17 Қыркүйек, 2011

Ардагерлер ризашылығы

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы төралқасының Мәжілістегі мүшесі Майра Айсина Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылар мен Ақмола облысы Зеренді ауданының зейнеткерлерін елордаға шақырған еді. «Бұл адамдар – менің өмірімнің бір бөл­шегі! Мен сол жерде туып-өстім. Олардың әрқайсысы ата-анаммен бірге не өздері не олардың жақындары менің адам қатарына қосылуыма қолұшын берді. Менің жеткен та­быстарым – олардың табыстары! Сон­дық­тан олардың өміріне аз да болса өзгеріс әкеліп, азғантай серпін қосуға ұмтыламын. Біз­дің елордамыз арқылы еліміздің жетістіктерін көрсін. Өйткені, олардың өз бетімен келіп, Астананы көруіне мүмкіндіктері жоқ», дейді депутат. «Бәйтеректі» көру, Ақорданы, Тәуел­сіз­дік сарайын, Бейбітшілік және келісім са­райын тамашалау ардагерлердің арманы екен. Бүгін сол армандарына жетті. Аталған са­пар, сондай-ақ ардагерлерге Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентінің Мұра­жай­ына экскурсия жасап, елорданың қа­лып­тасу тарихына үңіліп, күн сайынғы күйбең тіршіліктен арылуына әрі елімізде жасалып жатқан игі істерге аса маңыздылықпен шолу жасауына мүмкіндік берді. Осы жолы Астанаға келген әрбір адам ең үлкен құрметке лайық. Олар кезінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін аянбай еңбек етті. Олар еліміз жеткен жетістіктің қандай бағалы екендігін біледі. Сондықтан келгендерге алғыс айтып, олар үшін қандай да болмасын жағымды, пайдалы іс жасау әркімнің борышы деп білеміз. Мәжілісте болған кездесуге депутаттар Нұртай Сабильянов, Жексенбай Дүйсебаев, Наталья Геллерт қатысып, ардагерлерге ауыз су, мектеп, әлеуметтік мәселелерге қатысты әңгімелеп беріп, еңбекпен қамту бағдар­ла­ма­сынан хабардар етті. Яхиден Шалбаев, Ағайдар Исин, Тұрлыбек Кенжеғалин, Торғын Хасенова сияқты ардагерлер ойларымен бөлісіп, мемлекет тарапынан өздеріне жасалып отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. -------------------------------------- Суретті түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.