«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа кітабы «Ұлы дала ұлағаттары» – Ұлы даламыздың ұландарына арналған түйдек-түйдек ұлағатты ой сарындарымен өріледі.
Әрине, Елбасы еңбегінде шоқтығы биік әрі жан-жақты көтерілген тақырыптың бірі – ана тіліміздің ахуалы екені белгілі. Президентіміз бұл жолы да аталған мәселе төңірегінде келелі ой, кемер сөз айтқан. Шынында, Кеңес заманында қаракөз қандастарымыз еліміздегі халықтың 39 пайызын ғана құрады. Сонымен қатар, бұл жүйе біздің мәдениетіміз бен әдебиетімізге, төл тарихымызға талай шабуыл жасады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда емес пе, біздің жүз томдық ауыз әдебиетіміз бен фольклорымыздың жиынтық кітап болып шыққаны.
Сол сияқты қазақ қоғамындағы зиялылардың тағдыр-талайына зер салып қарасаң, ұлтымыз ұлықтаған Абай мен Ыбырай, Шоқан секілді бес-алты тұлғаны ғана шығарып, қалғанының көзін құртты. Ал осыларға дейінгі заманның билері мен олардың әділ шешімдері, шешен сөздері, эпос-жырларымыздың басым көпшілігі халыққа жат ұғымды сіңіретін дүниелер деп терістелді. Осындай құндылығы мен қоры бар біздің қазақ дүниедегі ұшан-теңіз рухани байлыққа ие санаулы ұлттардың бірі еді. Мұны ел игілігіне қолданудың орнына, Кеңес заманы керісінше жұмыс істеді. Мектеп, балабақша мен ЖОО-да халықтық қазынаны пайдалануды былай қойып, қазақ тілінде білім беру ісі өте үлкен қыспаққа алынды. Мұның артында Мәскеудің сұрқия саясаты жатып, әрі-беріден соң, «осы қазақтың өз алдына мемлекет ретінде қалыптасуына негіз бар ма, жоқ па? Өйткені, Тәуелсіз ел болу үшін халықтың елу пайызынан артығы қазақтар болуы керек» деген сарында сериялы мақалалар оқтын-оқтын жарияланып жатты...
Міне, ғасырлар бойы сіңген осындай әрекеттің салдары мен зардабынан ендігі ретте құтыла қою оңай шаруа ма екен? «Арамызда асығатындар көп» деп, Елбасымыз өз кітабында өте орынды айтады. Десек те, Тәуелсіздіктің аз уақытының ішінде әжептәуір жетістіктер болды. Олай дейтін себебім, ең негізгі байлығымыз да, бақытымыз да қолымызда емес пе? Ол – Ата Заңымызда «Қазақ тілі – мемлекеттің тілі» деп нақты атап көрсетілген.
Ал ендігі мәселе кімде? Әрбір кеудесінде жаны бар, өзін намысты азаматпын деп есептейтін адам қазақша сөйлеп, ұл-қыздарын да қазақша сөйлеуге ауыздандырса құба-құп. Осындай ойды Елбасымыз әр отбасында «әлди-әлди» қазақша айтылуы тиіс деп бұл кітабында да қайталайды. Бұдан артық не деу керек? Әлде, өз тілін білуі үшін халықты зорлау керек пе? Бұл біздің елдегі демократияға қайшы. Демек, ана тіліміздің тағдыры әр азаматымыздың ар-намысымен жандануы керек. Өйткені, тілдің табиғи түрде өсіп-өркендеу жолы осы. Мысалы, орыстың тіліне әдебиет 300 жыл аударылды. Әлемнің ғылым-білімін игеру үшін үш ғасыр қажет еткенде, біздің ширек ғасырлық жетістігіміз қалай болады екен? Ол аздай, қазір есік-терезеңді жауып, өзіңмен-өзің оңаша отау құрып отыратын заман емес қой.
Қандай қоғам болса да өзінің маңыздылығын жоғалтпайтын дін мен діл мәселесі де «Ұлы дала ұлағаттарынан» тыс қалмаған. Бұл мәселеде Президентіміздің айтқан пікірлерін мемлекеттің ұстанған бағыт-бағдары, көзқарасы деп ұғынған жөн. Мәселен, Кеңес үкіметі дінді жойып жібереміз деп қаралап, жамандағаннан басқа дәйек айтқан жоқ. Ал енді Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселеге қатысты не дейді. Ол «дін – мәдениеттің бір сатысы болса, біздің кісілігіміз, адамгершілігіміз, адамдығымыздың бәрі-бәрі ар-ұятымызбен тығыз байланысы бар» деді ғой. Тіпті, өз заманының аққан жұлдызындай болып, жарқ етіп өткен Шоқан Уәлиханов та, дін Исламға дейін де Тәңірге табынып, оның өзіндік мәдениеті болғандығын айтып кетті емес пе? Оған бүгінгі тұрмысымызбен астасып кеткен көптеген дәстүр-жоралғыларымыз айқын дәлел бола алады.
Ал енді әлгі террорист атанып, ел ішіне лаң салып жүргендер туралы Мемлекет басшысы олар саясаттың құрбанына айналып отырғандығын нақтылайды. Расымен де, терроризмнің Ислам дініне ешқандай қатысы жоқ. Хәкім Абай бүй дейді:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Aлланы жаннан тәттi.
Адамзаттың бәрiн сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әдiлеттi» – деген жырымен дін ұстану жайындағы ең негізгі үш махаббатты айтады. Қазіргі діннің жайы мен күйін ұғып-түсіну үшін Абайдан асырып, пікір білдіру мүмкін емес. Расымен де, «Ұлы дала ұлағатында» айтылатынындай, «біз – жоқтан бар, иманнан ар жасаған ұрпақтың өкіліміз. «Мың өліп, мың тіріле жүріп», қайсар рух, өмірге деген құштарлықтың арқасында ақыры Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік».
Ал енді біздің мемлекетіміз қандай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, қаншама азапты күндердің куәсі болса да қарияларын құрмет тұтқан. Қазақтың ақсақалдары – халықтың береке-бірлігінің ұйытқысы. Президентіміз өз кітабында мынадай бір эпизодты келтіріп, балғын балалық шағын еске түсіреді.
«Бала кезімізде мектепке бара жатқанда, кең көшенің бойында кеңесіп, өткен-кеткеннің сәлемін сәтімен алып, батасын беріп, бақытыңды үстеп отыратын қарияларды көп көретінбіз. Олардың алдын кесіп өтпей, тоқтап, назарын аударып, аузымызды толтырып «ассалаумағалайкүм» деп амандасып, сонан соң көптен күткен керек істі тындырғандай болып, шаттана жүгіріп бара жататынбыз. Әкемнің көзін көрген, анамның қолынан дәм татқан сол қариялар туралы бүгін ұзақ жылдардың қырқасынан ойлана еске алсақ, сол кездер біздің азаматтық қалыптасуымыздың саналы сабағындай болған екен».
Міне, Елбасымыз осындай мысалымен бүгінгі балалар мен батагөй қариялар арасындағы өз заманының ыстық ықылас, пейілге толы қарым-қатынасын көз алдыңа келтіріп, осы үрдісті ұлықтай түседі. Бұл біздің ұлтымыздағы ұрпақтар сабақтастығының сақталуы үшін қажет дүниелердің бірі. Ендеше, мемлекеттің даму жолында ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, алдыңғы толқын мен кейінгі толқын өкілдерін ілтипатты байланысқа үндейтін Ұлы даланың еркін ойлы ұландары үшін ұлттық ұлағаттың бірі де бірегейі – осы бір ұлағатты ой болса керек-ті.
Жабайхан ӘБДІЛДИН,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы