30 Қараша, 2016

Әскери жәдігерлер әлемі

804 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
img_1279Осыдан бір жыл бұрын Елбасымыз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада еліміздің тарихындағы тұңғыш Әскери-тарихи музейді ашқан еді. Осы уақытқа дейін қазақтың әскери тарихы терең зерттеліп, том-том болып кітапханаларда қатталып тұрмаса да халық өз жадынан «музей» ашып, ел қорғаған ерлерінің атын ұлықтап, батырлар жырына арқау етіп, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырғаны белгілі. Арқадан Алатауға, Алтайдан Аты­рау­ға дейін көсіліп жатқан ұлан-ғайыр Ұлы далаға кімдердің көзі түспеді, кімдердің ат тұяғы тимеді. Солардың барлығына тойтарыс бере білген ата-бабаларымыздың ел-жер үшін күресі мыңдаған жылдар бойы жалғасып келген болса, солардың есімдерін халық өзі кие тұтып, әрісі Тұмар хан­шайым, Мөде, Білге қағандар, бе­рісі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Абы­лай есімдерін жадынан өшірген емес. Ұрпағының ертеңінен зор үміт күтіп, әлі күнге балаларының есімін Алпамыс, Бейбарыс, Қобыланды, Ерасыл, Райымбек қойып жататындығы да сол себептен. Бірақ қазіргідей жаһандану заманында, ақпарат алу мен берудің амал-тәсілдері өзгеріп, әжесінің етегінде жатып атасының жыр-дастандарын, қиссалары мен ертегілерін тыңдайтын ұрпақтың орнын ғаламтордан өзіне керек мультфильмін жүктеп алып көріп отыра беретін жаңа буын басып келе жатқан шақта сан ғасырлық бай мәдени мұрамызды сақтап, олардың жадына құя беруде музей саласының атқаратын рөлі зор. Оның үстіне небір ұлттар мен ұлыстардың елдігіне сын келіп, тәуел­сіз­діктерінің көбесі сөгіліп жатқан уақытта замана толқынына жұтылып кетпей, ата-бабадан мирас болып қалған еліміз, жеріміз, тіліміз, діліміз сияқты ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу, сақтап қана қоймай, ұр­пақтан ұрпаққа шып-шырғасыз жеткізу жұ­мыстары да музей саласы үшін маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бастама көтеріп, тап­сырма беріп, ол тапсырманы сол кезде Қа­зақстан Республикасының Қорғаныс ми­нистрі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов абыроймен атқарып шығып, елорда төрінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінің ашылуы дер кезінде қолға алынған игілікті іс-шара екені сөзсіз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін музей экспозициясына кеңірек тоқталайық. Музейде қазақ даласының ежелгі заманнан күні бүгінге дейінгі әскери тарихын айғақтайтын жәдігерлер топтастырылған. Ерлікті дәріптеп, батырларды бағалауға арналған құт­хананың табалдырығын аттаған сәт­тен бастап көне дәуірлерден күні бүгін­ге дейін жеткен, қазақ дала­сы­ның қаһарман ұлдарының атадан бал­аға мирас қылып ұстанып келген әскери өнерінің пайда болуы мен дамуы арасындағы сабақтастықтан сыр шертетін барельефтер орналасқан «Мәңгілік Ел» атриумын көреміз. Атриумда Тәуелсіздікке тұғыр болған баһадүрлер бейнесі шеңбер бойымен орнатылып, төрінде егемендіктің тізгінін ұстаған Елбасы тұлғасы баршамызды Мәңгілік ел болуға шақырып тұр. Атриумнан кейін Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің залы орналасқан. Бұл залда Қазақстан Қа­ру­лы Күштерінің негізгі үш саласы: құр­лық әскерлерінің, әуе қорғанысы күштерінің, әскери теңіз күштерінің тарихы мен бүгінінен, сондай-ақ, ғарыш, әскердегі спорт пен білімнен хабар беретін жәдігерлер қойылған. Келесі зал бізді артқа шегініс жасап, өткен тарихқа үңілу үшін «Ежелгі дәуір – XIX ғасыр» көрмесіне алып келеді. Бұл жерде тас, қола, темір дәуірлерінің, түркі заманының, Алтын Орда кезеңінің, Қазақ хандығының және жаңа заманның қару-жарағы мен әскери өнеріне қатысты деректер рет-ретімен орналастырылған. Жәдігерлер тас дәуіріндегі аңшылықтан бастау алып дамыған, энеолит кезеңіндегі жылқының қолға үйретілуінен бас­тап көшпенділікке, еркіндікке бой ұрған, соңғы үш мыңжылдықта салт атты жасампаз жауынгерлерінің атағы әлемнің алты құрлығына жетіп тұрған Ұлы дала халқының әскери тарихынан, қару жасау шеберлігінің дамуынан сыр шертеді. Келесі, «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залында Алашорда әскерінің құрылуы, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы мен кеңес-ауған соғысына қатысуы сияқты сындарлы уақыттан сыр шертетін жәдігерлер сақталған. Бұл залда Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алты адам қол қойып, 1917 жылы 13 қарашада «Сарыарқа» газетінде жария еткен үндеуден бастау алған Алаш армиясы туралы құнды құжаттар мен ұлт ардақтыларының жеке заттары орын алған. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында ерен ерліктерімен ерекшеленген Бауыр­жан Момышұлы, Талғат Би­гел­динов, Мәлік Ғабдуллин, Тө­леген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Әлия Мол­дағұлова, Бақтыораз Бей­секбаев, Хиуаз Доспанова сынды батыр­ларымыздың, қазақтан шыққан партизан Қасым Қайсеновтің, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін құнды деректер де осы залда. ХХ ғасырда қазақ халқының жүре­гіне өшпес жара салған тарихи оқиғ­а­л­ардың бірі – кеңес-ауған соғысы. Осы  соғыста шейіт болған боздақтар туралы және Ахмед Шах Масуд басына 1 миллион ақша тіккен «қара майор» Борис Керімбаев, ауған жерінде «Бақытжан тоғай» деген жер атын қалдырған Бақытжан Ертаев сынды батырлардың ерлігіне көз жеткізгісі келген жандар үшін де бұл залдың ұсынар дерегі жетерлік. ХХ-ХХІ ғасырлар қару-жарағының көшірмелері қойылған келесі зал адамзат баласының қорғаныс саласында қол жеткізген жетістіктерінен хабардар етеді. Әуе, теңіз және құрлық әскер­ле­рінің арнаулы қару-жарақтары, қол­­данған техникалары мен әдістері туралы­ ақпарат беретін залдың жас­өс­пірім бала ғана емес, әскери өнер мен әскер тарихына қызығушылық біл­діретін кез келген жанның көңілінен шығары сөзсіз. Музейдің тұрақты көрмелері көркемсурет залымен түйінделеді. Бұл залда ерлік пен соғыс тақырыбына арналған көркемөнер туындылары, атап айтқанда, қылқалам шеберлері – Е.Сидоркиннің «Алпамыс батыры», Б.Қасымбековтің «Генерал С.Қ.Нұрмағамбетовы», мүсіншілер – Қ.Нұрбатыровтың «Томирисі», Б.Әбішевтің «Әлиясы» және т.б. орын теп­кен. «Мерзімді көрмелер залы» әрдайым жаңарып отыруымен ерекше әрі қызықты. Бұл зал еліміздің түкпір-түкпіріндегі және алыс-жақын шетел музейлеріндегі әскери өнер мен соғыс тақырыбына қатысты қызықты жәдігерлерді халқымызға қолжетімді ету мақсатында уақытша көрмелер ұйымдастыруға арналған. Жоғарыда айтылған көрмелерден бөлек, Музей ашылған бір жылдың ішінде еліміздің әскери тарихы мен мәдени өмірі үшін маңызы зор бірнеше іс-шара өткізілгенін де айта кету керек. Атап айтқанда, «Алаш» қоз­ға­лы­сының көсемі Әлихан Бөкей­ханның ту­­ғанына 150 жыл толуына байланыс­ты «Әлихан Бөкейхан және Алаш әскері» атты дөңгелек үстел, Зуқа ба­тыр Сәбитұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тәу­елсіздік арманы және Зуқа батыр» атты халықаралық ғылыми-тео­риялық конференция және күнтіз­бе­де­гі басқа да атаулы даталарға орай көп­теген тақырыптық көрмелер ұйым­дас­тырылды. Қазіргі уақытта музей ұжымы «Ер­лік­тің атаусыз кетуі – халықтың тра­­­гедиясы» деген Бауыржан Момыш­ұлы­­­ның қанатты сөзін ешқашан жады­нан шығармай, халқымыздың ерлік пен батырлық туын жықпай, ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүрді жалғастырып, қазақтың әскери тарихын кеңінен дәріптеу ісін жаңадан жолға қойып отыр. Осы бағытта ойға алған жоспарлар, атқарылатын іс-шаралар жеткілікті. Солардың қатарында үстіміздегі жылдың 14 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және музейдің ашылуына бір жыл толуына орай «Ұлы да­ла: әскери тарих» атты ғы­лы­ми-пра­к­­- ­­ти­калық конференция ұйым­дас­ты­ры­лып өткізілетін болады. Алдағы уақытта бұл конференцияны жыл сайын халықаралық деңгейде өтіп тұратын ай­тулы шараға айналдыруды көздеп отырмыз. Барша Қазақстан халқын, елорда тұрғындары мен қонақтарын еліміз үшін жаңа мазмұндағы және осы тақырыптағы бірегей Музейді аралап көруге және қолда бар көне қару-жарақ пен соғыс өнеріне қатысты жәдігерлерді бізге сеніп тапсыруға ша­қырамыз. Қазақ даласындағы жебенің зулаған дауысынан бастап ат тұяғының дүрсіліне, зеңбіректің гүрсіліне дейінгі әскери өнер тарихынан хабардар болғыңыз келсе, бізге келіңіздер. Перизат ӨТЕПОВА, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің бастығы АСТАНА