30 Қараша, 2016

Отандық туризмнің олқы тұстары қандай?

306 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
era_3105Қазақстан – табиғи ресурстар мен пайдалы қазбаларға аса бай ел. Бізде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар. Табиғат бізге жеті қат жердің қойнауындағы байлықты ғана емес, сонымен қатар, көзге әсем көрінетін алуан түрлі рельефтерді де сыйлай салған. Бұған енді ежелгі сақ, ғұн, үйсін замандарынан бері сабақты жібі жалғасқан тамыры терең тарихымыз бен сан ғасырлар бойы өркен жайып келе жатқан мәдениетімізді және этногра­фиямызды қоссақ, ұлан-байтақ жерімізді Еуразия ендігіндегі тәлімді туризм орталығына айналдыруға әбден болар еді. Негізі, бұл тақырыптағы әңгіменің көтеріліп жүргеніне біраз уақыт болып қалғанымен, оған қатысты жұмыстар, өкінішке қарай, сол сөз жүзінен әлі тым көп ілгері жылжып кете қойған жоқ. Ал бұл саланы дамыту болашақта жұрттың өзін өзі жұмыспен қамту мәселелерін шешіп алып, мұндағы шағын және орта бизнеске кеңінен өріс ашуға мүмкіндік берген болар еді. Себебі, туризм алдағы онжылдықтар бедерінде еліміздің экономикасы өсуіне ықпал ететін бірден-бір сала болуы тиіс. Туризм – жұмыс орындарын құру, төменгі және орта білікті қызметкерлерді жұмыс орнымен қамту, экономиканы жан-жақты дамыту. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды тетігі болып табылады. Мұндағы бәсекелестікте артықшылықтар дұрыс пайдаланылса, ол бұл индустрияға тікелей тартылған көлік, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты 32 саланы дамытуға тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін екен. Туризм қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері экономикасында маңызды рөл атқарады. Жер шарындағы әрбір 11-ші жұмыс орны туризм негізінде құрылған. Әлемнің жиынтық ішкі жалпы өнімінде туризмнің үлесі 9,4 пайызды құрайды. Бұл 6,8 трлн АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны көрсетеді. Тағы бір мысал, Түркия қажетті заңна­малық шаралар мен салықтық жеңілдіктерін қабылдау арқасында ішкі жалпы өнімнің 10,9 па­йызын осы саладан алып, 2 млн адамға жұмыс та­уып беріп отыр. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде бұл көрсеткіш тіпті 14,3 пайыздан асып түсіп, елдегі жұмыс орнының саны 383 мыңнан асып жығылады. Шыны керек, соңғы жылдары бізде саланы өркендету керек екені жиі айтылып жүргеніне қарамастан, оған қалдық қағидатымен қаражат бөлушілік үрдісі тоқтатылмай келеді. Біздегі туризм саласында әлі күнге дейін жұмыстармен жүйелі түрде айналысатын біртұтас дербес уәкілетті орган жоқ. Рас, бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасының аясында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жасап, бекіткен болатын. Бірақ одан қарқын алып, дамып кеткен сала жоқ. Неге? Біздіңше, мұның өткен жолы баяндалғаннан да басқа бірнеше объективті себептері бар. Қазіргі таңда саланың дамуына кедергі келтіріп отырған бірнеше мәселені атап өтуге болады. Атап айтқанда, біріншіден, туристік қызмет құны әлі де болса жоғары, екіншіден, туризм инфрақұрылымы қалыптаспаған, үшіншіден, көрсетілетін қызмет дәрежесі төмен, төртіншіден, виза жүйесі мен көші-қон тәртібі күрделі, бесіншіден, чартерлік әуе тасымалына қатысты да проблемалар бар. Ал бұлардың бәрінің басында отандық туризмді насихаттау ісі біздің қажет еткенімізден көп төмен екендігі тұр. Мұның алдында осы мәселе саланы дамытудағы басты кедергілердің бірі екені ретінде айтылған болатын. Енді сол сөз жалғастырылар болса, ең алдымен орталық және жергілікті атқарушы органдардың отандық туристік индустрияның жағдайын жақсарту жөнінде үйлестірілген қандай да бір айқын іс-қимыл жоспары жоқ екенін ауызға алар едік. Сондықтан, жуық уақыт шеңберінде сырттан келетін және ішкі туризм көлемін ұлғайту есебінен тұрғындарды жұмыспен қамту, мемлекет пен халық кірісінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру кезек күттірмейтін міндет болғаны абзал. Мұның бірінші қадамы өңірлік деңгейде жаппай жеке туризм басқармаларын құруды қолға алу болса керек. Бұл ретте Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар саланың тартымдылығын арттыру үшін виза режімін, көші-қонды және шетелдіктерді тіркеуді оңайлатып, құқықтық тәртіпті, денсаулық сақтауды және санитарлық-гигиеналық жағдайларды бақылауға алуды күшейтуі, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арнасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру шарттарын жеңілдетуі, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен инвестициялық преференциялар беру тетіктерін жетілдіруі тиіс. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»