1 қыркүйекте ашылған Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев төрт блок бойынша заңнамаларды қабылдауды айқындап берді. Елбасы соның үшінші блогындағы әлеуметтік жаңғырту үдерісін заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету бөлігіне ерекше ден қойды. Тарқатып айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету мәселелерін халықаралық стандарттарға сай ету мәселесін қозғады. Ең алдымен, көкейге «Білім беру туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі оралатыны да сондықтан. Ал бұл заңдық құжат құқықтық негіздің аясын айқындап беруі тиіс.
Қазір аталған заң жобасы Сенатта қаралуда. Мәселе тек мектептерді салуда ғана емес, балалардың мектепке дейінгі тәрбиесін, білім сапасын арттыру сияқты мемлекет пен жекенің әріптестігін нығайту қажет. Менің ойымша, Мемлекет басшысы көтерген басымдықтар негізінен алғанда заң жобасында көрініс тапқан. Білім беру саласын жетілдіру, басқару, оқу құралдарын әзірлеу, мұғалімдерге әлеуметтік пакеттер дайындау – бәрі-бәрі бар. Тек мұғалімдердің еңбегін оның нәтижелі жұмыс атқаруымен байланыстыру орынды болмақ. Педагогтардың еңбегі оның табысты жұмысымен өлшенуі тиіс.
Осы ретте жас педагогтар мен дәрігерлердің әлеуметтік жағынан қорғалуы қажеттігін атап кеткен орынды. Еңбек кодексі жобасы бойынша қазір Мәжілісте жұмыс жүргізілуде. Еңбек ұжымдарындағы жағдайдың айтарлықтай өзгерістерге ұшырауына байланысты заңға көптеген өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, вахталық жұмыскерлер, еңбек мигранттары мәселелері және өзге де көптеген проблемалардың шешімі заң жобасында көрініс табуы тиіс.
Светлана ФЕРХО, Мәжіліс депутаты.