29 Қараша, 2016

Би Боранбайдың ескерткіші бой көтерді

789 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
unnamed Тарбағатай ауданының Қызылкесік ауылында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында қазақ тарихында есімі құрметпен аталатын әйгілі би, батыр Боранбай Қалқаманұлының ескерткіші ашылды. Аталған шараға қоғамдық ұйымдар мен аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері және өңір жұртшылығы қатысты. unnamed-4 Қазақ жеріне қауіп төндіре құйылған жоңғар шапқыншылығының бір легі Барқытбел мен Барлықты асып жөңкілгені тарихтан белгілі. Осы оттың жалынын сөндіруге, ойрат басқыншыларына қарсы соғысқан тарихи тұлғалардың бірі –  Боранбай Қалқаманұлы. Тарихи-әдеби деректерде Қаракерей Қабанбаймен есімі қатар аталатын бидің Абылай ханның саясатын іске асыруға қосқан үлесі өте зор болды. unnamed-1 – Тәуелсіздік туын тігуге ұмтылған қаһарман бабаларымыздың ерлігіне тағзым ету – ертеңін ойлаған еңселі ұрпақтың асыл парызы. Сол бір дүрбелең дүниенің бүгінге жеткен жасын-жаңғырығы ұрпақ санасында жай отындай жарқыл тауып жатса, отаншылдық мәйегінің толықси түскені, деді ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев. unnamed-3 Сондай-ақ ауылдық мәдениет үйінде дала данасының өмірі мен қызметі жөнінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Би Боранбай атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Гүлбатай Зияданова Боранбай бидің мемлекеттік қайраткер ретіндегі болмысына, ал аталған мектептегі "Қызылтас қырандары" ақындар үйірмесінің жетекшісі Медет Орынғожин "Ақырғы шайқас" дастанындағы би бейнесіне тоқталды. Ал аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, дербес зейнеткер Мұратбек Қаратаев ауданда соңғы уақытта тарих тағылымын ұлықтаған шаралардың дүркін-дүркін өтіп жатқаны қуантатынын айтты. unnamed-2 unnamed-5 Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.