30 Қараша, 2016

Өмір бойы ізденетін мамандық

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осы тұрғыдан алғанда әрбір мұғалім өзінің міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ар-ұятымен еңбек етсе білім саласында олқы тұстар болмас та еді. Оқушыны тұлға дейтін болсақ, әр тұлғада даралық қасиет, бейім, қабілет, қызығушылық болады. Әрине оны ашатын, бағыт-бағдар беретін мұғалім. Оқушыға тәрбие мен білім беретін мұғалім, ең алдымен өзі әдеп қағидаларын жетік білетін жан болуы шарт. 45 минут сабағын шебер өткізгенімен, адамгершілік-рухани тұрғыдан жұтаң жан ешқашанда сыйлы болмақ емес. Соңғы кезде ауылдағы мұға­лімдер қатары егделеніп бара жатқаны жасырын емес. Қала мектептеріне қарағанда, ауылдағы 50-ден асқан мұғалімдердің бірі ретінде біздердің тың идея мен бастамаларға келгенде мүм­кіндіктеріміз шектеулі. Мұғалім мамандығы қадірінің төмендеуіне бірқатар ЖОО-да тікелей кінәлі деуге болады. Жекеменшік оқу орындарының дипломды ма­мандарының біліктілік деңгейі өте төмен екендігін өмірдің өзі көр­сетіп отыр. Кездейсоқ мұғалім­дердің бірнешеуінің кез келген мектепте жүруі осыған дәлел бола алады. Биыл жаңартылған мазмұндағы білім беру бойынша «Сауат ашу» пәні енгізілді. Бұрын 100 жылдан астам тарихы бар «Әліппемен» біз де, біздің ата-аналарымыз да, кейінгі ұрпақ та білім алды. Соңғы жылдары «Әліппе» өңделді. «Әліппе» бірнеше жыл сүзгіден өткен, жинақы оқулық болатын. Ал «Сауат ашу» оқулығында «Өзін өзі тану», «Дүние тану» пәндеріндегі болуы тиіс әңгімелер, өлеңдер кездеседі. «Ц» әрпіне мысалға рецепт керек болар, мәзір де жақсы аударма екендігі сөзсіз. Жалпы алғанда 1-сынып мұғаліміне де, осы сынып оқушыларына да жүктеме салмақ көп. Ата-аналардың ренжуі де бекер емес. Ағылшын тілі, орыс тілі пәндері мен оқулықтары туралы әңгіме тіптен бөлек. Ең алдымен, мектептердегі материалдық-техни­калық база, мұғалім кадр­лардың сапасы ескерілуі керек. Еліміздегі әртүрлі баспалар­дан шыққан кітаптардың, әдістемелік құралдардың көпшілігі кітап­ханаларда пайдаланылмай жатыр. Оның орнына компьютер сыныптары, ауыл балаларының бейіміне қарай спорттық жаттығу алаңдары т.б салынса – ауыл балаларының дені сау ұрпақ болып қалыптасуына, бейіндерін ұштауына бірден-бір көмек болары анық. Оқылмайтын оқулық, үлкендер тарапынан кеткен олқылықтардан бүгінгі ұрпақ зардап шекпеуі тиіс. Гүлжан ТОҚМУРЗИНА, Қарабау орта мектебінің мұғалімі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы