21 Қыркүйек, 2011

Атақты режиссер Ким Ки-Дук

663 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Еуразия-2011» кинофестивалінде қазылар алқасына төрелік етеді «Еуразия-2011» халықаралық кинофестива­лі­нің басты жаңалығының бірі – қазылар алқасын оңтүстіккореялық, аты әлемге мәшһүр кино шебері Ким Ки-Дук басқармақ. Ал «Еуразия» кинофестивалінің арғы-бергі та­рихын ақтарсақ, 2005 жылы осы фестивальдің «Шығыс» ретроспективалық фильмдер бағдар­ла­ма­сының аясында оның «Арал», «Жаман жігіт», «Көктем, жаз, күз, қыс... және тағы да көктем», «Қаңыраған үй» атты картиналарын тамашалаған екенбіз. Енді биыл Алматыда жетінші рет ұйымдас­ты­рылып отырған халықаралық кинофестивальдің «Ерекше көзқарас» бағдарламасы аясында Ким Ки-Дуктың «Ариранг» атты жаңа фильмі көр­се­тілетін болады. Әлемдік кино айдынынан оңтүстіккореялық режиссер өз орнын баяғыда-ақ ойып алған. Картина кімнің режиссурасы екенін көзі қарақты көрермен бірден-ақ байқайды. Біздің оқырмандар үшін оның өмірінің бей­мәлім беттерін былай суреттеуге болады. Ол ата-анасының үгіттеуімен барған Сеулдегі ауыл­ша­руа­шылық мектебін бітірмей жатып-ақ, теңізде әс­кери қызмет атқаруға бел буады. Осыдан кейін оның өмірі 180 градусқа өзгеріп, бейнелеу өнеріне әуес­теніп, Парижден бір-ақ шығады. Араға азда­ған уақыт салып, кинотеатрларды әбден адақтап шық­қан жігіт режиссер болуға бел байлап, Сеулге қайта оралады. Оның ең алғашқы, яғни 1996 жылы түсірген картинасы «Қолтырауын» деп аталған. Сценарийін өзі жазған Ким Ки-Дук бұл жұмысын «Қарама-қайшылықты және сирек» киноманифест ретінде бағалаған. Расында да, «қарама-қайшылықты және сирек» делінетін анықтауыш режиссердің стиліне айныт­пай берілген баға деп біліңіз. Оның 2000 жылы экранға жол тартқан «Арал» картинасынан бастап, бүгінгі «Ариранг» фильміне дейінгі жолын алып қарасақ, сирек, анығырағы, ілу­де бір кездесетін киношығармалар екенін аңғарасыз. Мәселен, оның Арал туралы кадрлары ғажайып табиғат сұлулығымен қатар, адамның ішек-қарнын қармақ ілмегімен тілгілеп жатқандай әсер қалды­ра­ды. Таңның атысы мен күннің батуы, шулаған тол­қындар мен кейіпкерлердің үнсіздігі қарсы соқ­қан жел сияқты көрерменді екіұдай сезімге бөлемек. Фильм бір мезетте кәдімгі адамның физиоло­гия­лық тәнін де, жанын да бір тылсым әлемге жетелейді. Режиссердің «Жаман жігіт», «Мекен-жа­йы белгісіз», «Нақты ойдан шығарылған», «Жаға­жай күзеті» картиналары жоғарыдағы идеяны ақ­тап жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен, режис­сердің зорлықшыл картиналарындағы киношиеленістер өмірден алынған көкейкестілігімен, ащы ақиқатымен де дараланады. Алайда, режиссердің 2003 жылы экранға шық­­қан «Көктем, жаз, күз, қыс... және тағы да көктем» фильмі қаталдықтан бас тартқан, әлеуметтік мәсе­лелерден аулақ, буддистік философияға құрылған, таза мифтік картина. Бұл фильмде режиссердің ырғағы мүлде өзгергенін аңғару қиын емес. Көк­тем шығады, артынан жаз келеді, ұзамай күз бо­лып, сосын қыс түседі. Жыл маусымдары ауысып, шуағын төккен күнді бұлтты жаңбыр алмас­ты­ра­ды. Өмір де солай, бала туылады, есейіп, ересек тар­тып, шалға айналады. Оның орнын ұрпағы ба­сып, дүниеге тағы да сәби келе бермек... Кине­ма­тографиялық «өмір өзгерістері» осылайша адамды мынау шет-шегі қайда екені белгісіз тіршіліктің мәніне үңілуге шақырады. Режиссердің рухани әлемі басқаша салтанат құра бастағанын «Қаңыраған үй» картинасынан да байқауға болар еді. Бұл тек махаббат қана адам­дарды мынау бейдауа, материалдық әлемнен ада етіп, тән ләззатынан гөрі, жан рахаты жоғары екенін айтатын жұмыс. Ким Ки-Дуктың мінезді және көп қырлы об­раздары оның түпкі ойын біртіндеп жетілдіре береді. Мәселен, жоғарыда айтқан «Қаңыраған үй» картинасындағы кәдімгі пәтердегі материалдық әлем бөлек сипат ала бастайды. Айналар, фотолар мен көпірлер, өзендер басқа субстанцияға көшіп, режиссер қайықтары мен садағын, тағы басқасын біртіндеп жалған дүниенің тұрмыстық метафо­ра­сына айналдырады. Камера да режиссердің қолындағы қылқалам се­кілді. Ендігі «Ариранг» фильмінде Ким Ки-Дук не айтпақшы? Айтқандай, бұл фильм биыл Канн кинофестивалінің де «Ерекше көзқарас» бағдар­ла­масының аясында бас жүлдені жеңіп алған екен. Бір айта кететін жайт, картинаның режиссері де, сценарийін жазған да, операторы мен суретшісі де, тіпті жалғыз кейіпкері де – Ким Ки-Дуктың өзі. Өнертанушылардың айтуынша, осы фильмді түсіру үшін режиссер үш жылға таудағы деревняға кетіп, өмірлік сауалдарға жауап іздеген көрінеді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретте: режиссер Ким Ки-Дук.