17 Қыркүйек, 2011

Тарих және ұлттық сана

1346 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуе­зов ұлтының ұлылығына, халқының қа­дір-қасиетіне сүйсінген бір тұста: «...Шал­қайса – тарих шыңы бар, еңкейсе – иен елі бар», деген екен. Шынында, бізді төрткүл дүниеге танытып отырған сол тарих пен тәуелсіздік. Санамызға күн сәулесіндей шуақты шұғыласын құйған егемен­ді­гі­міздің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» деген тақырыпта ал­ғаш рет желі тартқан тарихшылардың тұңғыш конгресі кеше елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент залында өтті. Бұл алқалы жиынға ұйытқы болған Білім және ғылым министрлігі екенін, соңғы кездері бұл лауазымды мекемеде осындай рухани құндылықты сөз ететін зиялылар қауымының жиі бас қосып жүргенін атап айта кетсек дейміз. Қазақ елі тарихшыларының алғаш­қы конгресіне Парламент Мә­жілісінің депу­тат­тары, қо­ғам қай­рат­керлері, тарих­шы­лар, ғылыми зерттеу инсти­тут­та­ры­ның басшы­лары, өзге де ұлт руха­ния­тына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар қатысты. Алғашқы сөзді Президент Әкім­ші­лігі Басшысы­ның орынбасары Мәулен Әшімбаев алып, тұңғыш рет өтіп отыр­ған тарих­шы­лар конгресіне қаты­су­шы­ларды Әкімшілік атынан құттықтады. Бүгінгі бұл конгресс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Та­қы­рыбы ай­тып тұрғандай, еліміздің қа­лыптасуы мен алдағы көкжиегі ту­ралы маз­мұн­ды әңгімелер, салиқалы пікірлер қозғалады деген сенімдемін. Жалпы, еліміз­дің тәуелсіздікке қол жеткізуі тарих ғылымына біраз мүмкіндіктерді ашып берді. Кеңестік кезеңде тарих кө­бінесе коммунистік идеологияның ық­па­лында болып, көп нәрсе сол тұр­ғы­да жазылды. Егемендігімізбен бірге біз өзіміздің шынайы тарихымызды қалыптастырып жатырмыз, дей келіп, Мәулен Сағатханұлы Қазақстан та­рихы, еліміздің тарихы сан ғасырлар қойнауынан тамыр тар­татынын тілге тиек етті. Сақ, ғұн дәуір­леріне бойлап, Ел­б­асының «Мәдени мұра» бағдар­ла­масы аясында жүзеге асы­рылып жатқан жұмыстарға да тоқ­талды. Соңғы 20 жылдың өзі жеке тарих екенін, оның ішінде елдік шекар­а­мыз­дың халық­ара­лық құжат дең­гейінде бекітілгенін, Ата Заңымыздың қабыл­дан­ғанын, Арқа тө­сінен елор­даның бой көтергенін, ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етіп, Астана Саммитін абы­роймен жоғары дәрежеде өткіз­гені­мізді таратып айтып, тарихты білу ар­қылы тарихи сана қалып­таса­ды, тарихи сана арқылы ұлт­тық сана өсіп жетіледі, ұлттық санамыз биік деңгейге көтерілсе, егемендігіміз мықты бола­ды, деп сөз аяғын түйді. Ал Білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұлов мамандығы математик болса да тарих ғылымының өт­кені мен бүгініне тереңдеп барып, оны білім беру ісімен ұштастырап, мәнді баяндама жасады. Ол өзінің баяндама­сын­да 20 жыл көне тарих үшін қас-қа­ғым сәт екенін, алайда, Қазақстан аз уақытта ғасырға бергісіз даму жолынан өткенін, Ота­ны­мыз экономикалық, саяси және әлеу­мет­тік реформалардың нәти­жесінде еңселі мемлекетке айналғанын айтты. Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, елі­міз­дің даму жолын айқындап берген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын бүкіл әлем мойындады. Тарихи сананы қа­лыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Елбасының көреген саясатының басым бағыттары болып келеді, деген ол одан әрі Президенттің бастамасымен 1995 жылы «Қазақстан Республикасында та­рихи сананы қалыптастыру тұжы­рым­дамасы» қабылданғанын, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланғанын, ал 2004 жыл­ғы 13 қаңтарда «2004-2006 жыл­дар­ға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­масы өмірге келгенін жеткізді. Министр бұдан кейін кеңестік дәуір­дің тар шеңберінде қалған тари­хы­мызды әлемдік биікке көтеру мәсе­ле­сін қозғап, Қазақ елі көшпелілер өр­кениетінің ор­та­лығы, түркі халық­тары­ның атажұр­ты ретінде әлемге таныла бастағанын, осындай жағдайда өткен тарихы­мыз­дың шынайы бейнесін жасау ұлттық идея­мыз­дың құрамдас бөлігіне ай­на­луы қа­жеттігін назарға сала отырып, ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбие­леудің басты факторларының бірі тарих екенін, оның халықтың зердесі, қайнар күші екенін атап көрсетті. Әр халық өз тарихынан қуат ала отырып, жасам­паздыққа бастай­тын шабыт алады, деді ол. Б.Жұмағұлов жаһандану мен әлем­дік бәсекелестік қазақстандық тарих ғылымына да бұрын-соңды болмаған міндет жүктегенін: «Қазақстан қандай бағытта дамуда?» «Біз қандай қо­ғам құрдық?» деген мәселелер күн тәр­тібінде тұрғанын айтып, бірінші кезекте ұлт тарихын зерттеу мето­до­ло­гия­сын жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Методология – тарихи шындықты дәйектеуге арналған заңдылықтар мен әдіс-тәсілдер жиынтығы екені белгілі. Тәуелсіздік тарихының методо­ло­гия­сын қалыптастыруда Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың үлесі зор. Пре­зи­денттің «Тарих толқынында», «Сын­дар­лы он жыл», «Қазақстан жолы» ең­бек­тері жаңа дәуірді түсінудің, зерт­теу­дің негізін қалыптастырды. Елба­сы­ның бастамасымен жүзеге асқан ірі саяси оқиғалар ел тарихының жаңа ке­зең­деріне негіз болды, деген министр келесі іргелі мәселе – Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу кезең­дерін дәйектеу екенін алға тартты. Бұдан кейін Қазақ тарихын дәуірге бөлу туралы әртүрлі пікірлердің барын, бұл тұрғыда кәсіби тарихшылар қауымы нақты деректер негізінде ортақ тұжырымға келгені жөн екенін, мұндай қадамның болашақ үшін маңызы өте зор деген байламын көлденең тартты. Ол тағы бір өзекті мәселе – ұлттық та­рихты оқыту жайын қозғады. Оқу материалдары мен оқыту әдістері өзгеріп отыратыны белгілі. Бірақ та­рихты оқытудың басты қағидасы – фактілерге сүйену өзгермейді. Сондықтан, оқулық пен мамандарды дайындауда тарихшылар бірігуі тиіс. Бұған ғылыми әлеует те, материалдық мүмкіндік те жеткілікті. Ш.Уәлиханов атындағы Та­рих және этнология, Ә.Марғұлан атын­дағы Археология және этно­гра­фия, Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыс­та­ну, сондай-ақ Мемлекет тарихы ғылыми-зерттеу институттарында беделді та­рих­шылар еңбек етуде. Енді осы ор­талықтар ұлттық университеттермен бірігіп, Қазақстан тарихы бойынша іргелі еңбек дайындаса, нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе – тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеу және оқыту десек, бұған негіз болатын тәжірибе елімізде бар екенін, Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан бастап, «Жол картасына» дейінгі аралық тұтас бір тарихи кезең екенін алға тартты. Б.Жұмағұлов Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығымен ұштас келіп отырған өзге де атаулы күндерді жұрт назарына салды. Тарихты зерттеумен қазір 4 инс­титуттың айналысып жатқанын, оның үшеуі егемендік жылдары ашылғанын, бұл ел тарихын зерттеуге деген ерекше  қамқорлық болғанын да жеткізді. Ел­басының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша біраз елдерге, оның ішінде Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия, Египет, Батыс Еуропа елдеріне экспе­ди­циялар ұйымдастырылғанын, Каирде Бейбарыс бабамыздың мешіті, медресесі, кітапханасы қалпына келтіріліп жатқанын еске салды. Осының бәріне жаңа қабылданған «Ғылым туралы» Заң өз септігін тигізіп отыр. Осы құжат аясында ендігі жерде тарихшы ғалымдар елдік істе үлкен қадамдарға баруы қажет. Қазір тарихқа бай­ла­нысты кітаптар шығып жатыр, оны болашақта жүйелі сараптаудан өткізу керек, әрбір деректі тиімді пайдаланған жөн. Әсіресе, жас ұрпаққа білім беріп жатқан оқу­лық­тар мен әдістемелерді жазғанда екіұшты пікірге жол бермеу керек, ондай жағдай­лар кездесіп жатса, жас ұрпақты адас­тыратынымыз анық. Сондай-ақ министр жоғары оқу орындарын­да­ғы ғылыми зерттеу жұмыстарын жетілдіру жайына келгенде, алдыңғы толқын аға ғалым­дар кейінгі жастарды  ғылымға тартса, бұл игілікті іс күні ертең өз жемісін беретініне нақты дәлел-дәйектер келтірді. Министрлік тарих ғылымының да­муы­на қамқорлық көрсетуге қашан да әзір. Егер сүбелі жобалар түсіп жатса, оған бірінші кезекте мүмкіндік жаса­ла­ды. Менің мамандығым математик бол­ғанмен, ел тарихы, Отан тарихы, Тәуел­­сіз еліміздің бүкіл болмысы қа­шан да жадымда жаңғырып тұрады. Қай мамандық иесі болса да ел та­рихын жетік білуі тиіс, патриоттық сезіміміз, ататегіміздің түп тамырын, жеткен жетістіктері мен алға қойған мақсаттарын білмейінше, еліміздің кез келген сала­сында қызмет істеу әсте мүмкін емес. Сондықтан да ғылыми мектептердің базасын нығайтып, үздік кәсіби тарих­шы­ларды көтермелеу – басты міндет. Сол секілді жұрт көңі­лі­нен шыққан, сауатты жазылған моно­графияларға, жас ға­лым­дардың еңбек­те­ріне бағалы сый­лықтар берілетін болады. Бұл тарихшылар конгресі бір реттік науқан емес, алдағы уақытта жал­ғасын тауып отырады, деді министр. «Тәуелсіздікке – 20 жыл және Қазақ­стан­ның тарих ғылымы» деген тақы­рыпта сөз алған Мемлекет тарихы инс­ти­тутының директоры, профессор Бүр­кітбай Аяған тәуелсіздік жылдары отан­дық тарихнамада ізденістер мен зерттеулер мазмұны түбегейлі өзгер­ге­нін, осылайша мемлекет саясаты елдің негізі болған қазақ халқының тарихы мен билік дәстүрін сақтаған Отан тарихын жазуға зор мүмкіндік бергенін айтты. Ол, сонымен қатар, конгресте үш мәселені көтерді. Оның біріншісі –Отан тарихы методологиясы, екіншісі –та­рихты дәуірлеу, үшіншісі – тарихты оқы­ту мен зерттеу. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының дирек­торы, профессор Ханкелді Әбжанов Отан тарихының методологиялық мә­се­лелерін қозғады. Ғалымның бұл мақа­ласы газетіміздің кешегі, 16 қыркүйек күнгі нөмірінде жарияланған еді. Сондықтан оған тоқталуды артық көріп отырмыз. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбу­сейітова тарих ғылымы туралы әң­гіме қозғағанда, Қазақстанның ұлттық басым бағыттар жайлы ой өрбітіп, дәл қазір Отан тарихын жазуда тарих­шы­ларға жүктелген міндеттің зор болып тұрғанын, егер мұны абыроймен атқар­ған жағдайда мәртебелері артып, мерейлері өсіп, келешек ұрпақ алдында жүздері жарқын болатынын алға тартты. Ол, сонымен қатар, әлемдік тарихи ақыл-ойдың үздік жетістіктеріне ден қойып, озығынан алсақ, ұтылмай­тыны­мызды да қаперге салды. Пленарлық мәжілістен кейін бір топ ғалымға Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері төсбел­гі­лері тапсырылды. Одан соң тарих­шылар дөңгелек үстел басында оқулық мәселесін, ел тарихын түбегейлі зерттеу бойынша тәжірибе алмасып, ой бөлісті. Сүлеймен МӘМЕТ. ------------------------------------- Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

* * *

Конгреске қатысушылар сөз алады

ТАҒЫЛЫМ АЛАРЛЫҚ БАСҚОСУ БОЛДЫ Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор. Азаттығымызды алып, елдігімізді төрткүл дүниеге танытқалы да 20 жылдың жүзі болып қалды. Бұл айтулы кезең – отандастарымыздың қай-қайсысының болса да жүре­гі­нен елеулі орын алатын айтулы мереке. Қазақ елінің тарихы сонау арғы ғасырлардың қойнауында жатыр. Біз оны кеңестік кезең кезінде танып-біле алмадық. Енді барымыздың бағасын арттырып, жоғымызды түгендеген кезде қарасақ, қазақ өркениеті бая­ғы­да қа­лыптасқан екен. Археологиялық қаз­ба­лар кезінде табылған қыруар құн­ды­лықтардан ұғатынымыз, біздің баба­ларымыз осынау даланы тегін мекендемепті. Тіпті ой-са­насының биік, тал­ғамының жо­ға­ры болғанына көз жеткізгенде бұл неткен ғала­мат ха­лық деп таң­қа­ласың. Осындай халықтың, береке-бірлікке ұйыған жұрттың тарихын таразылау барысында еліміз бойынша атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз екені күмәнсіз. Жарияланып жатқан том-том кітаптар, зерттеу еңбектер, мемлекетіміздің түп қазығы тереңде екенін сездіріп қана қоймайды, мерейіңді өсіреді. Ендігі жердегі бізге жүктелген мақсат пен міндет осы алтын арқаулы құнды­лық­тарымызды жүйелей келіп, тәуел­сіздік тарихымен ұштастыру болса керек. Осы жұмысты кең отырып кеңесіп, алқалы жиында ақылдасып орындау мақсатында ұйымдастырылған Қазақ­стан тарихшыларының тұңғыш конгресінен алар тағылым аз болмай­тыны анық. Бұл – тарихшылардың тәу­елсіз­діктен кейінгі тұңғыш бас­қосуы. Осы жиында ел тарихын зерттеп, зерделеу мәселесі жан-жақты әңгіме болды. Өткенімізді түгендей оты­рып, бүгінімізді сараладық, бола­ша­ғымызға көз жібердік. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­мағұловтың тарихшылардың ба­сын қосатын бір ғылыми үйлестіру орталығын құру жөніндегі пікірі өте орынды деп білеміз. Бұл айтылған ұсынысты біздің университеттің аума­ғында жүзеге асыру тапсы­рылып жатса, оған әзір екенімізді жеткізгім келеді. Сонымен қатар, болашақта шығатын тарихи еңбек­терге оқу орындарында қызмет жасап жүрген ғалымдарды, әсіресе, ой өлшемі биік жас ізденушілерді тартып жатсақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл жиынның тарихшылар үшін берері мол деуге негіз бар. * * * МАҚСАТТАР АЙҚЫНДАЛЫП, МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор. Тарихымызды та­ра­зы басында тең­шеп, кейінгі ұрпаққа тап­сы­ру бү­гінгі біздерге жүк­­телген міндет деп ойлаймын. Әсіресе, тәу­­елсіздік жыл­дары­нан басталатын тарих­ты жазу  мәсе­ле­сін­де зиялылар қауы­мы кең отырып кеңесуі керек деп жүретін едік. Міне, сол жүзеге асып, бүкіл Ота­нымыздан келген 99 ғылым док­торы мен 103 ғылым кан­дидаты Еуразия университетінде алқалы жиын өткізді. Иә, қазіргі кезде ғылыми айна­лым­ға түскен зерттеулер санының еселенгені сонша, қағазға жазып үлгере алмай жатқанымыз байқалады. Бұл міндетті шешу үшін тарихты жүйелі зерттеуге мән берген дұрыс. Соған сәйкес инновациялық технологияны жетік меңгерген, бірнеше тілдерді білетін, ғылымға бейім кадрларды дай­ындау міндеті тағы бар. Жалпы, қазақ тарихын жергілікті халық өкілдерінен артық зерттеушілер болмайды деп есептеймін. Қолда бар дүниелерге ерекше ілтипатпен қарау керек. Әсіресе, алыс-жақын шетелдерден қы­руар ақшаға қайтарылған жәді­гер­лерімізге сәт сай­ын жанашыр бол­ға­нымыз ләзім. Осы арада менің ойыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің алдымызда осы жылдары табылған мұ­ра­ларды кешенді түрде жан-жақты зерттеп, зерделеу міндеті тұр. Бүгінге дейін шетелдерден қазақ тарихына қатысты 5 мыңға жуық көшірмелер әкелінген екен. Шетел архивтерінде шаң басып жатқан мұра­ғат­тарды қыруар қаржыға сатып алып, енді өз елімізде қайтадан шаңға көміп тастау ешбір қисынға келмейді», деген сөзі оралып отыр. Осы сөзден сабақ алуымыз керек. Ел тарихы – жер тарихы. Жер та­рихы – мемлекет тарихы. Қазақ­стан­ның біртұтас тарихын жазу ісінде, конгресте айтылғандай, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Менің тағы бір айтайын деген пікірім, тәуелсіз жас мемлекеттің жаңа та­рихы 1991 жылдан басталады. Бұған келтірер дәлел-дәйектерім баршы­лық. Отан тарихының сауатты жа­зылуы, бір ізге түсуі келешек үшін керек. Әр тарихшы өзінің дәйегін алға тартуымен шектелсе, онда ел тарихы даңғыл жолға түсе қой­майды. Тарихшылардың алғаш рет өткізіліп отырған мына конгресі де осыны негізге алған болуы керек. Қолдауға ие болған бір ғылыми орталық құру туралы пікірге мен де қосыламын. Мұны елдік іс деп білетін барлық азаматтар ұйымдасып жатса, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса, еңсесі тік Отаны­мыз­дың ата тарихы ешқандай күмән туғызбай, артық сөзге бел алдырмай қалыптасатынына иманым кәміл.