Бұрнағы күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Нью-Йоркте бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады еліміз СІМ-інің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Африка жөніндегі Арнайы кеңесшісі, онша дамымаған және дамушы, шағын аралды және теңізге шықпайтын мемлекеттер жөніндегі Жоғарғы өкілі С.Диарра Шейкпен кездесу өткізді. Әңгіме барысында тараптар 2013 жылы 10 жыл толатын көлік және транзит саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Алматы жобасының орындалу үдерісіне қанағаттанатындықтарын білдірді және 2012 жылы Қазақстанда теңізге шықпайтын мемлекеттердің сауда мәселелері бойынша әрекеттесу жөнінде жоғары деңгейде министрлік кездесуін дайындау жұмыстары жайында ой бөлісті.
Е.Қазыхановтың ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлымен кездесуінде ИЫҰ-ны жаңғыртудағы бірлескен тиімді жұмыстар құпталып, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы Нью-Йорктегі кездесуінде қаралатын мәселелер сөз болды. Палестина, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы ахуал мен Африканың ашаршылыққа ұшыраған елдерінің мәселелері қарастырылды. Бұл мәселелер Қазақстанның төрағалығымен өткен ИЫҰ Атқарушы комитетіне мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде де назарда болған еді.
ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен кездесуінде отандық СІМ басшысы жиырма бес жыл жүргізіліп келе жатқан сәтті ынтымақтастыққа қанағат білдіріп, алдағы уақыттағы қарым-қатынастың үлкен әлеуетін атап өтті. Ол И.Боковаға Қазақстанның ЮНЕСКО шеңберіндегі бастамаларына қолдау көрсетіп келе жатқанына ризашылығын жеткізді. Министр, сондай-ақ 2012-2022 жылдардағы Халықаралық мәдениеттің 10 жылдығына арналған қазақстандық қарар жобасына қолдау болатынына сенім білдірді.
Сол күні Е.Қазыханов Индонезия, Шри-Ланка, Грекия, Италия, Мысыр елдерінің сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен кездесу өткізді.