Сол жылдардан бері біз­дің Президентіміз Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының қауіп­­сіз­дігін ойлаған ізгі әрі парасатты көш­бас­шы ретінде танылды. Еліміздің ядролық қарусыздануға қарсы үндеуі уақыт өткен сайын өзекті­лігімен өзгелерге ой салуда. Осы орайда Қазақ­станның Орталық Азия елдері арасынан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің тұрақты емес мүше­сі болып сайлануы беделді әлемдік ұйымдардың біздің ел мен Елбасына деген сенімінің айғағы деп білеміз. Парламентшілеріміз атап өткендей, еліміз Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік бағ­дар ұс­танған нарықтық экономиканы құра білді. Бұл – біздің Шығыс өңірінің мақ­таны­шына айналған «Қазцинк», Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты сияқты түсті металл өндіру флагмандарынан бастап жеке кәсіпкерге дейінгі аралықта өрілетін нағыз әлеуметтік экономика. Осы аяда ел ішінде көптеген ірі жобалар жүзеге асты. Өскеменнің өзін­де автоөнеркәсіп, түсті металлургия мен агро­кешен салалары жақсы дамып келед­і. Алды­мызда «Нұрлы жол» жаңа эконо­мика­лық саясаты мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша ауқым­ды міндеттер тұр. Президент бір сөзінде айтқандай, біз тәуелсіздікті минут сайын қорғауымыз керек. Бұл – қажырлы да адал еңбек. Мұның бар­лығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы үшін қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың орны өте маңызды. Яғни, болашағымыз – бірлікте. Лео ШИК, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,  Өскемен қаласының Құрметті азаматы Шығыс Қазақстан облысы