29 Қараша, 2016

Үкімет отырысында екі бағдарлама таныстырылды

124 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Cағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында тиісті министрліктер әзірлеген екі бірдей бағдарлама таныстырылды. Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаның мақсаты – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайту, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыру болып табылады. Министр атап өткендей, бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан халқы үшін ауыл шаруашылығы саласы негізгі кіріс көзіне айналуға тиіс. 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жиыны 30%-ға 1 трлн теңгеге немесе 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, еңбек өнімділігін 50%-ға 1,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге арттыру, экспорт 17%-ға 2,1 млрд-2,5 млрд АҚШ долларына дейін, және импорт көлемін 17%-ға 3,4 млрд-2,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендету көзделіп отыр. Нәтижесінде суармалы жерлердің үлесін 40%-ға яғни, 1,4 млн га 2 млн га дейін артып, осының нәтижесінде кіріс 30 есеге дейін көбейеді. 2017-2021 жылдардағы жаңа АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын талқылауға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Тайынша-Астық» ЖШС бас директоры Анатолий Рафальский, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, «Агротрэйдинг» ЖШС директоры Сергей Миленко, «Агротрэйдинг» Директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким қатысты. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев министрлер кабинетіне АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша әзірлік жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. «Айтылған ескертулер мен ұсыныстарды назарға ала отырып, бағдарлама жобасын мақұлдауды және жыл соңына дейін мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, бизнес қауымдастықтармен келісілген соң бекітуге шығаруды ұсынамын. Келесі жылы біз жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуді бастауымыз керек»,-деді Премьер. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аграрлық секторды жедел дамыту міндеті алға қойылғаны белгілі. Осыған байланысты ел Үкіметі 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Соның нәтижесінде таяу бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу экономиканы әртараптандыру мен өсімнің негізгі драйвері болуға тиіс. Сондай-ақ, Үкімет отырысында Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы баяндады. Министр атап өткендей, бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ тұлғаларды өнімді жұмысқа тарту екенін жеткізді. Жаңа бағдарлама 15 пен 45 жас аралығындағы айына 60 мыңнан төмен табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыздарға және кәсіптік біліктілігі жоқ тұлғаларға жұмыс табуға немесе жаңа мамандықты меңгеруге көмектесуге тиміс. Бағдарлама 550 мыңға жуық адамды қамтиды деп күтілуде. Олардың 84 %-ы ауыл тұрғындары екенін айта кету керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеген болатын. Бағдарламаның мақсаты нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасау арқылы халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру болып табылады. «Егер біз бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына көңіл бөлінсе, енді оқыту арқылы тек қана тұрақты жұмыс орындарына көңіл бөлінеді. Ең бастысы, адамдарға өз істерін ашуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береміз. Жауапты органдар анықталды, өкілеттіліктер берілді, олардың арасында жергілікті атқарушы органдар бар»,-деді Премьер-Министр жаңа бағдарлама туралы. Премьер-Министр осы бағдарлама бойынша барлық әзірлік жұмыстарын аяқтап, оны 15 желтоқсанға дейін Үкіметке бекітуге ұсынуды тапсырды. Арнұр Асқар, "Егемен Қазақстан".