30 Қараша, 2016

Биыл Астанада 46 балабақша ашылды

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
astana Ел Тәуелсіздігінің мерейтойлы жылында Астана қаласында 46 балабақша ашылды. Бұл туралы елорда әкімінің кеңесшісі Фейсбуктегі өзінің парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі күні Қараөткел (Ильинка) тұрғын алқабындағы 240 орындық №92 «Жауқазын» балалар бақшасының құрылысы аяқталды. Жалпы аумағы 5 мыңға жуық шаршы метрді құрайды. Екі қабатты ғимарат қазақ тілінде тәлім алатын 12 топқа арналған. Бүлдіршіндерді қабылдау келесі жылдың 1 қаңтарынан басталады. astana-1 Астанада мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тапшылығы жаңа балабақшалардың ашылуымен, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік көмегімен шешілуде. «Биыл 46 балалар бақшасының іргесі қаланды. Соның ішінде мемлекеттік тапсырыспен 8859 орындық 44 жекеменшік балабақша және бюджет қаржысы есебінен 440 орындық 2 балабақша бар. Одан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 2480 орындық 10 балабақшаның жобасы жүзеге асырылып жатыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен – 31, соның ішінде биыл 5 жоба жасалды. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 480 орындық 2 балабақшаның ашылуы жоспарлануда», – деп жазды ол. astana-2 Айта кетейік, қазіргі таңда Астанада 48 мың 154 бүлдіршінге арналған әртүрлі үлгідегі 261 мектепке дейінгі білім беру мекемесі құрылған. Оның 95-і – мемлекеттік, 2 – ведомстволық, 116 – жеке, 48-і шағын орталықтар. 0-6 жасқа дейінгі балалар саны – 87 947. 3-6 жас аралығындағы балалардың кезегі – 25 550 бала.