28 Қараша, 2016

Желтоқсанда теңге бағамында өзгеріс бола ма

171 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
30 қараша күні мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымына (ОПЕК) мүше мемлекеттер мен ұйымға кірмейтін экспорттаушы елдер Австрия астанасы Венада кезекті отырысын өткізеді. Онда мұнай өндірісін азайту туралы мәселе қаралады. Естеріңізде болса, қыркүйекте аталған ұйым мүшелері Алжирде бас қосып, мұнай бағасын көтеру үшін қандай шаралар қолдану керектігін талқыға салған еді. 2013 жылы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан 60 долларға дейін төмендеген кезде-ақ Венесуэла бірінші болып мәселені шешу үшін мұнайды аз өндіріп, нарықта әдейі тапшылық жасау керектігін ұсынған еді. Сол кезде баға қайтадан бұрынғы деңгейіне көтеріледі деді Венесуэла өкілдері. Алайда, бұл ұсыныс қабылданбады. Керісінше, 2016 жылдың қаңтарында Иранға батыс елдері салған санкция алынып тасталған кезден Таяу Шығыс елдері мен араб әлемі нарықтағы мұнай сатудан жарысқа түсті. Иран бұрынғы экспорттық қуатын қалпына келтіруге ұмтылса, Сауд Арабиясы көшбасшылық орнын сақтап қалу үшін экспорт көлемін ұлғайта берді. Нәтижесінде баға 30 доллардан төмен түсіп кетті. Алайда бір жылдың ішінде баға қайта тұрақталды. Көптеген мемлекеттер үшін дағдарыстан шығуға жеткілікті дәрежеде табыс әкелетін деңгейге көтерілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында айтқандай, мұнай құны 30 доллар болса да Қазақстан "минусқа" кетпейді. Ал 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет мұнай бағасының 35 доллар шамасында белгіленді. Қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, Үкімет "арық айтып, семіз шығаратын" секілді. Алжирдегі кездесуде мұнай экпорттаушы мемлекеттер өндірісті азайтамыз деп бірауыздан келіскен. Осы жаңалықтан кейін баға біртіндеп көтеріле келіп, қазіргі деңгейіне жетті. Алайда шешім ресми түрде қабылданбағаны себепті қор биржасындағы саудагерлер әлі де екіұдай күйде. Келер жылдың бірінші жарты жылдығында баға ОПЕК-тің 30 қараша күні өтетін саммиттегі шешіміне байланысты болмақ. Үш жыл қатарынан құлдыраған мұнай бағасы биыл біртіндеп көтеріле бастады. Оның негізгі себебі, Венесуэланың жоғарыда айтылған ұсынысына ұйымдағы өзге мемлекеттердің құлақ аса бастағаны. Алдымен Сауд Арабиясы өндірісті азайту керектігін айтты. Әлемдегі мұнай экспортының үштен біріне иелік етіп отырған Саудияның бұл бастамасы нарыққа айтарлықтай өзгеріс әкелді. Экспорттаушы мемлекеттер Саудияның бастамасын қос қолдап қолдады. Дегенмен, мұнай экспорттаудан үшінші орын алатын Иранның позициясы қашанда Саудиямен қайшы келіп жатады. Осы жолы да ОПЕК-тің өндірісті азайту туралы ұсынысына бірінші қарсы шыққан осы ел. Иранның олай дейтін себебі де бар. Батыс елдерінің санкциясы кесірінен нарықтағы тұтынушыларынан айырылған бұл ел қазір ештеңеге қарамай, бұрынғы экспорттық қуатын қайтармақшы. Бұған қосылған Ирак та өндірісті азайтқысы жоқ. Ирактың сыртқы істер министрлігі өткен апта "Соғыс болмағанда біз қазіргіден әлдеқайда артық өндірер едік. Сондықтан, өндірісті азайтуға бізді қосу – әділетсіздік" деді. Бұл мемлекеттердің ОПЕК бастамасына қосылмайтыны туралы осындай мәлімдемелері қазіргі таңда мұнай бағасын әлсін-әлсін кері тартып, бағаны төмен ұстап тұр. ОПЕК ұйымына кірмегенімен, әлемде мұнай сатуда өзіндік орны бар Ресейдің де ұстанымы әзірге біржақты болмай отыр. Елдің энергетика министрі А. Новак өткен апта ОПЕК-тің өндірісті азайту туралы бастамасына толықтай қосылатынын айттты. Алайда, батыс қор нарығының сарапшылары  бұған сенімсіздік танытып отыр. Олар Ресей уәде бергенімен, жеме-жемге келгенде өндірісті шектен тыс көбейтіп жіберуі ықтимал деп ойлайды. Нарықтағы осындай мүдде қайшылықтарына қарамастан, қара алтынның бағасы ұзақмерзімді кезеңде көтеріліп келе жатыр. Бұл өз кезегінде теңгенің бағамына да жайлы болып тұр. Өткен жылғы девальвациядан кейін қайтадан өз-өзіне келе бастаған ұлттық валюта бірер апта бұрынғы Иран мен Ирактың жоғарыдағы мәлімедемесінен кейін қайтадан аздап әлсіреген. Дегенмен, ОПЕК ұйымының алдағы ресми жиыны қарсаңында тұрақтала бастағандай. Мұнай бағасының өсімі аясында қазан-қараша айларында теңге 330-ды маңайлап, биылғы жылдың максимумына дейін нығайды. Жалпы, Венадағы кездесуден сарапшылар нарыққа жағымды жаңалық күтеді. Алжирде сөз жүзінде келіскен ОПЕК мүшелері енді Венада нақты келісімшартқа қол қоюы тиіс. Егер мұндай сценарий жүзеге асып жатса, мұнай бағасы 60 долларға дейін баруы мүмкін. Мұны таяуда Сауд Арабиясының энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі айтқан болатын. Егер баға 60 долларға жетсе, доллар Қазақстанда  280-300 теңгеге, яғни екі жыл бұрынғы бағамына түсуі керек. Ал ұйым мүшелері келісімге келе алмаса, мұнай бағасы барреліне 35-40 доллардан төмен түсіп кетуі ықтимал. Онда биылғы жылдың басындағы көрсеткішке сай, ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағаны 370 теңгеге барып қалуы да ғажап емес. Қалай дегенде де, экспорттаушы мемлекеттердің барлығы қазір бағаның көтерілгеніне мүдделі болып отыр. Венада ұйым мүшелері өндірісті нақты қанша баррельге азайту мәселесіне келіспесе де, келер жылдың басынан біртіндеп азайтуға уағдаласуы мүмкін. Олай болған жағдайда теңгенің бағамы күрт құбылмауы тиіс. Аманжан Қоңыратбаев