30 Қараша, 2016

2015 жыл: Жеңістер мен жемістер

185 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

29-04-062015

Тәуелсіздік дәуіріндегі әрбір жылы елеулі жаңалықтар мен өзгерістер әкеліп жатқан Қазақстан үшін 2015 жылдың бітімі де бөлек көрінді. Бұл түсінікті де еді. Ата-бабаларының жүздеген жылдар бойы аңсап өткен арайлы азаттығы мен дербес мемлекеттілігіне бұдан ширек ғасыр уақыт қана бұрын қол жеткізген бүгінгі ұрпақтың байырғы замандардың бұйдасында қалған арзу-армандарын жеделдетіп жүзеге асырып, олқылықтың орнын толтыруға деген құлшыныстары мен ұмтылыстары ерекше болды. «Өзінің алдына ұлы мақсаттар қоя білетін адам – нағыз кемеңгер, бірақ оның бұларды қаптаған оқиғалардың тізбегінде жоғалтып алмауы айрықша маңызды», деген екен арғы ғасырдың алпарында дәурен кешкен ағылшынның белгілі жазушысы, танымал ойшыл Оскар Уайльд. Елімізді Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан кезден бері үздіксіз басқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің алдына, мемлекет алдына осындай орасан зор мақсаттар қойып, олардың белгіленген мерзімнің межесінде тыңғылықты түрде орындалуын қамтамасыз етуімен жұртының құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Біз бүгін сөз еткелі отырған жылдың мазмұнында да еліміздің ертеңі мен халқымыздың игілігі үшін Президенттің тікелей мұрындық болуымен қолға алынған бас­тамалар мен бұрын көтерілген іргелі істердің тиянақты нәтижелері, сондай-ақ он екі айлық кезеңнің абыройын асқақтататын оралымды оқиғалар жеткілікті болып шықты. 2015 жыл да Мемлекет басшысының: «Алда тұрған сын белестерден білекке – білек, жүрекке – жүрек, тілекке тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз», деген қағидатын берік есте ұстау сыңайында жүргізілген жұмыстардың аясында өрбіді. Жыл ішінде бұған нақты дәлел, анық айғақ бола алатын дәйекті оқиғалар орын алды. Бұл орайдағы әңгімені елдің бүгінгі тіршілігі ғана емес, болашағы үшін де үлкен маңызы бар саяси шара – кезектен тыс Президент сайлауынан бастағанымыз жөн шығар. Аталған сайлау ең алдымен елдің елдігін, халықтың бірлігін танытқан оқиға болды. Ол 14 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында көтерілген бастамадан арна тартты. Оның нәтижесінде, Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топтарға, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөнінде үндеу жолдады. Өздерінің бұл бастамасын олар: «Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы болып табылады. Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет», деп түсіндірді. Кейіннен бастама еліміздегі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар, бірлестіктер мен жекелеген саясаткерлер, сондай-ақ шетелдік көптеген сарапшылар тарапынан қызу қолдау тапты. Еліміздегі 6 саяси партияның, 18 республикалық қоғамдық бірлестіктің, 500 өңірлік ұйымдардың басын біріктіретін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коали­циясы қолдаушылар қатарынан табылды. Сондықтан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңеске жүгініп, кезектен тыс президенттік сайлауды өткізудің мүмкіндігін Ата Заң нормаларына орай түсіндіріп беруді сұрады. Ал Конституциялық кеңес өз кезегінде Конституцияның 41-бабы, 3-1 тармағы нормасына сай кезектен тыс президенттік сайлауды жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар екенін атап көрсетті. Сөйтіп, заңдық тұрғыда қоғамның басым бөлігі арасында қолдауға ие болған бастаманың заңдық тұрғыда да ешқандай кедергісі жоқ екені анықталғаннан кейін билік бұл іске бел шеше кірісті. Осыған орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 25 ақпан күні ел өміріндегі аса маңызды шешімді қабылдау тұрғысында халыққа Үндеу жолдады. Онда Елбасы мұның бәрі қазір халықтың ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдарға, әлем экономикасында дағдарыс белең ала түскен кезеңде олардың ертеңгі күніне деген сенімділігі керектігіне, жаһандық геосаяси қарама-қайшылықтар ушыға түскенде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаушылығынан туып отырғанын баяндады. Осылайша қоғамда кең түрде талқыланған, қажеттілігі мойындалған кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Онда Президент орынтағы үшін үш үміткер дауысқа түсті. Олардың қатарында Қазақстанның Іс басындағы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік халық партиясы комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов және Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбiлғазы Құсайынов болды. Нәтижесінде, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Дауыс берушілер тiзiміне енгiзiлген 9 547 864 сайлаушының 9 090 920-сы немесе 95,21 пайызы науқанға қатысып, бұл жөнінде рекордтық көрсеткіш тіркелді. Сайлаушылардың дауыс беруі барысы жа­йында көптеген халықаралық ұйымдар мен 37 елден келген мыңнан астам байқаушы мониторинг жүргізіп, оның тазалығы мен әділдігіне көз жеткізді. Осы күндері шетел лидерлерінің Нұрсұлтан Назарбаевты талассыз жеңісімен құттықтаулары оған көрсетілген халықаралық бедел мен құрметтің өлшеміне айналды. Ондайлардың легінен 50-ден астам мемлекет пен үкімет басшылары табылды. Бұған қоса, Ақордаға саясаттың, экономиканың, ғылым мен мәдениеттің 180 лидері мен көрнекті қайраткері ізгі ниет пен жақсы тілекке толы құттықтаулар жолдады. Оларда «Қазақстанның жетістіктері мен табыстарының Нұрсұлтан Назарбаев атымен тығыз байланысты» екендігі ерекше атап өтілді. Қайта сайланған Президенттің инаугурациясы 29 сәуір күні елордадағы еңселі ғимараттардың бірі – Тәуелсіздік сарайында болып өтті. Ұлықтау рәсімінде Елбасы: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», деп ант беріп, еліміздің Туын сүйді. Бұдан соң Әнұран шырқалып, Орталық сайлау ком     иссиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн салтанатты түрде табыс етті. Конституцияға сәйкес жасалған шаралар аяқталған соң Президент ресми түрде қызметіне кірісті. Осыған орай, Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, алда тұрған басты мәселелерге тоқталды. Ол өз сөзінде 26 сәуірдің еліміз үшін тағы бір тарихи тағдырлы күн болғанын атап өтті. Президенттік сайлау Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге танытты. Ел өздерінің бірлігіне, беріктігі мен кемел келешекке сенімін танытты. Мәңгілік Елдің мызғымас ұстанымдарына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау – жарқын болашаққа қадам басқан Қазақстанның таңдауы. Бірлігін берекеге ұластырып, ұлы істер жолында ұйысқан барша халықтың жолы. Өзінің ұрпағының болашағын қасиетті Отанымыз – Қазақстанмен бірге көретін әрбір азаматтың ерік-жігері. Мемлекет басшысы өзін салтанатты түрде ұлықтау сәтінде сайлау алды тұғырнама ретінде жарияланған, «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын 5 халықтық реформасын жария етіп, оны жүзеге асыратын «100 нақты қадамын» Ұлт жоспары етіп ұсынды. Ұлт жоспары – бұдан әрі қарайғы мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан тұрады әрі бес институттық реформа бойынша атқарылатын жұмыстар түсіндіріледі. Тұтастай алғанда, бұл жоспар жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беріп, жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады», деді Н.Назарбаев өзінің сөзінде. Осылайша Ұлт жоспары Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін серпінді қадам ретінде алға шығарылды. Оны іс жүзінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатын, тарихтың жаңа белестерінде еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі бас­ты құжаты деп те айтуымызға болады. Ал жылды 1 қаңтардан жұмысын бастап кеткен Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері қатысуындағы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ашып берді. Осы жылдың ішінде оған Армения мен Қырғызстан мүше болып кірді. Жалпы, ЕАЭО-ға әлемнің көптеген елдері мүдделестік танытты. Олардың қатары бірте-бірте ұлғайып келеді. Тұтастай алғанда, жыл ішінде 40-қа жуық ел мен бірлестіктер Одақпен еркін сауда аймағы туралы келісімшарттарды бекітуге мүдделілік білдіріп үлгерді. Еркін сауда туралы келісімге Қазақстанның жәннат жері – Бурабай курортты аймағында жылдың мамыр айында қол қойған Вьетнам ЕАЭО-ның сауда саласындағы бірінші әріптесі болды. Осы жылғы 7 мамырда еліміздің түкпір-түкпірінде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Салтанат апогейі Астанада керуен түзіп, ол әскери парадқа ұласты. Елордадағы «Қазақ Елi» алаңында қанат жайған шеруге 5 мыңға жуық әскери қызметші, 200 дана шамалас қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ, 70 әскери авиация ұшағы мен тікұшағы үн қосты. Әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ жоғары ұшу мәнерлерін асқан шеберлікпен орындап, әуе кеңістігінде жеңістің мерейтойлық мерзімін білдіретін «70» санын жазды. Осы шара барысында алаңдағы ту ұстаушы топ еліміздің Мемлекеттік туы мен бұдан 70 жыл бұрын қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгерлік серігі Григорий Булатов екеуінің Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің қызыл туын алаңға алып шығу рәсімі жасалды. Әскери парадта Қазақстан Президенті – еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Ұлы Жеңісті мәңгілік ұлықтап өтетінін баса айтты. «Екі күннен соң Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толады. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн 200 мың жерлесіміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысында жұмылып, Жеңіске өз еңбегін сіңірді. Қас дұшпанға атылған әрбір оқта қазақ жерінің үлесі зор», деді Жоғарғы Бас қолбасшы. Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлаудан кейін өзінің алғашқы шетелдік сапарын Ресейден бастады. Ол 8-9 мамыр күндері Мәскеуде өткен фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты. Қазақстан Президенті Қызыл алаңдағы әскери парадта болып, Белгісіз солдат қабіріне гүл шоқтарын қойды. ТМД лидерлерінің бейтарап кездесуінде ол фашизмді жеңудің маңыздылығы жөнінде ой қозғап, тарихи деректерді бұрмалау жолымен соғыс қорытындыларына ревизия жасауға әрекет етушілікті сынға алды. Президент бұдан кейін қыркүйек айында Қытайда өткен Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа да қатысып қайтты. Осы сапар арқылы бұл елмен жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейі нақтылана түсті. Жыл ішіндегі тарихи маңызы жоғары елеулі оқиғалардың қатарында 10-11 маусым күндері Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі де бар. Оған шетелдік делегациялар өкілдері жоғары деңгейде қатысты. Осылайша, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия президенті Саули Ниинистё және Иордания королі Абдалла ІІ сияқты жоғары мәртебелі меймандардың қатысуы жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру үшін дін лидерлері мен саясаткерлердің келісілген іс-қимылдарының қажет екендігінің маңызды белгісі болды. Нұрсұлтан Назарбаев форум мінбесінен бүкіл әлемнің саяси және рухани лидерлерін қолда бар мүмкіндіктерді соғыстар мен дау-жанжалдарды тоқтату, жаһандық саясаттағы сенімді қалпына келтіру үшін пайдалануға шақырды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы Дін лидерлері кеңесінің рөлін арттырудың маңыздылығын атап көрсетті. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметін, сондай-ақ, Қазақстанда құрылған этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісім моделін жоғары бағалады. Осыдан 12 жыл бұрын Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен алғаш рет шақырылған діни форумның маңызды және ықпалды үнқатысу алаңына айналғаны тілге тиек етілді. «Бүгінде әлем экстремизм мен терроризмнен зардап шегіп отырған шақта жеккөрушілікке қарсы тұруға үндейтін дін лидерлерінің дауыстары жиірек және жақсырақ естілгені қажет», деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы. Шілденің 27-сі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Бас директоры Роберто Азеведо Женевада еліміздің ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттамаға қол қойды. Ұйым Бас кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы Қазақстанның жаһандық   нарыққа өту жолындағы бастан кешкен тәлімді тәжірибелеріне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің ДСҰ-ға өтуі оның реформалар мен қазіргі заманғы нарықтық экономиканы және сауданы құру жөніндегі жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалу көрсеткішіне өлшем болып табылады. Осы ретте сауда саласын жаһандық басқарудың мейлінше үлкен беделді және ықпалды бірлестігі болып табылатын Дүниежүзілік сауда ұйымы бұдан былай Қазақстан үшін көптеген шет мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында неғұрлым кең мүмкіндіктер мен перс­пективалар ашатын болады. Ал республиканың ұйымға мүше болып енуі туралы түпкілікті шешім 30 қарашада қабылданды. Сөйтіп, еліміз ДСҰ-ның 162-ші толық құқылы мүшесіне айналды. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан ұйымға мүше болу турасындағы өтінішін 1996 жылдың 29 қаңтарында берген еді. Арада көптеген келіссөздер жүргізілуі арқылы 19 жылға созылған уағдаластық уәжі ақырында іс жүзінде орындалды. Бұл жылы Қазақстанның жаңа Конститу­ция­сының қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай, тамыздың соңында Астанада Конституцияның 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Біз – барын бағалап, қымбатын қадірлей білген елміз. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағы. Мемлекеттігіміздің алтын қазығын қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы», – деп атап өтті жиынға қатысқан Мемлекет басшысы. Ал жылдың соңына қарай Ассамблея жылын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтіп, онда мерекелі жылы атқарылған шаралар таныстырылды. Жыл Қазақстандағы этностар үшін мемлекеттік тілді меңгеру кезеңі болды. Бұл жылы қайырымдылық қадамы есебінде «Тайқазан. ҚХА – 20 ізгі іс» жобасы аясында 6 953 шара өткізіліп, халыққа 1 млрд 790 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Жыл ішіндегі Қазақстан бойынша кеңінен өріс алған ең ауқымды мәдени шаралар Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналды. Ол халықаралық, республикалық және облыстық ғылыми-практикалық конференциялар түрінде көрініс тапты. Ел ішінде мәдени-спорттық шаралар да мерейтойдың шырайын келтіре түсті. Бұлардың бәрінің негізгі бөлігі қыркүйектің 11-інде Астанада бастау алып, үш күнге ұласқан той болып өріс алды. Шара шымылдығы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында ашылды. Оған Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Түркия Парламентінің Төрағасы Исмет Йылмаз қатысты. Күллі әлемді дағдарыс қыспаққа алып, оның екпіні дамыған елдердің өздерін тәлтіректете бастаған экономикалық күйзелістің тұсында бұлайша алыс-жақын ағайынды шақырып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр то­йын өткізудің ерекше бір себептері де бар-тын. Кешегі кеңес заманында мұндай той өткізу тұрмақ хан мен сұлтандардың, би мен бектердің есімін атағандардың өзі жазаға кесіліп жататынын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл шара осы кездегі алмағайып уақыттың ырғағында ең алдымен о шеті мен бұл шеті алты айшылық жол болатын орасан зор атырапты сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, сақтап қалған бабаларымыздың биік рухтарына тағзым етіп, ұмытылып бара жатқан теңдессіз тарихымыздың тұнбасына тағы бір мәрте ой жүгірту үшін өткізілді. Кешегі Кеңес Одағы кезеңінде Қазақстандағы мектеп оқушылары өз елінің тарихын жиып қойып, ортақ Отан – «КСРО тарихы» деген оқулықтан ғана білім алды. Айтулы ақын Қадыр Мырзалиев күйінгеннен сол заманның өзінде-ақ: «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!» деген астарлы оймен жыр толғаған болатын. Бұл той, міне, сондай олқылықтардың орнын толықтыруға да арналды. Мұның үстіне, кеңестік кезеңде Қазақ хандығының шаңырағын шалқытып, туын көтеріп, айбынын асқақтатқан айбатты хандарымыз бен жаужүрек батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. «Әр заманның – өз сұрқылтайындай» болып, осы уақыттары бұрынғы өткен даңқты бабаларымызды өз ішімізден шыққан жандайшап жамандағыштар көбейіп, солар жөнсіз «құрметке» бөленді. Қазақ хандарының аттары атала қалса, оларға қанаушы үстем тап өкілі ретінде қарап, жағымсыз баға берілу заңдылыққа айналды. Осыған орай, қазақтың дауылпаз ақыны Ғафу Қайырбеков бір кезде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп те ашына жазып еді. Тойдың шарықтау шегі қазан айының басында екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласында өзінің мәресіне жетті. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің ашылуымен көген керді. «Біз бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды», деді осында сөйлеген сөзінде Елбасы. «Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да. – Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек соңынан ел ертіп, Шудың жағасында ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүние жүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық». Осы оқиғалардың алдында, тамыздың 20-сы күні Қазақстанның Ұлттық банкі жаңа валюталық саясатты жүзеге асыратынын мәлімдеп, теңгені еркін айналымға жіберді. Оның соңын ала айналымға 20 мың теңгелік купюра шығарылды. Қазақстан Үкіметі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігімен (МАГАТЭ) ел территориясында Төмен байытылған уран банкін ашу жөніндегі келісімге қол қойды. Осыған орай Үкімет ядролық банк оның айналасына орналасқан елді мекендер тұрғындары денсаулығына залалын тигізбейтінін жеткізді. Күздің бірінші айының басында Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер – Айдын Айымбетов зеңгір аспанға жол тартты. Ол 2 қыркүйекте халықаралық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Оның жанында ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен Еуропа агенттігінің астронавы, дат Андреас Могенсен болды. Біздің космонавт 10 қыркүйекте даниялық әріптесімен бірге Жерге оралды. Айдынды әріптестерімен бірге әуежайда күтіп алуға Елбасының өзі барды. Жердің тартылыс күшін жеңе алмай әлтек-тәлтек басқан Айдынды Елбасы әкелік қамқорлық, мейіріммен қолтығынан алып демеп жүруі өте бір толқынысты көрініс болды. Ғарышқа бортинженер ретінде сапар шеккен Айдын Айымбетов Арал теңізі суының ластануы мен Каспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі бүліну деңгейін зерттеп қайтты. Ол, бұған қоса, ғарышта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге арналған видеожолдау да да­йындады. Сөйтіп, өз тарихында үш ғарышкер, екі Жер серігін ұшырған Қазақ елі әлемдегі ғарыш державаларының қатарына қосылды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұрын Қазақстан тек Байқоңырымен белгілі болса, енді елімізде тұтас аэроғарыш саласы қалыптасты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 қараша күні Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбында кезекті Жолдауын жария етті. Президент оны ел Тәуелсіздігін ширек ғасырлық мерзімін лайықты қорытындылау үшін алға зор міндет қоятын құжат есебінде бағалады. «Біздің алдымызда әлі талай асулар бар. Әрине, осы күнге біз оңайлықпен жете қоймадық. Бастан өткерген қиындықтарымыздан үлгі-өнеге, сабақ ала отырып, біз елімізді жарқын болашаққа жетелеуіміз қажет. Соңғы кездері әлемде көрініс беріп жатқан түрлі жағдайлармен экономикалық ауытқушылықтардан, құлдыраулардан Тәуелсіз Қазақстанның керегесін құлатып алмай алып шығуымыз керек. Ол үшін ең алдымен өз ішіміздегі ауызбіршілігімізді сақтай отырып, ел игілігі үшін аянбай тер төгуіміз қажет», деді Елбасы құнды құжатты халыққа таныстыру кезінде. Жыл ішінде бұдан да басқа көңілге қуаныш ұялататын бірсыпыра орнықты оқиғалар орын алды. Біз солардың арасынан «Астана» футбол клубының Қазақстан командалары арасынан бірінші болып УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққанын алдымен айтар едік. Осының арқасында стадиондарымыз көрерменге тола түсті. Астананың спорт аренасы алғаш рет 30 мың футбол көрерменін өзінің қауызына жинай алды. Топтық турнир бәсекелерінің барысында астаналық ұжым Түркияның «Галатасарай», Португалияның «Бенфика», Испанияның «Атлетико» секілді құрлыққа танымал командаларымен кездесіп, тартысқа толы ойындарда жанкүйерлерін керемет шаттыққа бөледі. Өзіне тән өзгеше жүк көтерген Қой жылы осылай арқырап өте шықты. Арқалы ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, «ғұлама жылдар парағын судырлатқанда» шежіренің онымен бірге қайырылған беттеріндей болып жабылған 2015 жыл қазір бірте-бірте сартап сағыныштың сағымына айналып, осылайша кейінгі күндердің кенересіне сүңгіп барады. Бірақ оның еңселі еліміздің дамуындағы кезекті бір бедерлі белес сұлбасында жадымызда мәңгі қалатыны анық. Еркін ҚЫДЫР, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері