Еліміздегі маңызы зор жалпыұлттық мереке – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жас мемлекетіміздің даму барысын, табысы мен жетістігін бағалау қажет әрі ғибратты. Ширек ғасырлық мерейтойдың ерекшелігі сол, қоғам да осы өткен тарихи кезеңде қол жеткен жетістіктерді саралап, сауалдарға жүйелі жауап іздейтіні, орын алған өзгерістерді сарапқа салатыны хақ.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы экономикамыз үшін күрделі жыл болып отыр. Әлем экономикасындағы қиыншылық, геосаяси қарбалас, көршілерімізде орын алған рецессия мен өсімнің бәсеңдеуі, осының барлығы қазақстандық экономиканың даму ырғағына да әсер етуде.
Осындай күрделі жағдайда қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін айтатын, себептерін көрсететін және өзінің пікірін ұсынатын сарапшылар қашанда табылады.
Дегенмен, бұл ұсыныстардың пайдалы екендігін ескере отырып, бетпе-бет келіп отырған барлық қиыншылықтарға қарамастан
Қазақстан экономикасы кезекті рет дамуда, мейлі, ол аздап болсын, бәрібір даму үстінде екеніне назар аудару өте маңызды. Қазан айының қорытындысына қарағанда, бағалау бойынша өсім жылдық жоспардан 0,5 пайызға артты және бүгінгі таңда 0,6 пайызды құрады.
Қазақстанның экономикасы ай сайын өсу үстінде, тауарлар мен қызметтер өндірісі ұлғайып, жұмыс орындары құрылуда және сақталуда, жаңа инвестиция үшін тартымдылық сақталып, салық түсімдері артуда.
Осы даму үрдісін Қазақстанның экономикасы 1999 жылдан бастап 17 жыл бойы үздіксіз паш етуде, яғни біздің тәуелсіздік тарихымыздың едәуір бөлігінде экономиканың құлдырауы орын алған емес.
Еліміз 17 жыл бойы үнемі экономикалық даму үстінде! Бұл дегеніңіз Қазақстанның 25 жылдық тарихындағы ең зор жетістікті – тұрақтылықты көрсетеді. Ал бұл ең жоғары жетістік емес пе!
Бұл табыс өз-өзінен болған жоқ, аяқ астынан пайда бола кеткен кездейсоқ бақыттың белгісі емес немесе ресурстарға бағаның өсуінен де емес.
Бұл біздің Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді стратегиялық бағыты мен ерен еңбегінің нәтижесі, оның осы жылдар ішінде жүргізіп келе жатқан дәйекті экономикалық саясатының жемісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ Президент Н.Ә.Назарбаев табыстың негізгі формуласы болып отырған қазақстандық экономиканы құрудың негізгі ұстанымдарын нақты айқындап берді.
Ол еркін бәсекелестікке құрылған, жеке кәсіпкерліктің дамуына ден қойған, шетелдік инвестициялар мен жаңа технологиялар ағынына бағытталған ашық экономиканы құра бастады.
Өз көшбасшысының ұзақ мерзімді жоспарына сай, еліміз дүниеге жарқын жүзбен қарап, көршілерімізбен ниеттестікте дами бастады, саудадағы бөгеттерді еңсере және бәсекелестікті өрістете отырып, әлемнің барлық артықшылығы мен игілігіне кең есік аша білді.
Дәл осы стратегиялық ұзақ мерзімді мақсаттың арқасында Президент елде бәсекеге қабілетті, масыл болудан аулақ, тіпті ең бір қиын жылдардан да қайыспай шыққан күшті және арқаулы кәсіпкерлік тап қалыптастырды.
Осы жылдар ішінде Қазақстан нарықтық экономикаға көшті, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді, ЕурАзЭҚ қатысушысына айналды, мұның барлығы біздің кәсіпкерлеріміз үшін мүмкіндіктер туғызды, нарық үшін күреске де түсірді, дегенмен, қазақстандық бизнес өз ұстанымына берік бола жүріп, білім алудан, бейімделуден және дамудан жаңылмады.
Тек соңғы алты жылда ғана қазақстандық бизнес 34,8 трлн теңге инвестиция салды, 3,2 млн адамды жұмыспен қамтыды.
Бұл Президент таңдаған экономиканы құру ұстанымдарының дұрыс болғандығын және бірегей нәтиже –
17 жыл бойы үздіксіз экономикалық дамуды паш етеді.
Ағылшын тілінде көбінесе «оралымды, иілімді» деген мағына беретін «resilient» деген сөз бар. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде сыртқы ортаға икемді, дамуда тұрақты, біздің жас мемлекетіміздің құрылуы мен жаңа еркін ұлттың қалыптасуына сенімді негіз бола алған экономика құрылды.
Мемлекет басшысы әрдайым шетелдік инвестицияны елге әкелуге айрықша назар аударып отырды. Әсіресе, тәуелсіз еліміз жаңадан даму жолына түскен кезде қаржы аса қат еді, Президенттің жеке күш салуының арқасында елімізге өнеркәсіпке, қызметтерге, ауыл шаруашылығына және басқа да салаларға қажетті инвестициялар әкелінді.
Қазақстан әлемнің көптеген алпауыт компаниялары бизнес жүргізу үшін таңдаған тартымды мекенге айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 265 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция салынған екен.
1993 жылы ұлттық валютамыз – теңге енгізілген күннен бастап,
тікелей шетелдік таза инвестициялар ағынында жағымсыз жағдай орын алған бір де бір жыл болған емес.
Қазақстанға 23 жыл бойы тікелей шетелдік таза инвестициялар құйылып тұрды. Бұл сенім – Мемлекет басшысы жүргізген экономикалық саясаттың екінші жеңісі.
Осы уақыт ішінде әлемдік экономика экономикалық және қаржылық қиындықты бірнеше мәрте бастан кешірді. Көбі, оның ішінде, дамыған экономикасы бар елдер де капиталдың кері кетуіне тап келді. 1997 жылғы Азиядағы дағдарысты, 1998 жылғы Ресей дефолтын, 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысын еске алсақ та жеткілікті.
Бірақ әлемде инвесторлар қандай жағдайға тап келсе де өздерінің ұзақ мерзімді инвестициялық салымдары арқылы Қазақстанға сенім артты. Көбіне, осының арқасында, республика экономикасының нақты көлемі 2,2 есе өсті.
Инвестициялар өнеркәсіпке жаңа тыныс берді, 1991 жылмен салыстырғанда 2015 жылғы өнім өндіру көлемі 127,5%-ға артты.
Металлургия, машина жасау және құрал-жабдық, мұнай, газ өндіру саласы едәуір өсті. 1998 жылдан бастап өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 20 есеге артқан!
Осындай жетістіктер ауыл шаруашылығында да орын алды. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция соңғы 12 жыл ішінде (2003-2015) 3,7 есе өсті және 2015 жылдың қорытындысы бойынша 163,9 млрд теңгені құрады.
Жыл сайын ауылшаруашылық дақылдарының егін алқабы кеңейе түсуде: тек соңғы 5 жыл ішінде 16,2 млн. га-дан 21,0 млн га-ға артты. Қазақстан астық экспорты бойынша жетекші орынды иеленеді және экспорттаушы елдердің ондығына кіреді.
Құрылыс саласында да жағымды динамика байқалады. Осы жылдар ішінде республикада 115,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, осының нәтижесінде 1 млн-нан астам отбасы баспанаға ие болды.
Осы мерзім ішінде 2,3 мың шақырым темір жол және 7,4 мың шақырым автокөлік жолы салынды.
Бұл Мемлекет басшысының елімізге жаңа инвестиция тартуға күш салуының арқасында мүмкін болған экономикалық табыстардың толық тізімі емес. Инвесторлар да Қазақстанның ұзақ мерзімді, табысты дамуына, оның Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді стратегиялық бағдарына сенім артуда.
Дегенмен, осынау 25 жыл ішіндегі ел Президентінің экономикалық саясатының маңызды жетістігі экономикалық табыстарды халықтың әл-ауқатын шынайы арттыруға бағыттауы болып табылады.
Ол тек тұрақты экономиканы ғана құрып қойған жоқ, әлеуметтік міндеттерді шеше алатын экономиканы да құра білді.
Бұл халықтың өмір сүру деңгейін көтерудің негізіне айналды және Дүниежүзілік банктің саралауына сәйкес, Қазақстанның табысы орта деңгейден жоғары елдер санатына кіруіне мүмкіндік берді.
2016 жылдың басында маңызды көрсеткіш – халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 10,5 мың АҚШ долларына жетіп, 15 есе артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдар ішінде барлық күш-жігер халықтың өмір сүру деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштерді жақсартуға жұмсалды.
Осының арқасында, нақты табыс 4 есе өсті. 1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылды, жұмыссыздық деңгейі 2 еседен астамға төмендеді.
Кедейшілік деңгейі айтарлықтай қысқарды, егер 90-жылдардың басында еліміздегі әрбір үшінші адам кедейшілік шегінде өмір сүрсе, бүгінде ол үш пайыздан да аспайды.
Бюджеттің қосымша табысы еліміздегі заманауи медицинаның дамуы мен бәсекеге қабілетті білім беруге бағытталды: 1995 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығын 29 есе, ал білімге жұмсалған шығын 30 есе артты.
Елімізде 25 жыл ішінде 1300 заманауи аурухана мен емхана, 600-ден астам мектепке дейінгі мекеме салынды. Олардағы қызмет көрсету сапасының артуының арқасында ана өлімі алты есеге, сәби өлімі үш есеге жуық төмендеді.
Туу біржарым есе өсті, ал бұл азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімінің көрсеткіші болып табылады.
Осы және көптеген басқа да шаралардың арқасында 25 жыл ішінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 68 жастан 72 жасқа ұзарды.
Қазақстанның халықаралық серіктестері мен инвесторлардың сеніміне ие болған тұрақты экономика, азаматтардың әл-ауқатының нақты өсімі –
бұл еліміз мақтануға әбден лайық маңызды жетістіктер.
Дегенмен, Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерейтойы – бұл біздің 25 жылдық жас тарихымыздың белестерінің бірі ғана.
Алдымызда Президент қойып отырған жаңа мақсаттар мен міндеттер бар, ол – Қазақстанның
әлемнің 30 дамыған елінің қатарына енуі
.
Бұл дамыған елдер клубына жоғары интеллектуалдық кадрларсыз, кәсіби мамандарсыз, заман тынысына сай кең ауқымда ойлайтын адамдарсыз ену мүмкін емес.
Бұл мәселеге де Мемлекет басшысы әрдайым айрықша назар аударып келді және аудара да береді.
Қазақстандықтардың алдыңғы қатарлы жаңа ұрпағын тәрбиелеу, Қазақстанның болашақтағы дамуын бәсекеге қабілетті адам капиталымен қамтамасыз ету, Мемлекет басшысы алға қойып отырған стратегиялық міндеттердің бірі, міне, осылар.
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде бұл бағытта көптеген іс тындырылды:
2000 жаңа білім беру нысаны салынды, жаңалары салыну үстінде. Бүгінде елімізде
7 мыңнан астам күндізгі білім беретін мектеп бар, оларда
2,7 млн оқушы білім алуда. Қазақстанның барлық жерінде Назарбаев интеллектуалдық мектептері ашылған, оларға оқу мен тәрбиенің жаңа да озық үдерісі енгізілген.
2017 жылдан бастап Президенттің тапсырмасымен «Баршаға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы жүзеге асырылады, бұл бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуға жол ашпақ.
Жоғары білімді кадр дайындаудың үш сатылы моделіне көшу іске асырылды: бакалавриат – магистратура – докторантура. Ал біздің жоғары оқу орындарының әлемдік жетекші университеттердің рейтингіне енуі елдегі білім берудің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Бүгінгі күні еліміздегі білім беретін
131 жоғары оқу орны 25 жыл ішінде 2,7 млн кадр дайындап шығарды.
Біздің еліміздің болашақ интеллектуалдық элитасын қалыптастыру үшін құрылған
халықаралық деңгейдегі айтулы жоғары оқу орны – Назарбаев Университеттен бүгінгі күні 3000 жас білім алуда.
Тәуелсіздіктің ақ таңында қаржылық қиындықтар барынша белең алған кезеңде ел Президенті тағайындаған
«Болашақ» халықаралық бағдарламасы әлемдік жетекші оқу орындарында білім алған маман дайындаудағы нағыз серпінді қадам болды. Бағдарлама жұмыс істеген мерзім ішінде «Болашақ» стипендиясына 12 мыңнан астам қазақстандық ие болды, олар әлемнің 33 еліндегі 200 үздік жоғары оқу орнында мемлекет есебінен білім алды және білім алуды жалғастыруда. Жалпы алғанда, көптеген жастар Қазақстаннан тыс жерлерде білім алды.
Білім алудағы барлық жетістік және салынған инвестиция білімді адам
дардың жаңа тұрақты табын, қазақстандықтардың жаңа ұрпағын қалыптастырды.
Осының барлығы Мемлекет басшысының қазақстандық интеллектуалдық ұлтты қалыптастырудағы көрегендігінің іс жүзіне асуы болып табылады.
Бүгінде біз әлем экономикасындағы түбегейлі өзгерістер кезеңінде өмір сүрудеміз, тәуелсіз Қазақстан да оның ажырамас бір бөлігі болып табылады. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеген даму үлгісінің арқасында біз көптеген жетістіктерге жеттік және даму үстіндегі бейбіт елде өмір сүрудеміз!
Қазақстан жаңа жетістіктер мен асуларға ұмтылуда, ал қазақстандықтар өз елімен мақтанады, өз болашағына сенеді, өз Көшбасшысы – Президент Н.Ә.Назарбаевқа сенеді!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құтты болсын!
Қуандық БИШІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы